Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Пайдалы модель дегеніміз не? - АРҚА АЖАРЫ

Пайдалы модель дегеніміз не?

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамдарды немесе жануарларды емдеудің терапиялық және хирургиялық тәсілдерін қоспағанда, өнімге, яғни, құрылғыға, затқа, микроорганизмнің штаммына, өсімдіктер немесе жануарлар жасушаларының көбеюіне, тәсілге немесе материалдық нысанға қатысты әрекеттерді материалдық құралдардың көмегімен жүзеге асыру процесіне, сондай-ақ, белгілі өнімді немесе тәсілді жаңа мақсат бойынша не жаңа өнімді белгілі бір мақсат бойынша қолдануға жататын, кез-келген саладағы техникалық шешімдер пайдалы модель болып табылады.

Пайдалы модельге патент өтiнiмге ресми сараптама және мәнi бойынша сараптама жүргiзiлгеннен кейiн ғана берiледi. Пайдалы модельге патенттерді беру туралы өтінімдердің сараптамасын сараптама жасау ұйымы болып табылатын Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Ұлттық зияткерлік меншік институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын жүргізеді.

Өнертабысқа қарағанда пайдалы модель патенті ресми сараптама нәтижелері бойынша беріледі, ал, оның патентке қабілеттілігінің критерийлері жаңалық және өнеркәсіптік қолдануға жарамдылық болып табылады. Осылайша, пайдалы модельге патент беру рәсімі өнертабысқа патент беру рәсіміне қарағанда жылдамырақ, себебі, пайдалы модельге өтінімге мәні бойынша сараптама кезеңі Қазақстанда жүргізілмейді. Сондықтан, патент өтініш берушінің жауапкершілігімен беріледі. Осылайша ресми сараптама нәтижелері бойынша пайдалы модельге патент беру немесе беруден бас тарту туралы шешім қабылданады. Ол туралы өтініш берушіге сараптамалық қорытынды жіберіледі.

Айта кету керек, Қазақстан Республикасының Патент заңына сәйкес пайдалы модельдер деп танылмайтын объектілердің тізбесі бар. Олар жаңалықтар, ғылыми теориялар және математикалық әдiстер; шаруашылықты ұйымдастыру және басқару әдiстерi; шартты белгiлер, кестелер, ережелер; ақыл-ой операцияларын орындау, ойындарды жүргiзу ережелерi мен әдiстерi; есептегiш машиналарға арналған бағдарламалар мен алгоритмдердiң өзi; ғимараттар, үйлер, аумақтар жоспарларының жобалары мен тәсiлдерi; бұйымдардың тек сыртқы түрiне қатысты ұсыныстар. Қоғамдық тәртіпке, iзгiлiк пен мораль қағидаттарына қайшы келетiн ұсыныстар пайдалы модельдер деп танылмайтындығына назар аудару қажет.

Сондай-ақ, адамды клондау және оны клондау әдістерімен адамның жыныс жасушаларының генетикалық тұтастығын өзгерту әдістеріне, егер адам эмбриондарын коммерциялық, әскери және өндірістік мақсаттарда пайдаланатын болса, патенттер берілмейді.

Қазақстанда пайдалы модель патентінің қолданылу мерзімі жыл сайынғы алым уақытылы төленген жағдайда өтінім берілген күннен бастап бес жылды құрайды және тағы үш жылға ұзартылуы мүмкін. Осылайша, патенттің жалпы мерзімі сегіз жылды құрайтынын айта кеткіміз келеді.

 Айслу ҒАБДУЛЛИНА,
Ақмола облыстық әділет департаментінің зияткерлік меншік
құқығы бөлімінің бас маманы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар