Мемлекеттік кірістер органдарының құрылғанына 10 жыл

Бюджеттің қоржынын молайтып, елдің ырысын арттыруға сүбелі үлесін қосып келе жатқан мемлекеттік кірістер органдарының қызметі аса маңызды. Экономиканың негізгі көрсеткіштерінің ұлғайту мақсатында жұмыс істеп келе жатқан іргелі мемлекеттік ведомстволық органдардың құрылғанына да 10 жыл толып отыр.

Осыдан аттай 10 жыл бұрын, 14 тамызда Қазақстан Республикасы Президентінің кезекті Жарлығына сәйкес Салық және кеден комитеттерінің функцияларын біріктіру арқылы Қазақстан Республикасында Қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік кірістер комитеті құрылған еді. Жаңа ведомство өзіне жүктелген зор міндетті абыроймен атқарып, өткені мен бүгінін айқындап, алдағы болашаққа нық қадам басып келеді.

Сонымен,Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер органдарының осынау жылдар ішінде атқарған жұмыстар легіне кеңірек тоқтала кетейік. Еліміздің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында мемлекеттік орган барынша қарқынды әрі қауырт режимде жұмыс жүргізгені тұтастай елдің көз алдында. Бұл елдің әлеуеті мен әлеуметтің, әсіресе, бюджет саласындағы жағдайдың бүтінделуіне игі ықпалын тигізіп жатқанын атап өткен жөн. Экономиканы дамыту, қоғамдағы әлеуметтік беріктік пен үйлесімділік, мемлекеттік бюджет қоржынының салық төлемдерінің есебінен ұлғаюы, халықтың кедендік сауаттылығы мен мәдениеттілігін арттыру жоғарыда аталған мемлекеттік кірістер органдары жұмыс бағдарының негізгі тұстары. Аталған жұмыстардың барлығы мемлекеттік кірістер органдарының күнделікті өз жұмыстарын сапалы әрі нәтижелі орындауы мен қажырлы еңбектерінің арқасында болып жатқаны ақиқат.

Он жыл ішінде салық және кедендік төлемдердің түсуі 715 пайызға өсті. Ақмола облыстық мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлері де бұл мақсатты орындауға өздерінің үлестерін қосуда. Салық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру мен цифрландыру және жаңа тәсілдерді игеру нәтижесінде ағымдағы жылдың 7 айында мемлекеттік бюджетке 240 миллиард теңге қаржы түсті. Оның үлкен үлесін «Макинск құс фабрикасы» ЖШС, «Алтынтау Көкшетау» АҚ, «Көкшетау минералды сулары» АҚ, «Степногорск подшипник зауыты» АҚ сияқты ірі салық төлеушілерден және басқа да кәсіпорындардан түсімдері құрайды. Салықтық және кедендік әкімшілендіру аясында қосымша резервтерді анықтау нәтижесінде 13 миллиард теңгеден астам қаржы қамтамасыз етілді.

Департамент кеден бекеттерінде әр түрлі кедендік режимдерде 6 мың 543 тауар декларациясын ресімдеді, оның ішінде декларациялардың 68 пайызы жасыл дәлізде, яғни, лауазымды тұлғалардың қатысуынсыз жүзеге асырылды.Жыл басынан бастап 468  мың  мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның 99,8 пайызы электронды түрде көрсетілгенін атап өткен жөн.

Бір қарағанда, он жыл аса ұзақ мерзім болмағанымен жаңадан әрі жаңа жүйеде құрылған мемлекеттік кірістер органдары үшін аса бір маңызды кезең болды десем артық айтқандық емес. Бірінші кезекте ең алдымен, осы қызметтің басы-қасында болып, мемлекеттік кірістер органдары қызметінің қалыптасу жолында сүбелі үлес қосқан құрметті ардагерлерімізге шынайы алғысымыз бен ақжарма тілегімізді айтқым келеді. Дәл осы арда азаматтарымыз – ардагерлеріміздің ұшан-теңіз еңбегі мен кәсібилігінің, баға жетпес үлестерінің арқасында біз бүгінгі қолданып отырған тұтас жүйе құрылып, одан әрі қарқынды даму жолына түсті.

Иә, біздің ардагерлеріміз күні бүгінге дейін өз істеріне шынайы берілген әрі сонау кезеңдерден бергі ізгі дәстүрлерді сақтаушы алтын қазынамыз іспетті. Олар белсенді өмір салтын ұстанып, үнемі қаланың және жалпы өңірдің қоғамдық және мәдени өміріне белсене қатысады. Жас ұрпақты тәрбиелеуге де үлкен үлесін қосып келеді. Сондықтан сіздерге шын жүректен шынайы алғысымды білдіргім келеді.

Иә, салықтың көпшілікке белгілі тұсы, экономиканың маңызды саласы мен бюджет қаржысының айналымының негізгі бөлігін құрайды. Оның уақытында әрі толық көлемде бюджетке түсуі қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған мемлекеттік және жергілікті мәнге ие бағдарламалардың жүзеге асырылуына тікелей ықпал етеді. Сондықтан, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіруге аса басым түрде назар аударылып келеді.

Салықтың дұрыс салынуын әрі оның бюджетке дер уақытында түсуін мыңдаған қызметкерлер жіті бақылап отырады. Елдің қаржылық әл-ауқаты олардың кәсібилігіне тікелей байланысты. Әрі еліміздің дамуының жаңа экономикалық шарттары жаңаша міндеттерді қояды. Бұл орайда, өңірдің экономикалық тұрғыда дамуына Ақмола облысының мемлекеттік кірістер департаменті де өзінің сүбелі үлесін қосып келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде «Маңызды басымдықтардың бірі «Азаматтарға арналған үкімет» саласы яғни азаматтарға қызмет көрсету болып табылады. Сандық технологиялардың көмегімен біз азаматтардың күнделікті өмірін барынша жеңілдетуге және барша азаматтарға тең мүмкіндіктер берілуіне қол жеткізуге ниеттіміз» деп тайға таңба басқандай етіп атап өткен. Осылайша Президент цифрландырудың барлық басымдықтардың ішінен бірінші орынға адамдық-орталықты қойып отыр.

Жыл өткен сайын елімізде электронды түрде ұсынылатын қызметтердің көлемі өсіп келеді. Мәселен егер 2014 жылы шамамен 93 пайыз көлемінде мемлекеттік қызмет электронды түрде көрсетілсе, қазіргі күні бұл көрсеткіш 99,8 пайызға жетті.

Мемлекеттік қызметтерді цифрлық форматта ұсыну – бұл аса маңызды үрдіс. Біз бұған сонау 2000 жылдардан бастап біртіндеп жеттік. Сөйтіп, қағаз декларациялардан кетіп, сапалы секіріс жасалғанын атап өткен жөн.

Мемлекеттік кірістер органдарының салық және кедендік саланы цифрландыру бойынша атқарылған барлық жұмыстары мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсартып, осығанжағымды бизнес орта қалыптастырып, халық пен бизнес үшін әкімшілік кедергілерді төмендетіп, мемлекеттік кірістер жүйесін айтарлықтай қолжетімді түсінікті әрі мөлдір етеді. Бұл өз кезегінде еліміздің экономикалық қауіпсіздігін де арттыра түседі.Елімізде көлеңкелі экономикалық қызметтің кері әрі жағымсыз ықпалы болып жатқаны жасырын емес. Көлеңкелі экономиканың негізгі себептері кәсіпкерлердің қаржылық сауатсыздығынан бастап, қасақана қулық-сұмдық жасауынан болып жатады.

Мәселен, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда біртіндеп жаппай декларацияландыру енгізілді. Жаппай декларацияландыру әділ салық салу, көлеңкелі экономиканы қысқарту, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, бюджетке қосымша түсімдердің түсуін, әлеуметтік саясатты жетілдіруді қамтамасыз ету үшін қажет. Мұның басты нәтижесі Қазақстан Республикасында салық мәдениетінің артуына ықпал етеді. Жаппай декларацияландыру лауазымды тұлғалардың заңсыз баюын бақылаудың тиімділігін арттыру есебінен сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында салықтық әкімшілендіру сапалы жаңа даму кезеңіне шығып, ірі масштабтағы реформалардың бірқатары жүзеге асырылып та қойды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Салық төлеу одан жалтару мен тәуекел етуге қарағанда тиімдірек болуы тиіс» деп атап өткен еді. Аталған тапсырмаға сәйкес жаңа Салық кодексі қабылданып, ол Қазақстанның салық жүйесін халықаралық тәжірибеге айтарлықтай жақындата түсті.

Мәселен, салықтар мен салық есептіліктерінің саны қысқарып, салықтық әкімшілендіру жүйесінде «сервистік тәсіл» қолданылатын болады. Бақылау-жазалау сипатындағы шаралардың орнына хабарландыру сипатындағы процедураларға басымдық берілмек. Тіркеуден өтуден бастап ендігі кезекте кәсіпорынның өмірлік цикліндегі барлық кезеңдерде былайша айтқанда, сүйемелдеп отыру жүзеге асырылады.

Салықтық жүктеменің азаюы туралы айтқанда, ол кәсіпорындарға тек табысын ұлғайтып қана қоймай, өндірісті кеңейтуге, даму мақсатында инвестициялауға тауарлар мен қызметтердің сапасын арттырумен айналысуға мүмкіндік беретінін айта кету керек. Бұл жалпы экономикаға да оң ықпал ететіні рас.

Сөзімді қорытындылай келе, Ақмола облысының мемлекеттік кірістер органдары алдағы уақытта да мемлекеттік мүдделерді қорғауға, қызметіміздің имиджін арттыруға, бизнес пен халыққа қолайлы жағдай жасауға, салық төлеушілердің сеніміне ие болуға бағытталған саясатты жалғастыратынын атап өткім келеді.

Құрметті әріптестер! Сіздерді кәсіби мерекемізбен құттықтай отырып, баршаңызға зор алғысымды білдіргім келеді. Әрқайсыңызға жаңа жетістіктер мен сәттілік тілеймін. Бізді алдағы уақытта да ортақ талпыныстарымыз бен міндеттеріміз біріктіреді. Осы жолда адал да қажырлы еңбек басты мақсатымыз болсын!

Дулат НҰРМОЛДИН,
Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар