«Жұлдыз» журналына саяхат

Көкшетау қалалық «Достар» мәдениет сарайы жанындағы үлгілі кітапхана биылғы жылдан бастап «Жұлдыз» журналын жаздырып алады. «Жұлдыз» журналы біздің бала кезімізде әкеміздің ең сүйіп оқитын журналы болатын. Кешқұрым әкеміз дастархан басында журналдан оқыған қызықты әңгімелерін бізге айтып беретін.

Біз, үйдегі балалар соны ықыласпен тыңдап, арманымызға, балалық құштарлығымызға қанат біткендей, аузымызды ашып отырып қалатынбыз. Бәлкім, осы күні кітапханашы болып, оқырманды жан азығымен сусындатып жүргеніміз де сол әкеміздің қазақтың қабырғалы журналы «Жұлдызды», басқа басылымдарды сүйіп оқып, ондағы жарық көрген дүниелердің мазмұн-мәнін бізге жеткізіп отырғанынан ба екен?! Шынында солай. Әйтеуір, сол кездерді қазір аса бір сағынышпен қимай еске аламыз.

Осы орайда, журнал беттерінде басылып шыққан материалдармен сіздерді таныстырғым келіп отыр.

Мәселен, журналдың екінші санында басылған көрнекті жазушы Роллан Сейсенбаевтың «Осы бізге не болған?!» атты мақаласы ешкімді бейжай қалдырмайтынына сенімдімін. Бұл мақала – автордың Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хаты немесе ұйқысыз түндердегі сағым ойлары. Жазушы мақаласында  еліміздегі келеңсіз жағдайларды қозғаған екен.

«Өткен қазақтың да, бүгінгі қазақтың да жанына ғана емес, қанына да сіңіп кеткен өрескел мінездер бар. Сол мінездер біздің жан-дүниемізді талқандауда. Олар көп-ақ, мен басты тоғызын ғана атамақпын. Оның бірі – даңққұмарлық, екіншісі – дарақылық, үшіншісі – намыссыздық, төртіншісі – жалқаулық, бесіншісі – өсекшілдік, алтыншысы – опасыздық, жетіншісі – жемқорлық, сегізіншісі – билікқұмарлық, тоғызыншысы – өтірікшілік»– дейді автор. Елдің болашағына алаңдаған жазушы қазақ жастары өз халқының тарихын білуі, тектілерін тануы, өлмес кітаптарын оқуы керек екендігін айтады.

Тарихымызға терең бойлаймын десеңіздер, осы «Жұлдыз» журналынан жазушы Мұхтар Мағауиннің «Алтын Орда» (№ 1,2, 3 сандары) танымдық тауарихын оқуға кеңес береміз. Жазушының ізденістері нәтижесінде Алтын Орданың шынайы, толық тарихын біле аласыздар.

Журналдың әр санындабелгілі жазушы, тарихшы, фольклортанушы және этнограф Зейнолла Сәніктің «Қазақ этнографиясы» атты кітабынан алынған«Халықтың көне көмбесі» атты топтамалар да жарияланып тұрады. Одан халқымыздың тұрмыс-тіршілігіне, салт-дәстүріне, күнделікті өмірде пайдаланып келген, қазіргі күндері қолданыстан шығып қалған амалдары, заттары мен құралдарына қатысты танымдық, қызғылықты мәліметтермен танысуға болады. Мақала жас ұрпақтың ата-бабалары қалай өмір сүріп, тіршілік еткенін біле жүруіне көп септігін тигізеді деп ойлаймыз.

«Қазіргі проза» айдарынан жазушы Тұрысбек Сәукетаевтың «Өлгендер қайтып келеді» атты әжуа аралас мұңлы роман-фэнтезиімен қауышу да ғанибет. Журналдың № 2, 4, 5 және 6 сандарында жарық көрген бұл туынды  «Мен – жындымын» романының жалғасы. Айта кету керек, 2017 жылы жазушының «Мен – жындымын» романы жылдың үздік кітабы болып танылып, дәстүрлі «Алтын қалам» әдеби байқауында жеңіп шыққан. «Өлгендер қайтып келеді»романы да«Mecenat.kz» әдеби байқауының жеңімпазы атанды. Осы еңбегі  үшін енді автор өмір бойы ай сайын 500 доллардан сыйақы алып отырады.

Кітапта бүгінгі қоғамның шынайы көрінісі сөз етілген. Автор күнделікті болып жатқан жағдайларды траги-комедиялық сарында жеткізеді. Бас кейіпкер Тауфих – болашағынан зор үміт күттірген білімді, ой-зердесі биік, көңілі таза азамат. Сондықтан да, ол өмірден көп қағажу көреді.«Әрбір қоғамда сол қоғамнан оқшау ойлайтын, басқаша көзқарастағы адамдар, шындықты айтатын адамдардың бәрі ақымақ болып есептеледі. Ол шын мәнінде жынды емес, шын мәнінде өте талантты, өте интеллектуал адам» дейді кітап авторы Тұрысбек Сәукетаев.

Жазушы қоғамдағы келеңсіздік пен жалғандықтың жеке адам тағдырына тигізген залалы, шындық, әділеттік, махаббат, тағы басқа да адами құндылықтардың құнсыздануының кейіпкер жанына әсерін көрсету арқылы қоғам мен адамның жеке болмысындағы ізгілікке, әділетке құштарлық идеясына назар аудартады.

Детектив жанрын сүйетіндерге жас қаламгер Абай Аймағамбеттің «Бұрылысқа жарты қадам қалғанда…» атты романын (№ 4, 5) оқуға кеңес береміз. Роман оқиғасы 2014-2022 жылдар аралығында өрбиді және бұған жазушылықпен айналысатын кейіпкер өмірі өзек болады. Талғат есімді жазушы жігіт тапсырыспен басқаларға әдеби шығарма жазып берумен айналысады. Алайда, оған әуелі әйелдерді өлтірген, кейін сол оқиғаны көркем шығармаға айналдырып отырған деген айып тағылады. Ол, әрине, мұндай айыптаумен келіспей, ақталып баққанымен, оның қанды қол қылмысқа барғанын растай түсетін айғақтар пайда бола бастайды.

Белгілі балалар жазушысы Толымбек Әбдірайымның «Ағаш үйрек» тақырыбымен берілген әңгімелерін журналдың № 6 санынан оқи аласыздар.

Сонау 1922 жылдан шыға бастаған, демек, бір ғасырдан астам уақыт бойы ел мен ұлттың әдеби көшін ілгерілетіп келе жатқан Алаш жұртының әдеби, әлеуметтік журналының биылғы сандарында бұдан басқа да көз тоқтатып, зейін қоярлық тартымды дүниелер аз еместігіне біз кепіл. Ендеше, құрметті оқырмандар,сіздерді кітапханамызға шақырамыз. Келіңіздер, біз айтқан «Жұлдыз» журналымен таныс болыңыздар, үйге алып, оқыңыздар!

Алтын ІЛИЯСОВА,
«Достар» мәдениет сарайы жанындағы Көкшетау қалалық
 үлгілі кітапханасының кітапханашысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар