Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығармалар
…Қай шығарманы болмасын, соңғы бетін оқып, аяқтап, жапқаныңда әлдеқандай әсер үстінде боласың. Біреуі мұңға батырады, біреуі қуанышқа кенелтеді, енді бірі ауыр ойға жетелейді дегендей. Шығармашылығы бұрыннан таныс жазушы Мәди Айымбетовтың «Бопай ханым» («Фолиант» баспасы, 2021, Астана қ.) атты тарихи романын оқып біткенде тіл ұшына: «Тектілікті ту еткен сәулелі сөз екен!» деген сөз оралған. Кеудені ата-бабамыздың батырлығы мен мәрттігіне, әдептілігі мен шешендігіне деген сүйсініс кернеді. Бастарынан қилы-қилы тағдыр өтіп, тығырыққа тіреліп, қиындыққа кез келіп жатса да, қайран бабаларымыз ар жолынан аттамай, кісіліктен кетпей, сүйекке таңба түсірмей, асқақ қалпында өткен-ау, шіркін?!.
Кітап анықтамасында айтылғанындай, романның басты көркемдік қағидасы – төл тарихымыздың қалтарысында күні бүгінге дейін бұрмаланып келген шындық пен ақиқатты көрсету. Дәлірек айтқанда, Әбілқайыр ханды алғаш Ресейге бодан болып кіруге қол қойған тұлға ретінде танудың жалған екендігін жеткізу. Міне, автор осы деректің шындыққа жанаспайтынын, сондай-ақ, олай айтылуының себебін келтіреді. Осы кітап шыққаннан кейін ол туралы архив деректері келтірілген мақалалар да оқығанбыз. Сөйтіп, жазушы қазақтың бас ханының ондай құжатқа қол қоймағандығын, оны орыс тіліне аударғанда Тевкелевтің өз қолымен өзгертіп жібергенін баяндайды. «Петр патша оған ауызба-ауыз мынадай тапсырма берген: қайткенде де, тіпті ақшалай қанша шығындансаң да, Ресей империясының қол астына бағынышты болып кіреміз деген бір параққа жазылып, мөрі басылған Әбілқайырдың хатын маған жеткізуге тиіссің!» (42-бетте). Осы әмірді орындау және генерал болу арманына жету үшін Сыртқы істер коллегиясының тілмашы, дипломат, полковник Құтмұхамбет Тәуекел-Тевкелев сондай құйтырқылыққа барған. Кітапта өр, батыр мінезді, шешімді, намысшыл Әбілқайырдың басқаға бодан болар ниеті де болмағаны, тілмаштың қашан, қалай қиянат жасағаны жан-жақты айтылады. «Орынборға келісімен Мұстафаның аудармасындағы хат мазмұнымен танысқан Тевкелев хан ордасы тарапынан боданға алу туралы өтініш білдіретін ыңғайдағы бірауыз да сөз жазылмағанын көріп, көңілі заматта құлазып қалды. Айлакер хан Әбілқайыр мұқияттап қолын қойып,әдемілеп мөрін басқан қағазда өздерінің башқұрттармен келісімде болуына орыс билігінің қолдау білдіруі мағынасында ғана жазыпты. Мұндай мазмұндағы хат патшайымның мақұлдауына ие болмасы анық еді. Ол дереу қалам алып, орысша мәтінінде хаттың соңғы түйінді сөйлемін былайша өзгертті: «…сол себепті біз, Әбілқайыр хан, Орта жәнеКіші жүздің қазағы, басымызды иіп мархабат ете отырып, сіздің қызметшіңіз болып табыламыз және барша қараша халықпен бірге өзіңіздің қорғаншылығыңызды тілеп, сіздің бодандығыңыздағы Оралдың арғы бетінде тұратын башқұрт халқымен ынтымақты өмір сүруге тигізер көмегіңізді күтеміз. Сізге барлық игілікті тілейміз және сіздің боданыңызда боламыз».
Міне, Әбілқайырдың сөзі осылай бұрмаланыпты. Өкінішке орай, қаншама жыл біз тарихтан осылай оқыдық, осылай түсіндік. Халқы, жұрты, жері үшін шайқасып, өмірін ат үстінде өткізген бас қолбасшы, хас батырды «осалдығы» үшін жазғырып келдік. Жазушы романында тарихтың осындай бұрмалануын жөнге келтіріп, әділін айтып, түзетіп отыр. Оның бұл еңбегі ерекше атауға тұрарлық.
Кітаптың тілі қазақтың сүрінбейтін, мүдірмейтін, кестелі көркем тілі. Көңіліңді шуақтандырар, бір-бірін әрлей түскен жүйелі де әсем сөз. Автордың кең жазира туған еліне, Отанына деген, оның әр бұтасы мен әр перзентіне деген сүйіспеншілігін, шексіз махаббатын сезінесің.Бопайдай бөбек те төрт ұлдан кейін сағынтып келген, жол-жөні бөлек бала. Атын әкесі ырымдап Мұхамбет пайғамбардың сүйікті қызы Бибәтиманың есімімен атаған. Жасында ерке, еркін өсіп, садақ атып, найза ұстап, тұлпарының үстінде желдей есіп, жауға шапса, бойында шыққан буынды салар, пәрша-паршасы шыққан сүйекті жымдастырар сынықшылығы, пәле-жәлесін қайтарар емшілік қасиеті де бар. Жорықта мертіккен Әбілқайыр сұлтанмен де таныс қылған сол қасиеті. Кейін хан бәйбішесі атанып, алғашқы ұлына аяғы ауыр болғанда арлан бөрінің жүрегіне жерік боларын қайтерсіз!.. Ардақтысынан айрылар алдында оның атының иесіз, ері бос күйінде келгенін түсінде көруіне қалай сенбессіз?
Бір қарағанда, мұндай оқиғалар қазақтың байырғы ертегі-аңыздарында көп айтылады. Алайда, сол аңыз-ертегілердің негізінде шындық жатқан жоқ па? Ал, сол шындық Бопайдай біртуар жандардың басында неге кездеспеске? Шотан батырдың жерге құлағын төсеп, іздеп жүріп алты құлаш тереңнен суы сарқылмас әрі тастай салқын шыңырау құдық қазуына қалай нанбайсыз? Тегін адам емес, аруақты батыр. Шөліркеп, қиналған халқына су іздеп жантәсілім, аласұрғанда жеті қат жер астындағы су сылдырын естісе, не айып? Сондай құдықтар дала төсінде әлі бар ғой. Қазағым ешқандай құрал, аспап жоқ кезде ай даладан құдық қазып, су шығарды ғой.
Ең бастысы, әсем сөзбен әспеттелген тартымды оқиғаларға елтіп отырып, айтылған әңгімелерге қалтқысыз сенесің, аңыздарға құлақ түріп, тамсанасың. Оның астарында жоғарыда айтқан автордың халқына деген ғажайып махаббаты тұрғандай.
Батырлардың бір-біріне деген сенімі, құрметі мен ізеті, аяққа бастырмас намыстары мен мәрттіктері риза қылады. Батырлықтың өзі үлкен ойдан, ақыл-санадан туады десек, ел қамын жеген сол ойдан туған олардың сөздері де салиқалы. Күншілік жерден ат үстінде қамшы сабына сүйеніп қалғып-мүлгіп келсе де әдептен озбайды-ау, азаматтар! Адай еліне күйеу Әбілқайыр ханмын деп кергімей, жолын сақтап, кейіндей отырады, килігіп, үлкендердің алдынан сөйлемейді!
Бөкенбай, Мырзатай, Жәнібек, Есет, Шотан сияқты батырлардың өрелері биік, істері ірі, сөздері кесек.
Ал, өнері озғандарға жылы лебіз білдіру, сый-сияпат көрсету тағы естен шықпайды. Қайран, есті халқым-ай, дейсің! Халқымыздың басынан өткен күрделі бір кезеңді қамтыған романды оқи отырып, қазақтың тот баспас асыл қалпын, дала жұртының асқақ мінезін, қонаққа кең, дұшпанға қарсы қайратын танып, жігерің тасиды.
Ел қамын жеген әке, ардақты ағалардың, дала заңының әлдиінде өскен ақылына көркі сай Бопай ханымның өсіп-жетілуі, мінез-құлқы шынайы суреттелген. Ойы жүйрік, сезімтал, көреген жан ешқашан асып-таспайды, Әбілқайырдың, кейін ұлы Нұралы ханның кеңесшісі болады. Орыс патшайымына пікірін жеткізер ықпалы, мұқалмаған беделі бар. Саясаттың салқын желінің қай бағытқа соғарын алдын ала аңғарарлық қабілетті ханым. Керек тұста, намысына от тиген кездерде бойындағы батырлығы лап етіп көрініп те отырады. Әбілқайыр ханды опасыздықпен өлтірткен Барақты жазалауы, кегін алуы бір бөлек әңгіме.
Қайран қалдырар тағы бір қызығы хан ордасында болған суретші Кэстльдің Әбілқайыр мен Бопай ханымның портреттерін салуы. Ол портреттер кітап мұқабасына басылған.
Эпилог орнына берілген бір ауыз уәжінде автор Қасым төренің қызы, Кенесарының қарындасы Бопай ханшаға осы есімнің берілуін атап өтеді. Көпшіліктің тарихтағы екі Бопай есімін де шатастырмай, біле жүруіне керек дерек.
Көп жүк арқалаған, ерекше жаңалығы бар, оқиғасы бірінен-бірі өрбіп, қызықтыра түсер, тілі жеңіл тарихи романның көлемі шағын ғана. Бұл – бүгінгі күн талабы. Осы шағын көлемге осыншама көп мәлімет, терең ой, әсем әсер сыйғызуы жазушының шеберлігі. Бұған шүбә жоқ.
Тектілікті ту еткен,сәулелі сөзбен өрілген, көзі ашық, көкірегі ояу, талғамды оқырманын елең еткізген шығарманың жоғары, әділ бағасын аларына сенімдіміз.
Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Өмірдерек: Серік Жетпісқалиев – Көкшетау қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Қалалық ақпараттық кітапхана жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Ақпарат саласының үздігі», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерінің иегері.