Адамзат үшін ең қымбат та асыл жандар – ата-ананың ұрпағын жақсылыққа, әдептілікке, ізгілікке тәрбиелеудегі еңбегі ұшаң-теңіз. Ендеше, тіршіліктің қайнар көзі, мейірімділіктің кәусар бұлағы әке мен ананы ардақ тұту – әр баланың перзенттік басты борышы.
Өкінбе, әке, отың бар сөнбейтұғын,
Ол мәңгілік жанады көрмей тыным.
Ұрпағың бар, ел менен ер намысын,
Тірі тұрса, қолынан бермейтұғын, –
деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырлағанындай, бүгінгі әңгімеміз ғасыр құрдасы, ұлағатты ұстаз Нәскен Әлібеков жайлы болмақ. Ғибратты ғұмырышежіреге толы Нәскен ағай зергер зерлеген Зерендінің табиғаты көркем Қарашілік ауылының тумасы. Ал, көне тарихқа көз жүгіртсек, Байқошқар бабамыздың Олжай ұрпағының ата қонысы саналатын бұл ауыл кезінде атақ-даңқы Көкшеге кеңінен тараған колхоз болатын.
Құлабие тауы мен Қарасу өзенінің аралығындағы орман-тоғайлы алқапқа қоныстанып, қазақ ауылдарының басын біріктірген бұл шаруашылықты Ленин орденінің иегері, елге танымал, аузы дуалы іскер азамат Молдабек Мақышев басқарды. Колхоздың дәулетін шалқытқан әлеуметтік нысандармен бірге, жергілікті мектепті ауыл азаматтары өз күштерімен салыпты. Жетпісінші жылға дейін орта мектеп дәрежесінде болған білім ордасында Щучье және Зеренді аудандарындағы Кіндікқарағай, Обалы, Түлкілі, Қарабұлақ, Жамбыл, Қызылқайнар, Крупское, Қараөткел, Үлгілі, Қарсақ, Кеңөткел, Қошқарбай, Өндіріс ауылдарының ұл-қыздарымен бірге мен де оқыдым.
Шеттен келген балалар интернатты паналаса, мен әрі ұстазым, әрі жиен ағам Нәскеннің үйінде тұрып, қолында тәрбиелендім. Оған себеп, ағайдың анасы Жәміш менің Қажи әкемнің қарындасы болатын. Міне, осылай Әлібек жездеммен Жәміш апамнан ұлылықты, Нәскен ұстазым мен Қайнижамал тәтемнен ізгілікті санама сіңіріп, қарашаңырақтың бір перзентіндей емін-еркін өстім.Жездем мен апам өте шаруақор жандар болатын. Биесін жегіп, ауыл манындағы қалың ағаштың қойнауындағы шөпті қол шалғымен шауып әкелетін. Қариялардан өнеге алған біздің де қолымыздан күрек пен сыпырғыш түспейтін.
Оқу-ағарту ісінің үздігі, Ленин орденінің иегері ҚайбарТоққожин жетекшілік еткен білім шаңырағында өзісінің нарқасқа білгірлері – тәжірибелі мұғалімдер еңбек етті. Шәкірттерінің жүрегін жаулап алған соң аяулы ұстаздарым Назымбек Әбділманов, Көкі Әбутәліпов, Есентемір Қазиақпаров, Шәмшия Қазиақпарова, Айдарбек Сейдахметов, Қаппас Нұрмағанбетовпен бірге, физика-математика пәнінің мұғалімі Нәскен Әлібековтіңболғанын қалайша мақтан етпеске.
Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған Нәскен ағай осыдан бір ғасыр бұрын, 1924 жылы 20 наурызда Қарашілік ауылында туып, жастайынан қазақ даласындағы қилы кезеңдерді бастан кешіріп, сұрқия заманның қиындықтарына мойымастан, шыңдалып өсті. Ұстаз болуды мақсат еткен зеректе өршіл өрен білім саласындағы алғашқы еңбек қадамын Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келген 1941 жылы туған ауылында бастады. Қарашілік сегізжылдық мектебінің бастауыш сынып оқушыларына арифметика пәнінен дәрісберсе, кейін 1971-1983 жылдары 6-9 сыныптарда алгебра, геометрия, физика пәндерінің мұғалімі болып, абыройлы қызмет атқарды. Алға қойған мақсатына жетіп, кәсіби біліктілігін жетілдіру үшін Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика факультетінде оқып, оны 1954 жылы ойдағыдай бітіріп шығады.
Ұрпақ санасына білім нәрін себелеп, оларды ізгілікке тәрбиелеу жолындағы қажырлы еңбегі үшін Нәскен Әлібеков «Еңбек ардагері», «1941-1945 жылдарғы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 50 жылдығы» медальдарымен марапатталды. Өз пайымдауымша, ұлағатты ұстазымның білім саласына қосқан ұлан-ғайыр үлесі мен маңдай терінің өтеуі шәкірттерінің шынайы құрметі деп білемін. Сол себепті де, осы бір асыл жанның жарқын бейнесіне тағзым ете отырып, отбасылық дәстүрді сеніммен жалғастырып жүрген ұрпақтары жайлы да жылы пікір білдіргім келеді. Аяулы жеңгем Қайнижамал Бегалина екеуінен өсіп-өнген 3 ұл, 4 қыздан бүгінгі таңда 15 немере, 31 шөбере, 3 шөпшек қанат жайып отыр.
Целиноград ауыл шаруашылығы институтының түлегі, менімен тетелес өскен Майдан інім кезінде инженер, совхоз директоры болып істеді. Өкініштісі, асыл азамат өмірден ерте кетті. «Орнында бар оңалар» дегендейін, артында қалған үш перзенті Бауыржан, Қайыржан, Болат инженер-механик, заңгер мамандықтарының білікті мамандары атанды. Ал, Сайран жайлы айтар болсам, ол Қарағанды кооператив институты мен СССР ІІМ-нің академиясын тәмамдаған іскер де, алғыр азамат. Тәуелсіз Қазақстанда жаңадан құрылған құқық қорғау құрылымы – Көкшетау облысы бойынша тергеу комитетін басқарған ол биыл ердің жасы 75-ке толды. Полковник дәрежесінде зейнеткерлікке шыққан Сайран жиенімнің Сәбира Зекенқызымен шаңырақ көтергеніне де елу жыл болыпты. Қарашілік пен Көкшетауда бастау алған сыйластығымыз күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан қос бауырыма тек қана ізгілік тілеймін. Көздерінің қарашығындайқос перзенті Нұржан экономист, Гүлжан су шаруашылығы саласында, ал, немересі Әлжан бағдарламашы болып істеп жүр. Ұлдың кенжесі, техника қауіпсіздігі саласының инженері Нұрланның ұлдары Жасұлан мен Бекпан да жоғары білімді қаржыгер-кеденші.
Сүйкімді мінездерімен Әлібековтер әулетінің мәртебесін өсіре білген қыздары Рая, Ботагөз, Раушан, Қымбат медицина,білім, сауда, қаржы саласында мінсіз қызмет атқарып, абыройға бөлене білді. Ұлағатты аналарының мейірім құшағына бөленген перзенттері Нұргүл – экономист, Ләззат – дизайнер, Зәуре – қаржыгер, Асқардың мамандығы инженер, Алмас болса Көкшетау университетін бітіріп, «Қазтелерадио» мекемесінде абыройлы қызмет істесе, Сәкен немересі Мәлік Ғабдуллин атындағы төтенше жағдайлар академиясының инженері, Раушанның ұлы Теміржан Астанадағы Назарбаев университетін бітіріп, экономист мамандығын меңгерсе, Қымбаттың ұлы Арлан Қотыркөл ауыл шаруашылығы колледжінің түлегі, орманшы, Ризагүлі шетел тілінің білікті маманы.
Ұстаз бақыты тәлімді шәкірт десек, Нәскен ағай осы жағынан да жолы болған жан. Қарашілік орта мектебінде қызмет істеген қырық бір жылдың ішінде дәріс алған шәкірттерінің өзі де самайларын қырау шалған ел ағалары атанып отыр. Қазақ әдебиеті мен журналистикасына елеулі үлес қосып, оқырманның көзайымына айналған белгілі қаламгерлер Мағира Қожахметова, Қорғанбек Аманжол, Қапез Қожахметов, жоғары санаттағы дәрігерлер А.Молдабекова, Г.Әбділманова бүгіндері өздерінің туған елі –Қарашіліктің абыройын асқақтатып жүр. Өнегелі істерімен ел мерейін өсіріп жүрген басқа да шәкірттерін Қазақстанның әр түкпірінен кездестіруге болады.
Алып бәйтеректейтамыр жайған киелі қара шаңырақтың темірқазығы, ұлағатты ұстаз, ардақты әке Нәскен Әлібековтің туғанына 100 жыл толуына орай ұрпақтары 9 маусымда асбермекші екен. Ұл-қыздарымен бірге мен де тәлімгерімнің рухы алдында басымды иіп, Әлібектовтер әулетіне ізгілік, татулық тілеймін.
Әндеш ҚҰРМАНБАЕВ,
салық қызметі мен ауыл шаруашылығы саласының ардагері.