Бүгінгі таңда Ақмола облысында 561 денсаулық сақтау нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде стационарлық көмек көрсететін 23 ұйым, жедел жәрдем станциясы, қан орталығы, амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін 530 денсаулық сақтау ұйымы бар.
Халықтың денсаулығы жолында 376 медициналық пункт, 48 фельдшерлік пункт, 99 дәрігерлік амбулатория және 7 емхана қызмет атқарып келеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Ахилбеков айтып өтті.
– Халықтың денсаулығын нығайту – денсаулық сақтау жүйесінің маңызды міндеті. Мемлекет басшысының халыққа медициналық көмек көрсету тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау бойынша жұмыстар біздің аймақта да тиісінше қолға алынуда. Осы міндеттерді іске асырудың арқасында халықтың негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштері жақсарды. Ең алдымен, денсаулық сақтау саласын жаңғырту туралы айтсақ, облыстың медицина саласының басым бағыттарының бірі ауылдағы денсаулық сақтау саласын дамыту болып табылады. Қазіргі таңда облыстың 14 ауданында 43 мыңнан астам ауыл тұрғындары қамтылатын 38 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын салу жоспарлануда. Бұл жобалардың жалпы құны 10,6 миллиард теңге. Оның ішінде әрқайсысы 240 миллион теңге тұратын жиырма бір фельдшерлік пункт, 366 миллион теңгеге түсетін он төрт дәрігерлік амбулатория, құны 165 миллион болатын үш медициналық пункт салу көзделуде. Барлық жобалар бойынша сараптамалық қорытындылар алынды, – деді өз сөзінде Нұрлан Сәлімұлы.
Оның айтуынша, он жоба бойынша салалық министрлікке 2 миллиард теңге сомасында бюджеттік өтінім берілсе, он бес жоба бойынша Үкімет резервінен қажеттілік 1,4 миллиард теңгені құрайды. Алты жоба бойынша нысанды салуға талон алу рәсімдері жүргізілген. Бұлар Шортанды ауданына қарасты Киров, Жаңа Жайнақ, Жарлыкөл,Төңкеріс ауылдарындағы төрт фельдшерлік-акушерлік пунктіжәне Арнасай ауылындағы бір дәрігерлік амбулатория мен Шалқар ауылындағы бір дәрігерлік пункті. Қазіргі уақытта Жаңаесіл, Старый Колутон ауылдары мен Пятигорск кентіндегі үш нысан бойынша мердігерлерді анықтау мақсатында конкурстық рәсімдер жүргізілсе, облыс аумағындағы өзге 29 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.
–Сондай-ақ, Степногорск көпсалалы қалалық ауруханасы мен Атбасар көпсалалы ауданаралық ауруханасын жаңғырту жұмыстары басталған. Степногорск қаласының ауруханасын жаңғыртуға 427,6 миллион теңге бөлініп, жауапты мердігер «СК Мақсат ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып танылса, Атбасар ауруханасы бойынша сметалық құны 1 миллиард теңге болатын құрылыс жұмыстарын «КазЕвроСтрой» серіктестігі жүргізуде. «Ауылдық денсаулық сақтау мекемелерінің медициналық құрал-жабдықтармен қамтылуына тоқталсақ, өткен жылы 3,2 миллиард теңгеге 111 медициналық құрал-жабдық сатып алынды. Келесі жылы республикалық бюджет есебінен Степногорск ауруханасына 650 миллион теңгеге және Атбасар ауруханасына 1,3 миллиард теңгеге екі МРТ және компьютерлік томограф сатып алу жоспарлануда. 2023 жылдың қорытындысы бойынша денсаулық сақтау ұйымдары ғимараттарының тозуы 66,2 пайызды құрады. Бұған дейін тозу 73,6 пайызды құраса, біз оны 7,4 пайызға азайта алдық. Биылғы жылы 17 нысанға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге және 3 жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 1,8 миллиард теңге, оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 145,5 миллион теңге бөлінді, – деп басқарма басшысыденсаулық сақтау мекемелеріндегі жабдықтардың тозу жағдайын айтып өтті.
Сонымен бірге, облыс бойынша медициналық ұйымдарының көлік және басқа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілу көрсеткіші төмен. Мысалға, медициналық ұйымдарда 583 көлік болса, оның 52-сі жарамсыз. Орташа тозу 74,9 пайыз. 2024-2027 жылдар аралығында 50 көлік сатып алуға 3,7 миллиард теңге бөлінгелі отыр. Бұл жоспар орындалса, 2027 жылдан кейін ғана медицина саласы 100 пайыз жедел жәрдем көлігімен қамтылуы мүмкін. Жалпы бүгінгі таңда медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету көрсеткіші 83,3 пайызды құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,7 пайызға жоғарылады. Биыл жалпы аударымдар арқылы 4,4 миллиард теңгеге 510 көлікпен құрал-жабдық сатып алынды, – деді ол.
– Ал, денсаулық сақтау ұйымдарының жылыту маусымына дайындығына келетін болсақ, Ақмола облысында 561 денсаулық сақтау нысанының 50-і ғана орталықтан жылытылады. Қалған 517-сінде автономды жылу көздері бар. Жылыту маусымындағы көмірге жалпы сұраныс 15 мың тоннаны құрайды. Қазіргі уақытта конкурстық сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Жылу жүйелерін қауіпсіз пайдалануды ұйымдастыру және осынықамтамасыз ететін қолданыстағы жабдықтардың толық тозуына байланысты облыстық бюджеттік комиссия 55 жабдық сатып алуға 283,6 миллион теңге қаражат бөлді. Біржан сал ауданындағы жаңа ауруханаға 129,6 миллион теңгеге блок-модульдік қазандық алынды, – деді Нұрлан Ахилбеков осы мәселелер орайында.
Оған қоса, брифинг барысында медицина саласындағы кадр тапшылығы мәселесі де айтылды. Бұл ретте, ауылдық денсаулық сақтау мекемелерін медициналық кадрлармен қамтамасыз ету үшін дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлерінің кадрлық резерві жасақталған. Бүгінде облыстағы медициналық ұйымдарда 2218 дәрігер мен 6587 орта буын медицина қызметкері жұмыс істейді. Облыстағы медицина қызметкерлерінің жеткілікті деңгейіне келсек, Ақмола облысында 190 дәрігер тапшы, оның ішінде облыс қалаларында 65 дәрігер, ауылдық жерлерде 125 дәрігер қажет. Алайда, кадр тапшылығы өткен жылдан 22 пайызға азайған. Медициналық мекемелерге жаңадан жұмысқа орналасқан қызметкерлерге әлеуметтік көмек беру және баспанамен қамтуда жүзеге асырылып жатқаны белгілі болды. Ағымдағы жылдың сәуір айында 2023 жылы келген дәрігерлерге жалпы сомасы 220 миллион теңге біржолғы төлем түрінде әлеуметтік қолдау көрсетілген. Олардың арасында қалалық жердегі 20 дәрігердің әрбіреуіне 2,5 миллион, ауылдық жердегі 34 қызметкерге бес миллион теңге төленген. Қазіргі таңда облыстық экономика және жоспарлау басқармасына өткен жылы келген 58 дәрігерге 277,5 миллион теңге сомасында әлеуметтік қолдау көрсетуге бюджет қаражатын бөлу үшін тиісті бюджеттік өтінім берілген. Әрі 2023 жылы ауылдық елді мекендерге келген 59 дәрігер және қалаға келген 31 дәрігер тұрғын үймен қамтамасыз етілген.
Өткізілген брифингтен аңғарғанымыздай, өңірдегі медициналық-демографиялық көрсеткіштердің белгілі бір бағыттарда жақсарғаны байқалады. Облыста 4341 сәби дүниеге келген. Сәби өлімі 19,3 пайызға төмендесе, жазатайым оқиғалардан, уланудан және жарақаттанудан болатын өлім-жітім 8,4 пайызға, АИТВ-инфекциясын жұқтыру көрсеткіші 2,5 пайызға төмендеген. Бірақта, жоғарыда айтып өткеніміздей, маман тапшылығы және жедел жәрдем көліктері мен медициналық құрал-жабдықтардың толық қамтамасыз етілмеуі денсаулық сақтау саласының ең бір өзекті күрмеуі қиын мәселесі болып тұрғанға ұқсайды.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.