Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Биылғы астықты жинап алудың ерекшеліктері - АРҚА АЖАРЫ

Биылғы астықты жинап алудың ерекшеліктері

Ақмола облысының егістік алқаптарында ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімі жақсы қалыптасты. Ағымдағы жылы дақылдардың пісуі өткен жылдармен салыстырғанда кешігуде. Бұл жыл вегетациялық кезеңде көп жауын-шашынның түсуімен ерекшеленді. Жауын-шашын облыстың топырақтық-климаттық аймақтарына біркелкі түспеді. Облыстың көптеген аудандарында мамыр-тамыз айларында жауын-шашынның орташа мөлшері көпжылдық орташа көрсеткіштен екі есе немесе одан да көп болды. Ағымдағы жылдың вегетациялық кезеңіне тән ерекшелік – ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімін қалыптастыру қалыпты ауа температурасы жағдайында өтуде. Сонымен қатар, кеш себу және вегетациялық кезеңнің созылуы дақылдардың кеш пісуіне әкелді. Кеш түскен жауын-шашын арамшөптердің өнуіне себеп болды.

Ағымдағы жылы тиімді ауа температурасының жиынтығы барлық соңғы құрғақ жылдардағы орташа көпжылдық мәндерден асып түсті. Мамыр-тамыз айларындағы тиімді ауа температурасының жиынтығы: 0 градустан жоғары – 1894 градус, 5 градустан жоғары –1382 және 10 градустан жоғары –894 градус, орташа көпжылдық көрсеткіштер сәйкесінше 1880, 1280 және 758. 2024 жылы ауа температурасының жоғарылауы негізінен, сәуір айында болды, ауа температурасы көпжылдық көрсеткіштерден 2,2 есе жоғары болды.

Өсімдіктер биылғы жылы топырақ ылғалының жетіспеушілігін сезінбеді. Өсімдік дамуының негізгі фазаларында тамырлы топырақ қабаты осы топырақ қабаты үшін танаптық ылғал сыйымдылығы шегінде болды. Мұндай жағдайларда минералды тыңайтқыштардың тиімділігі өте жоғары.

Биылғы жылы Ақмола облысында дәнді және дәнді-бұршақ дақылдарды жинау алаңы 5,4 миллион гектарды құрайды, оның 4,7 миллион гектары жаздық бидай, арпа 541,0 мың гектар. Майлы дақылдарды жинау алаңы 268,7 мың гектарды құрап отыр.

Ауыл шаруашылығы дақылдары астығының қалыптасуы жауын-шашынның көп түсуі мен тұрақсыз ауа райы жағдайында өтуде. Қазіргі жағдайда ауыл шаруашылығы дақылдарының пісу кезеңінде егін жинау әдісін таңдау шешуші рөлге ие болады. Міндет – астықты ысырапсыз толық жинап қана қоймай, сапалы астық жинау. Астықтың шығымдылығы мен сапасына пісу кезінде, жинау кезеңінде де ауа райы әсер етеді. Дегенмен, қолжетімді технологияларды пайдалана отырып, астық шығынын азайтып, егістік алқаптарынан жоғары сапалы астық жинауға болады.

Астық өнімдері сапасының төмендеуіне белсенді жел мен қатты жауған жаңбыр ықпал етіп,   сабағынан тік тұрған астықтың жатып қалуына әкеп соғуы және егін жинау процесін қиындатуы мүмкін. Мұның бәрі астықтың ылғалды партияларының пайда болуына әкелуі мүмкін.

Дәнді-бұршақ дақылдарың жапырылуы мүмкін, сондықтан, бұл егін жинауда қиындықтар туғызады.  Егістіктің ластану деңгейі егін жинау әдісін таңдауға әсер етеді. Егін жинау тактикасын таңдаудағы қиындықтар ауа райының сенімді болжамдарының болмауымен байланысты. Соңғы жылдары бұл климаттың өзгеруімен күшейе түсті.

Ақмола облысының егістіктерін талдау нәтижесі ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділік деңгейі өте жақсы екенін көрсетеді. Жаздық бидайдың өнімділік әлеуеті орта есеппен 1 гектардан 2,0 тонна және одан жоғары деңгейде.  Бұл өнім негізінен сабақ қорынан қалыптасты. Майлы дақылдардың өнімділігі 1 гектардан 1,5 тонна, дәнді бұршақ дақылдарының өнімділігі 1 гектардан 2,0 тонна деңгейінде күтілуде. Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімінің ауытқуы топырақ айырмашылықтарымен байланысты.

Астықтың биіктігі, дақылдардың ластануы, астықтың пісу деңгейі және әрине, ауа райы жағдайлары биылғы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау тәсілі мен әдістерінің өзіндік ерекшеліктерімен сипатталады.

Біздің аймақта табиғаттың тағы бір қауіптілігі – аяздың болуы. Зақымдану сипаты ауа температурасына да, астықтың пісу фазасына да байланысты болады. Бидай дәнінің ылғалдылығы 55-60 пайыз болғанда, дәннің үсуі өну энергиясы мен тұқымның өнгіштігінің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Толық сүттене пісу кезеңінде (ылғалдылығы шамамен 50 пайыз) тұқымның ұрығы төзімді және 2-3 градус аяздан кейін өнгіштігінің жоғалуы байқалмайды. Балауыздана пісу кезеңінде (ылғалдылығы 38 пайыздан төмен) тұқымның сапасы 5-7 градус аязда сақталады. Күзгі аяз дәннің тауарлы өңі мен нан пісіру сапасын өзгертеді. Бидай дәнінің сүттене пісу кезеңіндегі аяз астықтың семген дәні болуына әкелуі мүмкін, ақуыз мөлшері азаяды, ұн тарту сапасы нашарлайды, клейковина мөлшері және шынылығы төмендеуі мүмкін. Жауын-шашынның көп болуы астықтың тамырда немесе дестеде өнуіне немесе «ағып кетуіне» әкелуі мүмкін. Жауын-шашынның жиілігі астықтың «тіктұрған» масақтары мен жерге түскен масақтарды салыстырғанда өнуінің көп болуына әкелуі де ықтимал. Мұны біздің фермерлер соңғы уақытта қызықтырған шетелдік сорттарда байқауына болады! Бұл факторларды жинау тәсілдерін таңдау және астық партияларын қалыптастыру кезінде ескеру қажет.

Ағымдағы жылдың 18 тамызында 15-20 мамырда себілген жаздық бидай дәнінің пісу кезеңі «балауыздана пісудің басталуы» кезеңіне сәйкес келді. Мамыр айының соңында себілген жаздық бидай дәні «балауыздана пісудің соңы» кезеңіне сәйкес. Бұл жаздық бидайдың орташа мерзімде пісетін сортының өнімділігі 2,0 тонна және одан жоғары болған кезде байқалды. Жаздық бидайдың пісіп-жетілуі көпжылдық көрсеткіштермен салыстырғанда 7-15 тәулікке кеш.

Ағымдағы жылы жалпы астық шығымы көп болады. Бұл жағдайда ең маңызды мәселе – егін жинау, сақтау, кептіру жұмыстарын, әсіресе, тұқым учаскелерін ұйымдастыру. 16 тамыздағы астық сапасының алдын ала талдауы себу мерзіміне байланысты клейковинаның мөлшері биылғы жылы 23-24 пайыздың деңгейінде екенін көрсетті. Жауын-шашынның жиі түсуімен және жоғары ылғалдылықпен астықтың сапасы тамырда жақсы сақталады.

Дәнді дақылдарды, атап айтқанда, жаздық бидайды тікелей астыққа бастыру үшін келесі сипаттамалар қолданылады: танаптың ластану деңгейі төмен; астықтың біркелкі пісуі; астық бітіктігі (тығыз) (тығыздығы шамамен  1 м2 300 сабақ); сабағы төмен өсетін (50 см-ден аспайды). Бір кезеңді жинау астық толық пісіп, оның ылғалдылығы 25 пайыздан аспайды, содан кейін кептіреді. Ағымдағы жылы салқын ауа райында және баяу пісетін кезде екі кезеңді жинау әдісі негізгі саналады. Бидайды екі кезеңді немесе бөлектеп жинау тәсілін қолданғанда, келесі қағидаларды ескеру қажет: балауыздана пісу кезінде дәннің ылғалдылығы – 25-35 пайыздан төмен болуы. Астық массасының дестеде болу кезеңінде сабақтардағы қоректік заттардың арқасында астық пісіп үлгереді. Егін жинаудың бұл әдісін қолдану келесі жағдайларда негізделген: тұқым учаскелерін жинау; біркелкі емес пісу; жатып қалуы; жоғары астық бітіктігі; жоғары сапалы астықтың қалыптасуы және әрине, ластанған жерлер.

Астықты (арпа, сұлы, тары), бірқатар дәнді бұршақ дақылдарын (асбұршақ, майбұршақ, сиыр жоңышқа, ноқат және тағы басқалары) және майлы дақылдарды (рапс, зығыр, мақсары, қыша және тағы сол сияқтылар) жинау кезінде бөлек жинау тәсілі негізгі деп санау керек. Бұл дақылдардың биологиялық ерекшелігі – тұқымның біркелкі піспеуі және астықтың төгілу үрдісі. Астықтың тамырда тұрып қалуында егіннің айтарлықтай жоғалуы сөзсіз. Дестеге шабу кезінде масақтар бір бағытта орналасуы керек және астыққа бастыру кезінде комбайн астықтың шығынын болдырмау үшін масақтарға қарай жылжуы керек. Жатып (құлап) қалған дақылдарды жинау үшін сабақ көтергіш жаткаларды пайдалану қажет.

Бидай астығын жинаудың агротехникалық шарттары: сабағы жоғары болған кезде кесу биіктігін кем дегенде 15-18 сантиметр деңгейге дейін көтеру керек. Астық бітіктігі мен жауын-шашынның жоғары ықтималдығы кезінде астық сабағын жоғары кесуді орнату керек. Жоғары аңыз сабағында дестені кептіру үшін ең жақсы жағдайлар қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, жоғары кесу қар жамылғысының жақсы жиналуына жағдай жасайды. Кесудің биіктігін 3-4 сантиметр деңгейінде қамтамасыз ететін мамандандырылған дестелегіш бар, бұл әсіресе, майлы дақылдар мен бірқатар дәнді бұршақ дақылдарын жинау кезінде өте маңызды.

Піспеген дәнді дақылдардың араласуын және арамшөптердің тұқымдарының болуын болдырмау үшін егістіктің шеттерін бөлек кесу керек. Бұл әсіресе, көрші алқаптардың сорттарымен араласпау үшін жекелеген тұқым учаскелеріне қатысты. Беткейлер бөлек және тек тауарлық мақсатта жиналады.

Астықты жинаудың перспективалы тәсілі бар. Бұл – тарақты астық бастырғышты қолдану. Бұл ретте, комбайнның өнімділігі 40-50 пайызға артады, жанар-жағар май шығыны азаяды. Ең бастысы – болашақ егіннің негізі жасалады. Ол егістікте биомасса құру, қар массасының ерте және тиімді жинақталуы. Тарақты астық бастырғышты пайдалану дақылдарды жоғары ылғалдылықта (30 пайызға дейін) жинауға мүмкіндік береді. Бірақ, астықтың жоғалуын болдырмау үшін тарақты астық бастырғышты пайдаланған кезде бастыруды мұқият реттеу қажет.

Дәннің біркелкі емес және кеш пісуімен егінді тездету үшін дақылдарды десикациялау қолданылады. Әдетте, өсімдіктердің, атап айтқанда, бидайдың үлкен биомассасында клейковина мөлшері азаяды. Бұл жағдайларда дәннің пісетін кезеңінде дақылдарды синекация жасаған тиімді.

Майлы дақылдарды жинаудың да өзіндік ерекшеліктері бар. Зығырды өсіру талшықты алу ғана емес, сонымен қатар, кондициялы және жоғары өнімді қамтамасыз ету керек. Талшықты зығырды оңтайлы мерзімде жинау кезінде (ерте сары пісу) тұқымның 12 пайызына дейін жоғалады. Әрбір кешіккен күн 1,5 пайыз тұқым мен 2-3 пайыз талшықтың жоғалуына әкеледі. Кейінгі егін жинау кезінде тұқымның ауруға шалдығуы күрт артады, ал ертерек, қорапшалардың 65-70 пайызы әлі жасыл болған кезде, тұқымның жоғалуы 65 пайыздан асады. Шығындарды азайту үшін десикацияны қолдану қажет.

Десикация тұқымның сары пісуінің басталуын жеделдетуді және жинауды 2-10 тәулікке бұрын бастауды қамтамасыз етеді; тұқымның өнгіштігін 3-8 пайызға арттыру; зығырды кептіру пункттерінің өнімділігін 30-57 пайызға арттыру; зығырдың бумасын кептіруде отынды үнемдеу – 39-126 кг/га, электр энергиясын 39-127 кВт-сағ/га; зығыр комбайнының өнімділігін 46 пайызға арттыру. Талшықты зығырды комбайнмен жинау кезінде тұқымның бастарының 25 пайызы сары және 75 пайызы сары-жасыл болған кезде ерте сары пісетін кезең оңтайлы болып табылады. Сары пісу (толық пісу) фазасымен салыстырғанда, ерте сары пісу фазасында жинау ұзын талшықтың шығымдылығын 18-ден 22 пайызға дейін арттырады, алайда тұқымдар мен алынған бумасының ылғалдылығы жоғарылайды, бұл кептіру шығындарын арттырады.

Талшықты зығыр мен майлы зығырдың тұқымдық егістіктері үшін десиканттарды таңдау және оларды қолдану ережелері бірдей. Зығыр жапырақтарына, қорапшаларына және гүл тостағаншаларының жеке жапырақтарын тез кептіру әсері бар препараттарды қолдану керек, олар жылы ауа райында өңдегеннен кейін 1-2 тәуліктен кейін қоңырға айналады. Алғашқы 3-4 тәулікте тұқымға пластикалық заттардың жиналуы әлі де жүреді, содан кейін ол тоқтайды, тұқым массасы енді өспейді. Десиканттарды қолданудың оңтайлы мерзімі – ерте сары пісу кезеңінің басталуы, дақылдар сарғыш-жасыл түске ие болады. Қорапшалардағы жасыл тұқымдардың саны 20-30 пайыздан аспауы керек, ал қалған қорапшалар негізінен сары-жасыл және сәл сары тұқымдармен болуы керек. Гүлдену аяқталғаннан кейін 25-30 тәулік өтуі керек. Тым ерте десикацияға жол берілмейді, мысалы, жасыл пісу кезеңінде (гүлдену аяқталғаннан кейін екі аптадан кейін). Бұл жағдайда фотосинтездің ерте тоқтатылуына байланысты тұқымдар семген болып шығады, 1000 дәннің массасы 0,6-1,5 грамға азаяды. Мұндай тұқымдарда, әдетте, өну энергиясы мен өнгіштігі айтарлықтай төмендейді. Осы кезеңде өңделген және бақылау нұсқасындағы өсімдіктер арасындағы сабақтардың ылғалдылығының айырмашылығы 15-18 пайыз болады. Жетінші күні ол 7 пайызға дейін төмендейді, ал егін жинау кезінде ол іс жүзінде біркелкі болады. Зығырды қорапшаларының 75 пайыз піскен кезде бөлектеп шабуды бастайды. Тікелей комбайнмен жинау астықтың ылғалдылығы 15 пайыздан жоғары болмауын және толық пісуді қажет етеді.

Рапсты бөлектеп жинау барысында бұршақ қындарының 70-75 пайызы қоңырланған кезде және астықтың ылғалдылығы 30-40 пайыздан жоғары болмауы керек. Тікелей комбайнмен жинау кезінде ылғалдылығы 12 пайыздан аспауы керек.

Күнбағысты тікелей жинау барысында кәрзеңкелерінің 70-75 пайызы қоңырланған және ылғалдылығы 15-20 пайыздан жоғары емес, ал, біркелкі піспеген кезінде ылғалдылығы 30-35 пайыздан аспауы керек.

Астыққа арналған қарақұмық және тары астығын жинау кезінде негізгі әдіс бөлектеп жинау. Дестеге шабу уақыты – жемістердің 50 пайыздан астамы піскен кезде.

Жасымық дақылының пісуі біркелкі емес. Жасымықтың жоғары сабақты сорттарында бұршаққаптардың 50 пайыздан астамы піскен кезде дестеге шабады, дестеде 2-ден 5 тәулікке дейін кептіріледі. Астыққа бастыру кешіктірілсе, бұршаққаптағы тұқымдар қоңыр түске боялып, тауарлық сапасы төмендейді. Төмен өсетін жасымықтың сорттарында (сорттық ерекшеліктеріне қарай 30 сантиметрге дейін) бұршаққаптардың 85-90 пайызы қоңырланған кезде дақылды тікелей жинау арқылы жүзеге асырылады. Қолайсыз ауа райы жағдайында жасымық егістіктерін десикация жүргізу тиімді екенін көрсетеді.

Ағымдағы жылы асбұршақ дақылы үлкен биомасса қалыптастырды және біркелкі піспегенін ескере отырып, бөлектеп шабу тиімдірек. Асбұршақты жинау кезінде бұршаққаптардың 60-75 пайызы сары, тұқымдары қалыптасқан болуы керек. Егістіктерді десикациялау жұмыстары бұршаққаптардың 60 пайызы піскен кезде тиімді болады. Дәннің ылғалдылығы тікелей жинағанда 15-16 пайыздан, ал, бөлектеп жинау әдісімен 18-21 пайыздан аспаған кезде жинау керек.

Ноқат дақылын бөлектеп жинаған кезде бұршаққаптың шамамен 50 пайызы піскен кезде және тікелей жинағанда бұршаққаптың 85-90 пайызы піскен кезде жинау керек.

Биылғы ауа райының қиын жағдайында техникаларды, астық кептіргіштерді, астық қоймаларын сапалы дайындау егін жинаудың сапасы мен мерзімін арттыруға септігін тигізері сөзсіз. «Биг-Бэг» (үлкен қап) полиэтилен ыдыстарын пайдалану тиімді болады. Бұл астықты дайындау мен сақтаудың тиімділігіне қол жеткізеді.

Егінді жинау – бұл алдағы өнімді жоспарлау. Егістік алқаптарының құрылымын дұрыс жоспарлау, ауыспалы егіс алқаптарын жер пайдалану аймағының ландшафттары бойынша, әсіресе, еңіс жерлерге орналастыру су тасқыны жағдайларының қаупін азайтады.

Тәуекелді егіншілік аймағында егінді әртүрлі ауа райы сценарийлері бойынша жинауға тура келеді. Жинақталған тәжірибені, ғылыми ұсыныстарды және әсіресе, 2023 жылғы егін орағы сабақтарын қолдана отырып, биыл бидай мен басқа да дақылдардан рекордтық өнім алатынымызға сенімдіміз.

Қанат АҚШАЛОВ,
А.И.Бараев атындағы Шортанды Астық шаруашылығы
ғылыми-өндірістік орталығының зертхана меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар