«Абайды оқы, таңырқа!»

10 тамызда қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушысы, ойшыл ақыны, ұстаз ағартушысы, ұлтымыздың тұғыры биік мақтанышы Абай Құнанбайұлының туғанына 179 жыл толды. Абай – дала философы. Абай шығармашылығы халқымыздың әлемдік туындылар қатарында ерекше орын алған баға жетпес мұрасы мен рухани азығы. Абайдың қаламынан туған бірнеше поэма мен «Қара сөздері», 170-тен астам өлеңі мен 56 аудармасы халқына рухани нәр беріп келеді.

Жуырда осы Абай күніне байланысты Көкшетау қазақ қалалық үлгілі кітапханасында «Абайды оқы, таңырқа!» атты поэзия кеші ұйымдастырылды. Кешті қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің директоры, ақын-жазушы Серік Жетпісқалиев жүргізіп отырды. Іс-шараға Көкшенің зиялы қауым өкілдері, атап айтқанда, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қазақ филологиясы кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек, физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор, өлкетанушы, абайтанушы Мұсатай Ғалымұлы, 5510 әскери бөлімнің қызметкерлері мен сарбаздары, облыс орталығының іргесіндегі Краснояр ауылының №1, 2 орта мектептері мен жалпы білім беретін №14мектептің оқушылары, кітапхана оқырмандары қатысты.

Шара барысында Сәбит Жәмбек әлемдік мәдени кеңістіктегі Абай хакімнің алатын орны қашанда ерекше мәртебелі, ардақты екендігі туралы сөз қозғады. Ал, Мұсатай Ғалымұлы Абай мұрасын насихаттау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады.

Поэзия кешінде кітапхана қызметкерлері ұлы ақынның ұрпаққа ұлағат етіп қалдырған даналығын, мол әдеби мұрасын халыққа насихаттау, мазмұнды бай шығармалары арқылы жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында ашылған Абай әдеби орталығына экскурсия ұйымдастырды. Сонымен қатар, мектеп оқушылары Ұлболсын Сашкақызы, Тілеген Дәнеш, Аман Нұрәли, Нұркен Мансұр ұлы ақынның «Әсемпаз болма әрнеге», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім»,  «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап» атты ойлы өлеңдерін  жатқа оқыды. «Достар» мәдениет сарайының әншілері Абайдың әуезді әндері мен күйлерін нақышына келтіре орындап, кеш шырайын кіргізді.

Ұлы Абай мұрасы – парасаттылықтың мектебі, елдікті қадірлеудің негізі. Сондықтан, әлем таныған Абайдың рухани қазынасынан сусындау әр қазақтың парызы. Ұрпақты Абай үлгісінде тәрбиелеу – ізгілікке, имандылыққа, биік адамгершілікке бастайтын жол.

Жанеля НАЗЫБАЕВА,
Көкшетау қалалық үлгілі қазақ кітапханасының қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар