Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бір ауылдың өзінен бірнеше адам атылып кеткен - АРҚА АЖАРЫ

Бір ауылдың өзінен бірнеше адам атылып кеткен

Сталиндік режимнің шаруаларға қарсы саясатының айқын репрессивті сипаты кулактар мен байларды тап ретінде жоюдың мемлекеттік бағыты аясында жүргізіп жатқан шаралардан көрініс тапты. 1925 жылы сайланған Қазкрайкомның бірінші хатшысы Ф.И.Голощекин (орта білімді тіс дәрігері) алдына Қазақстанда Октябрь революциясы болмаған, сондықтан,«Кіші Октябрь» саясатын жүргізу керек деген мақсат қойды.

Ойға алынған әлеуметтік-таптық геноцидке большевиктік сипат пен жоспарлы сипат беру үшін жойылуға ұшыратылған құрбандар бөлінді. Олар «контрреволюциялық актив» деп аталып, көтерілістер мен лаңкестік әрекеттерді ұйымдастырушыларды концлагерьге қамау немесе ату жазасын білдірді. Екіншісі (ең бай кулактар) – КСРО-ның шалғай және аз қоныстанған аудандарына жер аудару болды.

Қазақ халқының басынан өткен ең бір зұлмат-зобалаң кезең – 1932-1933 жылдардағы ашаршылық пен 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін кезіекені тарихтан белгілі.

Қазіргі зерттеушілер аштық құрбандарының санын 1 миллион 300 мың мен 2 миллион арасында деп есептейді. Алайда, бұл мәселе бойынша дискурс әлі жалғасуда және бұл зерттеу әлі де өзекті. Бірақ, қалай болғанда да, бір анығы – 1930 жылдардың басындағы жаппай ашаршылық қазақ халқының тарихында бұрын-соңды болмағанашаршылық туралы естелік халық жадында қаны сорғалаған күйі мәңгі қалады («Хроника великого джута». Валерий Михайлов).

Осындай аласапыран уақыттың бір ұшығы біздің ауылға,қазіргі Ақмола облысы Зеренді ауданының Игілік ауылының  тұрғындарына да келіп тиді.

Ақмола облысының полиция департаментінің ақпараттандыру және байланыс басқармасының арнайы мемлекеттік архивтік қылмыстық іс құжаттарына сәйкес, 1937 жылдың 28 тамыз айындағы айыптау қорытындысы бойынша Имекенов Аубакір 1871 жылы туған, бай, әйелі бар, Солүстік Қазақстан облысы Көкшетау ауданы, Желтау ауылдық Советінің «Игілік» колхозындатұрған, колхозшы, партияда жоқ, әкесі және өзі де молла. 1932 жылы сот үкімі бойынша бай ретінде Қылмыстық кодексінің 61 статьясының 3 бөлімі бойынша 5 жылға бас бостандығынан айырып, жер аудару туралы сот үкімі шыққан, дүние-мүлкі тәркіленген. Имекенов А. сот үкімін орындамай қашып кетіп, 1933 жылы қайтып келіп, Игілікте, туысы  Ахметтің үйінде тұрған. 1937 жылдың 6 тамызында НКВД қызметкерлері сол үйден ұстап алып кеткен.

1937 жылдың 11 қазанындағы №9 Солтүстік Қазақстан облысы Халық комиссариаты ішкі істер басқармасының (УНКВД) Үштігінің (Тройки) протоколының көшірмесі бойынша төмендегідей үкім қабылданған:

«Слушали Дело №372 Кокшетауского РО НКВДпо обвинению Имекенова Аубакира, 1871 года рождения,быв.бая, осужденного, бегавшего с места ссылки: Обвиняется в том, что среди населения проводил к-р агитацию, направленную против мероприятий Партии и Правительства.

ПОСТАНОВИЛИ:Имекенова Аубакира – расстрелять лично принадлежащее ему имущества конфисковать».

Осылай атамыз ату жазасына кесілген, қай жерде атылғаны жөнінде деректер жоқ.

Тағы бір архивтік қылмыстық істің құжаттары, анықтамалары және 1937 жылдың 28 тамыз айындағы айыптау қорытындысы бойынша анықталғаны: Құлсейітов Абсемет 1867 жылы туған, бай, қанаушы Солүстік Қазақстан облысы Көкшетау ауданы, Желтау ауылдық Советі, «Игілік» колхозында тұрған. 1930 жылғы бай, кулактарды құрту кезінде 5 жылға сотталып, жер аударылған, мал, мүлкі тәркіленген. Айыптау қортындысы бойынша Құлсейітов жер аударылғаннан қайтып келген соң Совет үкіметіне, колхоздастыруға қарсы үгіт жүргізген деп айыпталады.

1937 жылдың 2 қазанындағы №8 Солтүстік Қазақстан облысы Халық комиссариаты ішкі істер басқармасының (УНКВД)  Үштігінің (Тройки) хаттамасының көшірмесі бойынша төмендегідей үкім қабылданған:

«Слушали Дело: №-373 Кокшетауского РО НКВД по обвинению Кулсеитова Абсамата, 1867 года рождения, осужденного.

Обвиняется в том, что проводил к-р агитацию против колхозного строительства и разжигал родовую вражду среди колхозников.

Постановили: Кулсеитова Абсемета заключить ИТЛ сроком на ДЕСЯТЬ лет: считая срок с 6/08-37г.».

Осылайша 10 жылға еңбек түзеу лагеріне жер аударылған атамыз елге қайтып келген жоқ, қай жерде жерленгені де белгісіз.

Жоғарыда көрсетілгендерден басқа Игілік ауылынан Бүркітпаев Сарсекей, Тайғарин Құжыбай, тағы басқалары осындай пәле жабылып, жер аударылып, хабар-ошарсыз  кетті.

Сол уақытта елдегі осындай озбырлыққа куә болған ағайын-туыстар айтатын, осы аталарымызды бір түнде келіп қару асынған адамдар үйлерінен ұстап алып кетті. Сол кеткеннен олар оралған жоқ. Не үшін ұсталды, қайда әкетті,әлі де ешкім білмейді деп.

Кеңес тарихнамасында 1930 жылдардың басындағы жаппай ашаршылық тақырыбына да тыйым салынды. Билік бұл қасіретті халық зердесінен өшіруге  тырысты.

Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың істерін қайта қарауға тек қана 1989 жылдың 16 қаңтарында қабылданған Кеңестер Одағы Жоғарғы Советі Президумының «30-40 және 50 жылдардың бастапқы кезеңінде орын алған репрессия құрбандарына қатысты әділеттілікті қалпына келтіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» Жарлығы түрткі болды.

Осы Жарлыққа сәйкес Қазақстанның прокуратура, сот органдары репрессияға ұшырағандар туралы қылмыстық істерді қайтадан қарауға мүмкіндік алды.

Көкшетау облыстық прокуратурасы 1989 жылы осындай қылмыстық істерді қайтадан қарап тексеру жүргізіп, 1989 жылдың 21 сәуірінде Имекенов Аубәкір, 1989 жылдын 14 сәуірінде Құлсейітов Абсемет, тағы да басқа саяси құрбандыққа ұшырағандар ақталды («Көкшетау» газеті, 1990 жыл). Тексеріс кезінде ақталғандар туралы барлық баспасөз беттеріндеуақытында жарияланып отырды.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін бұл мәселе аса қарқынды талқылана бастады. 1993 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы» Заңы қабылданып, содан бері  31 мамыр саяси қуғын-сүргінге ұшырап, құрбан болғандарды еске алу күні болып атап өтіледі.

Халық арасында «Итке ит өлімі деген сөз бар». 13 қыркүйекте 1925 жылы Қазақстанды басқаруға келген Филипп Голощекин бұған дейін Ресейдің патшасы Романовтың үй ішін атуға қатысып, қаталдықпен, озбырлықпен әйгілі болған. Қазақстанды басқарған уақытта жазықсыздан жазықсыз «Халық жауы» деп көп жергілікті адамды қырды. Осындай халыққа озбырлық жасаған Голощекиннің өзі де 1939 жылы тұтқынға  алынып, гомосексуалист, антисоветтік ұйым құрған деген айып тағылып, 1941 жылдың 27 қарашасында атылды.

Қазіргі уақытта тәуелсіз Қазақстанда тұратын біздер халқымыздың, ата-бабаларымыздың көрген қиыншылықтарын кейінгі ұрпақтың білуі, енді қайтып бұндай заңсыздық, қорлық болмауы үшін осының бәрін ашық айтуымыз қажет деп ойлаймын. Бәрінен бұрын еліміз, халқымыз аман, заманымыз тыныш болсын.

Қадырбек ШАҚЫМОВ
заңгер, зейнеткер.

Астана қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар