Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мұң-мұқтажға қарап, қаланың іргесінде тұр деп кім айтады?!. - АРҚА АЖАРЫ

Мұң-мұқтажға қарап, қаланың іргесінде тұр деп кім айтады?!.

Кент қаланың құрамдас бөлігі санатында. Екі жарым мың тұрғыны бар елді мекен қаламен салыстырғанда әлеуметтік-тұрмыстық деңгейі шамамен отыз жылға артта қалған десе де болады. Дәріхана, банкомат, балабақша жоқ. Қала тұрғындары ауызекі тілде кентті «Көкшетау-2» деп те атайды. Бұл атауды кент тұрғындары жақтыра бермейді, себебі, облыс орталығының құрамына кіргенімен, еншісі әділ бөлінбеген жетім баланың кейпін киіп отыр.

Сәл ғана таратып айта кетелік, кент тұрғындары күнделікті тұрмысқа қажетті заттарын алу, дәрігерлерге қаралу, банкоматтан ақша шешу үшін Көкшетауға баруға мәжбүр. Бір жақсысы, жұмыс бар. Үш бірдей элеватор астық қабылдауда.

Ертеректе кенттің кейпін өзгертіп, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған бірнеше жоба жасалған болатын. Жылдар өткенімен, ақ түйенің қарны жарылған жақсылық бола қойған жоқ. Бірнеше жыл бұрын спорт залы, кітапханасы және әртүрлі балалар үйірмелері орналасатын аумағы атшаптырым клубтың жобасы жасалды. Эскиз сұлбасын көрдік. Көзтартарлық зәулім, салтанатты. Кент тұрғындарын көл-көсір қуанышқа бөлеген жоба «Аманат» партиясының сайлауалды бағдарламасына да енгізілген еді. 2021 жылы күрделі құрылыстың басталуына республикалық бюджеттен 700 миллион теңге қаражат бөлінді.  Бірақ, белгісіз себептермен құрылыс кейінге қалдырылып,бөлінген қаражат кері қайтарылды. Енді кентте мәдени ет ошағы да, кітапхана да жоқ. Шағын кітапхана өздері әзер сыйып отырған әкімдік ғимаратының тар бөлмесіне әкеліп тоғытылған. Сыймаған кітаптар сыз басқан жертөледе сақтаулы. Осы кентте 45 жыл бойы тұрып келе жатқан Оразхан Шүленбаевтың айтуына қарағанда, шешімін таппаған мәселе шашетектен. Ең бастысы, кент жастарының бос уақыттарында көңіл көтеретін орындары жоқ. Қас қарайысымен Көкшетаумен екі ортада сергелдеңге түсіп жүргендері. Ал, облыс орталығынан қатынайтын соңғы автобус сағат 20.40-та тоқтайды.  Одан кешіксең, бағасы удай қымбат такси жалдайсың. Ақшаңды қимасаң, облыс орталығында қонып қалуға мәжбүрсің.

Кенттегі тағы бір жақсы жоба – жаңа қазандық салынады деген ұмтылыс еді. Ескі қазандық 1979 жылдан бері жұмыс істеп тұр. «Көкшетау жылу» серіктестігінің балансында. Кент әкімі Әлібек Төлебаевтың айтуына қарағанда, он жыл бұрын көнерген, әбден тозығы жеткен қазандықты ауыстырып, орнына жаңа автоматтандырылған қазандықтар орнатпақ болған. Жаңа қазандықтар кентке жеткізілген. Әйтсе де, «қырсыққанда қымыран іриді» демекші, дәл осы уақытта облыстың өзге бір елді мекенінде апат болып, тығырықтан шығар жол табуға ұмтылған облыс басшылығы жаңа қазандықтарды алып кеткен.

–Жаңа блокты-модульдік қазандық өте қымбат, – дейді кент әкімі Әлібек Төлебаев, – қазандығымыз ескі болғанымен, қыс маусымында тұрғындар тарапынан ешбір шағым айтылған емес. Облыс орталығында жылу-электр орталығы салынбақшы.  Қазандық орнатқаннан кентке дейін жылу құбырын тарту арзанға түседі. Ескі қазандық кеңес кезінде жасалған. Мықты. От жағушы шыдаса, қазандық әзірге шыдап тұр.

Осы арада қазандық көмейіне көмір қолмен тоғытылатынын айта кетуіміз керек. Күн күрт суытқанда бір тәулікте 15-20 тонна көмір күн салынады екен. Әкім от жағушының сыну-сынбауы туралы әзілдегенімен, күн сайын жиырма тонна көмір салу қиын шаруа екендігі белгілі. Тағы бір айта кетерлігі, әкімнің өзі от жағушылардың неше адам екендігін, табысының қанша екендігін біле бермейді.

Кент балалары қала балалары сияқты жақсылық көріп отырған жоқ. Темір жолдың арғы бетіндегі шағын ауданда тұратын балалар орталықтағы жаңа футбол алаңын жақсы көреді. Бірде жасөспірімдердің біреуі вагондардың үстінен өтіп бара жатып,  электр тогына ұрынып қалып, арты қайғылы қазаға ұласқан. Сөз арасында ауызекі тілде ПМС деп аталатын темір жолдың арғы бетіндегі ауданда футбол алаңын салуға қаражат бөлінгендігін де айта кетелік. Бірақ жол қаупі әлі де қалуда. Кенттің іргесінен өтетін қаларалық күре жолдың бойы жарықтандырылмаған себепті қысқы маусымда екі жаяу жүргінші апатқа ұшырады. Міне, содан кейін ғана шетін шаруа қолға алынды. Осындай жайға қарап бір нәрсе түзелуі үшін міндетті түрде апат болуы керек пе деген ойға қаласың.

Кент тұрғындарының өкпесін қара қазандай етіп отырған жайдың бірі жаңа дәрігерлік амбулатория салуға қатысты. Кент тұрғындарына медициналық қызмет көрсету мәселесі ондаған жылдар бойы шешімін таппай келеді. Жергілікті билік болашақ медициналық мекемеге жер телімін бөлгенімен, құрылыс жұмысы басталмаған. Кент әкімінің айтуына қарағанда, көпшіліктің наразылығын тудырып келе жатқан бұл шаруа таяуда оңынан шешілмек. Бизнес өкілдерімен келіссөз жүргізіліп жатқанға ұқсайды. Ал, зейнеткерлердің банкоматтан ақша шешіп алулары үшін табандарынан таусылып облыс орталығына баратын мәселесі тіпті тез шешілуі мүмкін.

Соңғы үш жылда кейбір көшелерде асфальт жамылғысы төселген. Үш футбол алаңының екеуі жасанды шөппен жабылған. Әйтсе де қиындық бар. Мәселен, екі қабатты үш тұрғын үйдің су желісі жүйесі өзгеріске ұшыраған. 1990 жылдары кейбір тұрғындар магистральді құбырларға өздігінен қосылып, су мен жылудың ырғағын бұзған. Енді оны қалпына келтіру керек. Қосымша қаншама шығын?! Биыл мектеп спорт залы жөндеуден өткізілуде. Жеке кәсіпкер өз қаражатынан мешіт салып жатыр.

Тағы бір жағымды жаңалық бар, кент тұрғындарының үлбіреген үміт отын  жағатын осы жай. Болашақта жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін 1300 жер телімі бөлінбек. Егер әр отбасында орташа есеппен төрт адамнан бар деп болжасақ, кент халқының саны бірден 4-5 мың адамға көбейеді. Жер телімдерінің инфрақұрылымы да тартылған. Электр қуаты және  сумен жабдықтау желілері бар. Тек суды алатын жер жоқ. Қазір кентті ауыз сумен қамтамасыз ететін екі ұңғыма жұмыс істеп тұр. Егер оның суын жаңа ауданға беретін болса, бұрынғы үйлер сусыз қалады. Суы мен қысымы жетпейді. Қазір геологиялық зерттеу жүргізетін мердігер анықталып отыр. Олар жерасты  суларын іздестіруде. Қашан табылатыны беймәлім.

–Алдағы уақытта автобус бағыттарын ұзарту үшін бүкіл кентті айналып өтетін жол саламыз, – дейді кент әкімі Әлібек Төлебаев, – жолаушылар қатынасы сол кезде жолға қойылады.

Кент қаланың қосымша бөлігі саналғандықтан, мектеп мұғалімдері мен медицина қызметкерлері қосымша ақы алмайды. «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жас мамандарды тарту да мүмкін емес. Осылайша, келеңсіз жай қордаланып қалған Станционный кентінің болашағын таразы басына тартқанда көсегесі қашан көгерер екен деп те ойлайсың.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Көкшетау.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар