Жаңа демалыс орындарымен толығуда

Бурабай курорттық аумағы өңіріміздің ғана емес, барша еліміздің көз тартарлық көрікті мекені. Аумақ өзінің табиғатының ерекше сұлулығымен, өзіндік әлеуетімен туристерді тартуда. Ал, туристердің көптеп тартылуы үшін мұнда инфрақұрылым жағы да тартымды болғаны абзал.

Ол үшін аудан бірқатар инвестициялық жобаларды қолға алып, өңір әлеуетін барынша пайдалануға талпынуда. Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы туристік қызмет көрсету инфрақұрылымы бойынша 2024 жылғы қаңтар-наурыз айларының арасындағы статистикалық деректерге сүйенсек, онда 209 орналастыру орны бар көрінеді. Олардың 58-і мейрамханасы бар қонақ үй болса, 23-і мейрамханасыз қонақ үй санатында және 2 демалыс үйі мен 1 пансионат, 5 балалар лагері, бір қабатты бунгало, барлығын қоса алғанда 117 болатын кіші-гірім жер үйлер, коттедждер, шағын үйлер мен пәтерлер, 1кемпинг және тағы 2 қосымша орналасу орны бар.

Сонымен, Бурабайды тамашалауға келген демалушыларға курорттық аумақта орналасқан 3793 нөмір бар, оларға бір мезетте 9700-ден астам адамды орналастыруға болады.  Алғашқы тоқсанда 70 мыңнан астам келушіге қызмет көрсетіліпті. Орналастыру орындарының қызметінен жалпы көлемі 47 миллиард теңгеден астам қаржы түскен екен.

Туризм саласына инвестициялар тарту жергілікті атқарушы органдардың жұмысындағы маңызды бағыттардың бірі. Жалпы, 2021-2023 жылдар аралығында бұл бағытқа 24 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылыпты. Ал, ағымдағы жылдың 6 айында ауданға 25 миллиард теңгенің инвестициясы құйылыпты.

–Биылғы инвестициялық ірі жобалардың ішінде Абылай хан алаңында қайта ашылған мультимедиялық интерактивті кешенін атап өтуге болады. Бұрыннан бар мұражай қайта жаңартудан өтіп, іске қосылды. ҚР Президенті Іс басқармасының тапсырысы бойынша жүзеге асырылған жобаға 4,2миллиард теңге қаржы бағытталды. Бұл 2021 жылы ашылған, еліміздегіең жоғары технологиялық интерактивті мұражай жаңа анимациялық, аудиовизуалды технологиялармен толықтырылды. Сонымен бірге, курорттық аумақта жаңа мейрамханалар мен дәмханалар, отельдер, қонақ үйлер салынуда, – дейді Бурабай ауданының кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Нариман Есенбаев.

Сондай-ақ, ауданда алдағы жылдары жобалық құны 100 миллиард теңгені құрайтын «AqburaResort» демалыс аумағы салынып, 2035 жылға қарай 4 кезеңі толық аяқталады деп жоспарланған. «Звездный» балаларды сауықтыру орталығы қайта күрделі жөндеуден өтіп, жаңартылып, 2027 жылы пайдалануға берілмекші. Сол сияқты, «Жезказганец» балаларды сауықтыру орталығын да қайта жаңартуға 3,3 миллиард теңге қаржы қарастырылуда. «Орленок К» демалыс базасы 2026 жылға қарай аяқталады. Оған 1,8 миллиард теңгенің инвестициясы тартылмақшы. Ал, «Абылай хан» қонақ үйі 2026 жылға дейін қайта жаңартылуы тиіс, оған 2,1 миллиард теңге қарастырылуда.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар