Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақтың ұлттық киімі бәрімізге де жарасады - АРҚА АЖАРЫ

Қазақтың ұлттық киімі бәрімізге де жарасады

Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының өнер әдебиеттері бөлімі өткен жылы «Болашақ» сарайымен бірлесіп, «Жастар киімі және сән» жобасын бастаған болатын. Сол жобаның аясында биыл Наурыз мейрамы қарсаңында «Жастар киімі ұлттық нақышта» деген тақырыпта жастардың өз күштерімен дайындаған, ұлттығымызды ұлықтайтын ұлттық киім фестивалі болып өтті.

Оған «Болашақ» сарайының ашылған сәтінен жұмысын дұрыс жолға қоюға зор еңбек сіңірген, Ақмола облысының білім саласының дамуына да үлес қосқан, облыстық мәслихаттың депутатыАйнагүл Балташева, Ақмола облыстық мәдениет басқармасының мәдениет ұйымдарының қызметін қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Жаңыл Әлтекова, «Ақай» сән үйінің негізін қалаушы және басшысы, көп балалы ардақты ана Ғалия Алдабергенова, дизайн магистрі, мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің шығармашылық және спорт кафедрасыныңлекторы Анар Әміржанова, дизайн магистрі, оқу орнының  шығармашылық және спорт кафедрасының лекторы Айым Кизатова, Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінің тәжірибесі мол, он саусағынан өнер тамған білікті ұстазы Гүлжазира Қабдразаққызы, «Болашақ» сарайының басшысы Самал Кабдөшева, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы сәндік-қолданбалы өнер шеберлері Одағының төрайымы, №2 мектеп-лицейінің, «Болашақ сарайының» ұстазы Гүлбара Нұрқанова, Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкерлері Салтанат Жүнісова, Дана Хамзина,  «Болашақ» сарайының жас дизайнері Ақбота Төрегелді және болашақ дизайнерлер, студенттер, БАҚ қызметкерлері қатысты.

Халқымыздың ұлттық киімдері – заманауи тарихпен қатар дамып, біте қайнасып келе жатқан асыл қазынамыз. Сонау көшпелі кезеңдерден күні бүгінге дейін қол өнерінің озық үлгісі ретінде ғана емес, көз тартар әсемдігі мен ыңғайлылығының арқасында қолданыстан қалмай келе жатқан киімдеріміз де жетерлік.

Елімізде ұлттық киімдерді киюге деген қызығушылық артып келе жатыр. Заманға, мода тендеріне сай европаның үлгісімен тігілген киімдерге жақсы әшекейлер салып тігілген киімдерді әрбір жас қыздар да, әйелдер де кие береді.Сән әлемінде ұлттың рухын оятып, ұлттық нақышты өрнектеп, насихаттап жүрген жандар аз емес. Соның ішінде фестиваль қатысушыларын да ұлттың жанашырлары деуге толық негіз бар, себебі олардың талпынысы, күш-жігері соны білдіріп тұрды.

Бүгінгі таңда елімізді танытатын, әлемге паш ететін өнердің бір түрі – біздің ұлттық сәнді киімдеріміз. Биыл 15наурызда Атырауда ІІІҰлттық құрылтай өткен болатын. Сол жерде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлттық құндылықтарымызға тоқталып, қазақ ұлтын ұлттық киімдерімізден танимыз деп ерекше атап өткен болатын. Ұлттық нақыштағы өзіміздің киімдерімізді қазіргі қоғамның, дәуірдің, бүгінгі күннің сұранысына сәйкес дизайнерлік, сәндік өнермен жеткізіп, паш ететін ол – жастардың идеясы, ұстаздардың білімі мен біліктері.

Ақмола облыстық мәдениет басқармасының бас маманы Жаңыл Шорақызы бұл ретте:

–Қазіргі сән ерекше, әсіресе, қазір қазақстандық сән жаңа деңгейге көтерілді. Әлемдік брендке ие болды. Біз әлеуметтік желілерде қаншама жастардың киіміне ұлттық киім элементін қосып, стильдендіретінін көріп жүрміз. Мен ең алдымен, мұндайдаөзіңіз қалаған жобаңызды тапқаныңызды қалаймын, – дейді.

Қазақтың халық әртісі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Роза Рымбаева Көкшетауға келгенде, «Көкшетау» мәдениет сарайында жол-жоралғы салтымен тамаша шапан кигізілді. Роза Қуанышқызы үстіне қарап, «Менің талғамыммен, матасын да тауып, өлшеміме шақ қылып тіккен бұл шапанды үлкен сахналарда мақтанышпен киіп жүретін боламын» деген болатын, Бұл шапанның авторы, Көкшетаудың мерейін асырып отырған мақтанышымыз, «Ақай» сән үйінің негізін қалаушы және басшысы Ғалия Алдабергенова болатын. «Ақай» сән үйі халықпен тығыз байланыста,оның ішінде жастар да бар екені анық.

Сол жолы фестиваль тақырыбына өз пікірінбілдіргенҒалия Серікқызы өңіріміздің көп адамдарының сұраныстарын қанағаттандырғанын, оның ішінде әртістер де, басшылар да, зиялы қауым да, әсем қыздарымыз бен апаларымыз да бар екенін, ұлттық нақыштағы киімдерге жастарымыздың ынтасы жақсы екенін, тапсырысберетіндерін айтты.

Кітап оқымайтындар кездесуі мүмкін өмірде, ал, киім кимейтін адамды кездестіре алмайтынымыз анық. Қаншалықты қиын өнер болса да, бұл осы өнер иелерінің өміріндегі басты мұраттары деп есептейміз.

«Студенттеріңіздің арасында сән әлеміне өзгеріс алып келе алатын, жанып тұрған талантты жастар бар ма?»– деген сұраққа Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ұстазы Анар Орымбайқызы:

– Біздің дизайн кафедрасынан білім алып жатқан жастардың арасында басқаларға ұқсамайтын жаңашылдықты, креативті түсінетін, киім үлгісінде өздерінің талғамы бар жастардың өсіп келе жатқаны қуантады. Біздің кафедраның дизайнерлері бұл қаншалықты қиын екенін түсінеді, себебі, түстерді дұрыс біріктіру, композицияның не екенін түсініп, оны қызықты етіп бере білу де үлкен еңбек. Дизайнер, суретшілерді оқытып шығаратын кафедра болғасын біздің белсенді, шығармашыл студентіміз Лана Нұрланқызы өзінің бірегей көзқарасымен жастардың арасындағы ұлттық нақыштағы элементтерді заманауи стильді киімдерге қолданған үлгілерін ұсынып отыр, – деді.

Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің ұстаздары да жастарға білім берумен қатар, студенттері түрлі конкурстарға қатысып, жүлделі орындар алып жүргені белгілі. Сол киімдердің авторы, он саусағынан өнер тамған білікті ұстаз Гүлжазира Қабдразаққызының:

– Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің дизайн факультеті 2017 жылы ашылғаннан бері көптеген студенттерді оқытып, тәрбиелеп шығарып жатырмыз. Біз студенттерді көбіне ұлттық нақыштағы киімдерге тартамыз. Диплом жұмысы кезінде біз ұлттық киімдерді көбірек жасатуғатырысамыз. Себебі ұлтын, тілін, ұлттық киімін сыйлаған адамсол ұлтының патриоты болары анық. Осы орайда мәдениетін, салт-дәстүрін сол киімі арқылы нақыштайтын жастарымыз бар болғандықтан, ұлттық киімдерді біз ең бірінші кезекке қоямыз. Болашақ дизайнерлер еңалдымен, ұлттық киімнің тарихын зерттеуден бастайды. Сонау сақ дәуірінен бастап, Алтын адамның әрбір элементі, ұлттық киімнің әрбір ою-өрнектері қайдан шыққанын, олардың қолданатын орнын зерттеу арқылы ұлттық киімдер тігеміз. Ашық-шашық киімдерді киіп алып, үстіне ұлттық ою-өрнектерді жапсырып қоюғабіз қарсымыз, ол ұлтын мазақтау, қазақ ұлтының мәдениетін, әдеп ғұрпын басқаша көрсету деп түсінеміз.  Ұлттық киіммен сыйлы қонақтарды күтіп алып, шығарып саламыз, сыйға тартамыз. Қазақхалқының қонақжайлығын, мәдениетін, әдет-ғұрпын осы киімдеріміз арқылы тани аламыз. Сондықтан біз ұлттық киімді жоғары деңгейге қоя отырып, диплом жұмысын биылғы жылы да толығымен ұлттық киімге арнадық. Біз ұлттық киімдерді жасауда түрлі технологияларды, түрлі әдістерді қолданамыз. Шамамыз келгенше зерттейміз, ізденеміз, түрлі конкурстарға қатысамыз. Биыл «18 наурыз – Ұлттық киім» күніне белсене қатыстық. Ақмола облыстық кітапханасының бастауымен былтырғы жылы жолға қойылған жобаға қарап отырсам, биыл үлкейіп, кеңейіп, үлкен жетістікке бет алып келе жатқан сияқты. Әрі қарай іспен дамытып, жалғастырсақ деймін, – деген сөзін тек құптаймыз.

«Болашақ» сарайының «Жас сәнгерлер» үйірменің қатысушылары былтыр бір-екі машинкада таласып жүріп, тіккен бұйымдарын көпшілік назарына ұсынған болатын. Жас сәнгерлерге биылғы жылы жиырма шақты тігін машинкасы сатып алып берілгені өте қуанарлық жағдай. «Жас сәнгерлер» үйірмесінің жетекшісі, жас дизайнер Ақбота Амангелдіқызы соңғы жаңалықтарымен бөлісе келе:

– Шығармашылық бағытында «Жас сәнгерлер» үйірмесі екі топта 12 оқушыны оқытуда. Оқушылар түпнұсқа модельдерді ойлап табудан бастап, сән эскиздерін жасап, өз қолдарымен тігіп, әшекейлер жасауға дейін үйренеді. Қазіргі кезде дизайнерлік бағыт күннен-күнге дамып келе жатыр. Біз осы үйірме ашылғаннан бері тақия, шапан, этнокорсет, жилет, шопер, сәукеле тігіп үлгердік,– дейді.

Өңірімізде қолөнердің дамуына елеулі үлес қосып жүрген Гүлбара Намазбекқызы да ұлттық киім үлгілеріне байланысты жақсы бастама көтеріп отырған Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына алғыс білдіре келе, осы «Болашақ» сарайының «Жас сәнгерлер» үйірмесі мүшелерінің дайындаған киім үлгілеріне жақсы баға берді. Бәрі Интернетке, әлеуметтік желілерге байланған заманда жастарға кітап оқытудың өзі қиын. Соған қарамай, осы жолдар авторы оқушыларды шақырып немесе мектептерге барып, ұлттық өнерімізге, салт-дәстүрімізге байланысты түрлі іс-шаралар өткізіп жүр. Өңіріміздің өнер майталмандары жобасымен қаншама адамдарды таныстырып, студенттердің, оқушылардың танымын арттырдық.

Өкінішке орай, бізде әлі сән өнері өз дәрежесінде қабылданбайды. Оның керектігін, шынайы өнер екендігін мойындай қоймайтындар бар. Мысалы өнер иелеріне жыл сайын Мемлекеттік және басқа да сыйлықтар берілгенде,сән өнерінің өкілдері мұндай құрметтен тыс қалып жатады. Ал, «Ақай» сән үйінің басшысы Ғалия Серікқызының пікірінше, әрбір өнер иесі өзінің шығармасына кейде көңілі толмай жатады, бірақ, айналасындағы жұрт оны сол өнері арқылы танып, өнеріне тәнті болып жатса, әрине, ол өнер иесі үшін үлкен қуаныш, жетістік. Өнер иесі ретінде танумен қатар, оларды белгілі бір деңгейде марапаттау жолдары қарастырылса, бұл енді ғана осы жолды таңдаған жастарды қанаттандыру, ынталандыру үшінартық болмас еді.

Өңіріміздегі жастардың бойында ұлттық салт-дәстүрімізге деген ынта-ықыласты ояту, олардыңбойында сән мен стиль мәдениетін тәрбиелеу және жастардың талантын ашу мақсатындаМағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы мен «Болашақ» сарайының бірлескен «Жастар және сән» жобасы әрине, алдағы уақытта да жалғаса түседі. Осының негізінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында өткен «Жастар киімі – ұлттық нақышта» атты ұлттық киімфестивалі де үзіліп қалмауы тиіс.

Қазақтың ұлттық киім үлгілерін қазіргі заман талабына сай қайта жаңғырту, жаңарту және оларды көпшілікке жеткізе білу, жастардың талап деңгейінен шығудың жолын табу бүгінгі сәнгерлердің, жас дизайнерлердің міндеттері болуы керек. Уақыт талабы, заман ағымы солай. Жақсы киімді жетілген қоғамның белгісі деп есептейтін болсақ, еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін үйлесімді де сәнді киінгенге не жетсін.

Өмір мен өнер егіз, бірақ, өмір өлшеулі, өнер мәңгі. Өмір сол өнер иесінің өнерін де, есімін де мәңгі етеді. Әлемдімойындатқан отандық сәнқой дизайнерлер Сабыркүл Асанова, оның қызы Балнұр Асанова, Құралай Нұрқаділова, Аида Кауменова, Ая Бопани, өзіміздің Ғалия Алдабергенова сияқтықыз-келіншектеріміздің өнерлері өрге домалай берсін демекпіз.Оларға талантты жас сәнгерлердің де қосылатыны уақыттың еншісіндегі шаруа. Жоғарыда аңғартқанымыздай, бізде де ондай үкілі үміттер жоқ емес, бар. Сол іске бірлескен жобамызбен тамшыдай болсын үлесімізді қоса берсек, баршамызға мерей.

 Бостангүл ЕРМАНОВА,
 Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының
өнер әдебиеттері бөлімінің басшысы, «Жастар және сән» жобасының авторы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар