Дана қазақ «Жақсылардың үлгісі жанып тұрған шамдай» дейді және «Жақсы келді дегенше, жарық келді десеңші! Жақсылықтың уытын, алып келді десеңші» деп осыған қызығушылығыңды одан бетер арттыратыны тағы бар.
Тауып айтылған сөз. Әп-сәтте ішкі дүние әлемің сәулеленіп, еңсең биіктейді. Әсіресе, халықтың қалаулысы, елінің елеулісі Күләш Рақымжанова апамыз туралы әңгіме болса, соны жадымызда қалдыруға тырысамыз.
Еліміздің ән-жыр әлемінде халқымыздың маңдайына біткен талантты әнші аруларымыз аз емес. Қазақтың дархан даласында өнерпаз, дарынды перзенттер легі де баршылық. Халқымыздың жаны мен даласы күй мен әнге бай. Өнер құдіреті – әркімге берілмес өмір өлшемі. Өнер адамды өрге сүйрейді. Өнерлі жан – өресі биік тұлға. Енді осындай өнердің шыңына шығып, шеберлік үлгісін таныта білген Күләш Сәбікенқызының өнер жолына келейік.
Күләш Рақымжанова Ақмола облысының жасыл қарағайлар көмкерген зерделі Зеренді өңіріндегі Кеңөткел ауылында, үш бірдей асыл бабамыздың кіндік қаны тамған киелі жерде 1949 жылдың мамыр айының 9 жұлдызында дүниеге келген. Ауылдағы бастауыш мектепті, Қошқарбай ауылындағы сегізжылдық мектепті аяқтаған соң, оқуын Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 қазақ орта мектебінде жалғастырып, 1967 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтына сырттай оқуға түседі. Ал, өзі Қошқарбай мектебіне мұғалім болып орналасады.
Күләш апамыздың атасы Мұғжан сонау қиын кезеңде ел-жұртының жанашыры әрі ақылшысы, халқын айрандай ұйытып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алатын ауыл басшысы, шертпе күйдің шебері болған деседі. Әкесі Сәбікен кітап оқуға жаны құмар, өлең-жырға жақын жан еді. Апамыз студент кезінде Кеңөткел ауылына фольклорлық практикаға келгенде Сәбікен атамыз өнер құндылықтарын ұсынуымен қатар, арасында қолма-қол жыр шумақтарын суырып салуымен де тәнті ететін. Ауылда мал шаруашылығы саласында нәтижелі еңбек ете жүріп, 10 бала тәрбиелеген әкенің ғұмыр жолы да, «Батыр ана» атанған анасының өмірі де ата-бабамыздан қалған игі қадір-қасиеттермен өрбігені аян.
Ата жолын қуған қыздары Күләш та жас кезінен айтыс өнеріне қызығушылық танытып, тәуекелге бет бұрып, өн бойына дарыған қасиетті жандандыра түсуді қолға алады. Алғаш айтыс өнерінде бағын сынап көрмек ниетте, 1970 жылы облыс көлемінде көптен ұмыт болған алғашқы айтыс додасына шығып, жүлделі 3-ші орынды иеленеді. Осылай өнері өрге жүзген апамыз осы күні де талапшыл, өзі меңгерген дүниені өзгеге үйретуден шаршамайтын, мәдениет пен білім саласында бірдей із қалдырып келе жатқан кәсіби маман. 1977-1990 жылдар аралығында Зеренді ауданындағы «Подлесный» совхозында Мәдениет үйінің басшысы лауазымымен қатар, жергілікті орта мектепте қосымша қазақ тілінен ұстаздық қызметін қатар алып жүреді. Әріптестерінің арасында ерекше құрметке ие жан өзінің еңбек жолын 1990-1991 жылдар аралығында аудандық Мәдениет үйінің басшысы болып жалғастырып, кейін аудан басшылығының ұйғарымымен аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарды. 2002 жылдан 2005 жылға дейін аудандық білім бөлімінің әдіскерлік бөлімшесіне басшылық жасады. Жабылып қалған балалар шығармашылық үйін қайтадан ашу жоспарына сәйкес аудан әкімшілігінің тапсырмасымен 2005 жылы Күләш Сәбікенқызы осы мекеменің директоры қызметіне тағайындалды. 1990 жылдардағы мәдениет ошақтарын біріктіруге, қаржы тапшылығына байланысты Үкіметтің қабылдаған қаулысына сәйкес еңбек ете жүріп, бюджеттегі ауылдық мәдениет үйлерін жабылып қалудан сақтап қалған тұлғалардың бірегейі екендігін мақтанышпен сөз ете аламыз. Зейнеткерлік демалысқа шықса да, Күләш Сәбікенқызы 2007-2009 жылдары директордың орынбасары қызметін атқарып, бюджет тапшылығынан жабылып қалу қаупі туындаған аудандық газетті сақтау мақсатында «Зерен» газетінің ұйымдастырылып, шығуына белсенді атсалысып, 2009 жылға дейін баспасөз беттерінде мақалалар жариялап, жастарға үлгі-өнеге бола білді.
Зейнет жасында болса да, Күләш апамыз 2012 жылы басшылардың ұйғарымымен аудандық Достық үйінің жауапты хатшысы болып, сонымен бірге, аудандық Аналар кеңесінің жұмысымен айналысып жүрген кезінде көпбалалы аналар тілегінің орындалуына атсалысып, біршама жобалардың жүзеге асырылуына себепкер бола білді. 2018 жылы облыстық Аналар Кеңесін басқарды, 2018 жылы қарттар айлығына байланысты республикалық шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен Алматыда дәстүрлі «Өнерлі елдің өресі биік» атты ата-әжелер байқауына өзі шығарған «Зерендім» әнімен қатысып, жүлделі 1-ші орынға ие болып, дипломмен марапатталды.
Күләш апайымыз 2022 жылы Астана қаласына қоныс аударып, бала-шаға, немерелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешуде. Мағыналы өмір жолымен келе жатқан аяулы апамыз 75 жасқа толды. Күләш апамыз бүгінде қажылыққа барып, қажы атанып, әулет анасы, ұрпағының ұйытқысы болып отыр. Жауапты қызметтерді ойдағыдай атқара жүріп, отбасын құрған анамыз 4 бала тәрбиелеп, өсірді. Бүгінгі таңда перзенттері ержетіп, өмірден өз орындарын тауып, ел игілігі үшін еңбек етіп, әріптестері мен қоғамның құрметіне бөленуде.
Ел ардақтысы өзінің жүрекжарды лебізіне толы 30-ға тарта ән шығарып, туындылары тыңдармандарына жол тартқан. Апамыздың көптеген жылдар бойы жинақталған өлеңдері, басқа шығармалары кітап болып жарық көрді. 2005 жылы «Өмір-өзен» поэзия жинағы, 2012 жылы «Зерендім – алтын бесігім» проза, поэзия жинақтары шықты. 2015 жылы «Әнім сенсің туған жер» атты өз ауылының 1929 жылдан басталған жылнамасы туралы деректі кітабы, 2019 жылы «Қасірет» тақырыбымен шыққан АЛЖИР лагерінің деректері мен ауданымыздағы еңбек майталмандарының өмірі туралы қолда бар аудан, облыс мұрағаттарынан алынған мәліметтерден құралған көлемді кітабы да тарихи туынды.
Күләш Сәбікенқызы сынды өз мамандығына бар жан-тәнімен берілген жандарға мейлінше қолдау көрсетіп, қолда бар алтындарымыздың қадіріне жете білуіміз қажет. Нәзік жанды болғанына қарамастан, өзіне жүктелген жауапты қызметті асқан кәсібилікпен атқарып қана қоймай, отбасы мен жақын ағайындары, дос-жарандарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, татулық пен береке-бірліктің ұйытқысы болып отырған Зеренді ауданының құрметті азаматы, ҚР Мәдениет майталманы, еңбек ардагері, ақын-сазгер, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалінің иегері Күләш Сәбікенқызын өмір ағымының айтулы белесіне шығуымен шын жүрегімнен құттықтап, басына амандық, отбасына бақыт пен береке, шығармашылығына толағай табыстар тілеймін!
Саясы жоқ бәйтерек,
Саздауға біткен талмен тең.
Күләш апамыз бар болса,
Алдыңда сары белмен тең, – дей келе, апамыз жүз жасасын демекпін.
Бақшагүл МҰХАМЕТЖАНОВА,
Кеңөткел ауылдық кітапханасының кітапханашысы.
Зеренді ауданы.