Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен Көкшетау қаласындағы «Қоғамдық келісім» үйінің алаңында түркі жазбалары күндеріне арналған «РУНА ЖАЗУЛАРЫ» фестивалі өткізілді. Шара өңірдегі түркі халықтарының басын біріктіріп, ұлтаралық ынтымақтастық пен бірлікті күшейту, достық қарым-қатынас пен өзара келісімді нығайту мақсатында ұйымдастырылды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық 10-шы саммитінде «Біз бабалар өсиетін орындап, Түркі елдерінің ынтымағын нығайтып келеміз. Ендігі мақсат, өзара сенімге және бауырластыққа негізделген бірлігімізді сақтап, өскелең ұрпаққа табыстау. Түркі әлемі жаһандық ықпалы бар елдермен тең дәрежеде қарым-қатынас жасап отыр. Сондықтан, Түркі халықтарының ықпалдастығын арттыра түсу бәрімізге ортақ міндет», деп Түркі халықтарының бірлігін нығайтудың маңыздылығы жайында айтып өтті. Бүгінгі таңда елімізде жүргізіліп отырған сындарлы саясат түрлі этнос өкілдерінің тату-тәтті, ынтымақ пен бірлікте өмір сүруіне ықпал жасауда. Түбі бір түркі халқының тарихы, мәдениеті, әдебиеті, ғұрпы ортақ, тілдері ұқсас. Орасан зор кеңістікті игере білген түркілер, ұлан-ғайыр далада көшпелі және отырықшы мәдениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылым және әлемдік сауданың орталарына айналған орта ғасырлық қалалардың гүлденуіне жол ашты, – деді өзінің құттықтау сөзінде облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алин.
Сонымен қатар, фестиваль аясында қазақстандық жазушы, журналист, қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев «Қазақ руханияты мен әлемдік мәдениетте орны бар «Руна» жазулары көне тарихымыз бен мәдениетіміздің түп төркіні екенін айтуға тиіспіз. Өздеріңіз білесіздер, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіне көне Күлтегін жазуының көшірмесі әкелінді. Бұл біздің тарихымыздың, жазуымыздың әріде жатқанын көрсетеді. Қазіргі уақытта сол жазуларымыздың бәрін біріктіретін біздің мемлекеттік қазақ тілі екенін бәрімізде мойындап отырмыз. Сондықтан, қазақ тілі арқылы бүкіл Қазақстанды мекендеп отырған ұлттар мен этностардың мәдениетін біріктіру саясаты жүріп жатыр», – деп атап өтті. Әрмен қарай, «Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің профессоры Сәбит Жәмбек, «Санги-Кабуд» тәжік ұлттық-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Омар Шоназаров, «Ақмола облысының Орыс қауымы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының жанындағы Аналар кеңесінің мүшесі Н.В.Замолоцких сөз сөйлеп, жиналған қауымды атаулы мерекемен құттықтады. Бұл ретте, тарихшы, ғалым Сәбит Жәмбек көне жазуымыздың сан ғасырлық тарихынан деректер келтіріп, баяндама жасады.
– Әлемде көптеген әліпбилер бар. Финикия, Арамей, Манихей, Ұйғыр, Арап, Латын, Кирилл жазулары тарихтан орын алса, соның бірі біздің санамыздан, рухымыздан өшпей келе жатқан, бүгін міне, мерекелеп отырған Руна жазулары. Бабалар жазуы, көне түркі жазуы деп есептелетін Руна әліпбиінің тарихы тым тереңде жатыр. Тарих беттерін ақтарып көрсек, Руна жазуларына көптеген шабуылдар болды. Әсіресе, Ұйғыр мен Қырғыз қағанаты кезінде Манихей деген жазу шықты. Манихей әліпбиі біздің жазуымызды санамыздан біраз ығыстырды. Кейін Араб-Ислам дәуірі басталған кезде де, Руна жазуларының халы мүшкіл болды. Бірақ, Тәңір жарылқап, біздің ғалымдар он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында Түркология деген ғылымды айналымға енгізді. Түркі жазуларының айдай әлемге сыры ашылды. Европа ғалымдары көпке дейін Түркі жазуларын көне германдықтар мен скандинавтықтардың, Фин-угор халықтарының тілдері деп ойлады. Алайда, заман өте келе, белгілі ғалым, профессор В.Томсен 1893 жылы ең алғаш «тәңір» және «түркі» деген сөздің кілтін ашты. Және де, В.В.Радлов сияқты ғұлама Орхон-Енисей бойынан жазылған жазуды көркем поэтикалық дастан деп тапты. Соның толық аудармасын да жасады. Осылайша, әлемде Түркология деген ғылым пайда болды. Түркі жазулары туралы мәлімет, ұғым қалыптасты. Ашығырақ айтсақ, Түркі жазуларының сілемі осы Орхон-Енисей жазбаларынан бастау алады. Ал, сонау Германия, Англия, Саксон, Европаға Атилланың кезінде Ғұндар апарған герман, скандинав жазулары деп жүргеніміз осы Түркі-Руна жазулары. Руна деген сөздің мәні, Скандинав тілінде құпия дегенді білдіреді. Сондай-ақ, Рунада біздің рулық таңбаларымыз бар. Бүгінге дейін Оңтүстік Сібір, Алтай таулары мен Моңғолия аумағы және Жетісу, Талас бойынан 200-ге жуық сын тастарға жазылған баба жазуымыз сақталған. Бұл ғылымда әлі де зерттеледі. Сондықтан, Руна жазуының рухы, дәстүрі жалғаса береді, – дейді өз сөзінде ол.
Бұдан басқа, ашық аспан астында өткен фестивальдің сәнін келтірген қатысушылар, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының құрамағындағы қазақ, қырғыз, өзбек, әзірбайжан, татар және чуваш этномәдени бірлестіктері барша түркі халықтарына ортақ жазу – көне Руна жазуының элементтеріне тоқтала отырып, қала тұрғындары мен қонақтарының назарына өз ұлтының мәдениеті мен өнерін ұсынды.
Шарада мерекені өткізуге ат салысқан әрбір этномәдени бірлестіктің ұжымы облыс әкімі орынбасарының атынан Алғыс хаттармен марапатталып, фестиваль соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.