Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Целиноград ауданына жұмыс сапары барысында «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан бірқатар білім ошақтарының құрылысымен танысты.
Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Целиноград ауданында 10 мың орындық 7 білім ошағы салынып жатыр.Бұлбілім ғимараттары соңғы үлгіде жабдықталады. Яғни, мектептерде заманауи құралдар мен жиһаздар, жайлы кабинеттер және спорт залдары болады. Жауапты мердігер ұйымдар білім ошақтарының ауласында абаттандырмақ. Қоянды ауылындағы осындай мектепті «BI GLobal» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2023 жылдың қыркүйек айында сала бастаған.Құрылыс жұмыстары, осы жылдың желтоқсан айында аяқталмақ. Келесі жылдың басында пайдалануға берілетін бұл мектеп Ақмола өңіріндегі ең үлкен білім ошағы болады. Себебі, екі мың оқушыға арналғантөрт қабатты нысанда үлкенді-кішілі төрт спорт залы, жайлы асхана, мәжіліс залы, өзге де қажетті орындардың бәрі қамтылған.
Қоянды ауылында бұған дейін 900 балаға арналған бір мектепте 2,2 мың бала білім алса, 1200 орындық екінші мектепте 1,6 мың бала оқып келген. Оның сыртында 500 оқушы Елордаға қатынап, білім алған. Енді жаңа мектеп пайдалануға берілген күні осы мәселелердің шешімі табылмақ. Бүгінгі таңда, құрылыс жұмыстарының қабырғалары толық қаланғанымен, қалған металл құрылымдар, шатыр, қасбет, ішкі энергия желілері және мектеп ауласында әліде бірсыпыра жұмыс бар. Облыс әкімі серіктестік директоры Амандық Сералиевқа осы жұмыстардың сапалы, әрі уақытында аяқталуына, мектеп су, жылумен жабдықталуына баса назар аударуды тапсырды.
Сондай-ақ, құрылыс жұмыстары аяқталуға таяған мектептердің екеуіТалапкер,ал, біреуі Қараөткел ауылдарында орналасқан.Үш нысанды да салуға «KGS Сауда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жауапты. Қазіргі уақытта білім ошақтарының аумағы абаттандырылып, технологиялық жабдықтарды орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр.Талапкер ауылындағы мектептер бойынша атқарылған жұмыстың көлемі 90 пайыз. Енді тек су мен жол салу мәселесі қалған.Қараөткел ауылындағы мектепте жұмыстың орындалуы 65 пайызға жеткен. Ішкі энергия желілері мен әрлеу, сыртқы қасбет, абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Ал, Ақмол ауылындағы мектепке «УК Строй» ЖШС жауапты. Серіктестік басшысы Манат Мусин айтып өткеніндей, үш қабатты нысанға заманауи құрал-жабдықтар сатып алынып, ішкі әрлеу жұмыстары аяқталған. Қазіргі таңда аумағын абаттандыру жұмыстары басталуда. Өткен жылдары ауыл балалары екі ауысыммен ескі мектепте оқыған. Барлығы 1800-ге жуық баланың 1027-сі жаңа мектепте бір ауысымдаоқитын болады. Бұрын аралас мектепте білім алған балалар енді қазақ тіліндегі жайлы мектепте білім алады.
Іссапар соңында облыс әкімі Марат Ахметжанов жауапты мердігерлермен және мемлекеттік орган өкілдерімен жұмыс кеңесінөткізді. Жиын барысында ұлттық жобаны жүзеге асырудағы негізгі мәселелерді, дайын ғимараттарды қабылдау аспектілерін талқылады. Өз сөзінде Марат Мұратұлы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына ерекше назар аударып, оның маңыздылығын атап өтті.
– Елдің болашағы жасөспірімдерге, олардың сапалы білім мен тәрбие алуына, денсаулығына көп байланысты. «Жайлы мектеп» біздің қарқынды дамуымызға жан-жақты әсер ететін жоба. Облысымызда 9 жайлы мектептің 7-еуі Целиноград ауданында салынып жатыр. Бұл жеті нысанды қыркүйекте тапсыруымыз керек еді. Өкінішке орай, біраз объективті-субъективті себептерге байланысты әзірге 4 мектепті тапсырамыз деп отырмыз. Құрылыс жұмыстарынан бөлек, кадр мәселесіне назар аудару қажет. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткеніндей, оқыту әдістері жаңашыл сипатта болуы керек. Білім басқармасы жаңадан ашылатын мектептердің оқу үдерісін ұйымдастыруды қамтамасыз етіп, педагогикалық және басқа да қажетті мамандарды даярлауы тиіс. Оқушылар санын толтыруда маңызды. Тамақтандыру, лицензиялық күзет, қауіпсіздік техникасына ерекше көңіл бөлінетін болады. Осы ретте, білім ошақтарындағы қалған жұмыстарды тездетуді тапсырамын, – деп облыс әкімі тиісті орындар мен басшыларға жеке-жеке тапсырмалар берді.
Сонымен бірге, «Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынып жатқан ауданның жеті мектебі әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өтіп, мемлекеттік коммуналдық мекемелерді құру туралы тиісті қаулы шыққан. Конкурстық рәсімдердің қорытындысы шығарылғанға дейін, мектептердегі директорлардың міндетін атқарушылар тағайындалып, педагогикалық және техникалық кадрларды алдын ала жасақтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Облыстық бюджеттен оқулықтар мен көркем әдеби кітаптар сатып алуға 184 миллион теңге бөлінген. Жаңадан іске қосылатын жеті нысанды ұстауға 1,9 миллиард теңге қаражат есептеліп, жоспарланған. Оған қоса, жаңа оқу жылында ашылатын 4,8 мың орындық төрт мектепке бүгінгі таңда оқуға қабылдануға 3,9 мың өтініш түсіп, қамтылу 83,2 пайызға жеткен. Және де, бұл мектептердің әрқайсысында төрт-төрттен мектеп алды даярлық сыныптарын ашу көзделген. Ол қосымша төрт жүз орынды құрайды. Сондай-ақ, жаңа білім ордаларының оқытушылармен қамтылуына келсек, бүгінгі күні төрт мектеп бойынша 313 педагог жұмысқа қабылданған. Оның ішінде, жұмыс істеп тұрған білім беру ұйымдарынан 216 мұғалім ауысу тәртібімен келсе, конкурс бойынша тағы 97 педагог қызметке орналасқан.
Ағымдағы жылдың аяғында аудандағы 4,4 мың оқушыға арналған үш мектеп те пайдалануға берілуі мүмкін. Олар, Қабанбай, Қаражар, Қоянды ауылындағы мектептер. Ал, 2025 жылы өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында он бір мыңға жуық орынға арналған тағы тоғыз білім ошағы салынатын болады. Бүгінгі таңда осы мақсатта отыз гектар жер телімдері бөлініп отыр.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Целиноград ауданы.