Сарбас Ақтаев: «Талай жерге келдік біз!»

 Алты атар асықтай ойлар

Ақындықты әкімдікке құрбан қып

Жүрген жандар нәгіз құдай ұрған жұрт.

Жаттап айтқан мың сөзінен әкімнің

Жүрек жарды бір сөзі артық ақынның.

Әншейінде тайсалмайтын тәңірден

Тура сөзге бас иеді әмір де.

 

***

О бесігі, бесігі балалықтың,

Қадірінді кезіңде шала ұқтым.

Ер жеттік те, кең әлем етті тарлық

Кең әлемге сия алмай алабұрттым

Алабұрттым жаһанға жеткізе алмай,

Ұланы екенімді ғажап ұлттың.

 

***

Күндік ғана ғұмыры бар көбелек,

Мың құлпырып жанарыңды арбайды.

Байлық, барлық болса дағы керемет

Сәттік қана, онша ұзаққа бармайды

Бақыт деген бүгін бар да, ертең жоқ,

Дүние шіркін, оңғақ пұлдай алдайды.

 

***

Қылтың-сылтың бір кездегі ойын да,

Қылтыңды енді қажет шығар қоюға.

Сылтың мінез болмау керек бойыңда,

Аға атағың толық сіңіп үлгермей,

Ата атағы тағы мінді мойынға,

Қайткенмен де кәрілігіңді мойында.

***

Көз сығыр, құлақ керең, бас есалаң,

Сонда да жүргендейміз есен-аман.

Қанша күн от оттап, су ішеріңді

Алла емес, айылы бос шеше ме адам!

Жалғасып келе жатқан неше заман,

Бұл жұмбақ шеше алмаған ата бабам.

Наурыз, 2023.

 

***

Таяқсыз аяқ тәлтірек,

Қаласың замат әлсіреп.

Орныңнан әрең тұрасың

Таяныш іздеп, жер тіреп.

Таяқ пен аяқ селбесіп,

Жүріп-тұру бар тілек.

 

Наурыз, 2023.

 

***

Қартайғанда қуатың тілге ауысар,

Қиял шарлап өткенді шырлай ұшар.

Отырасың есілтіп ескілерді,

Ұмытып қап бүгінгі естігенді.

Естен шықпай ескілік зердедегі,

Жаңалықтың өмірге енбегені. Иә…

20 қазан, 2023.

 

***

Қандай десең тоқсанда ер,

Селкілдейді соқса жел.

Дауыл тұрса белгісіз,

Домалары қанша жер.

Білмей айтқан жоқ шығар,

Қаңбақ шал деп тоқсанды ел.

 

***

Жылдар жылжып, айлар ағып, күн зырлап,

Жүріңдерші дәл осылай жыр жырлап.

Жаңа жылдың, жұлдызындай жарқырап,

 

Бастарыңда аумайтындай тұрсын бақ.

Ұлдарымның өнері асып асқақтап,

Қыздарымды қадірлесін гүл сыйлап.

 

***

Бүгінде жұрт бәсекемен егесіп,

Салғызып жүр түрлі-түсті көп есік.

Күрең қабақ күрең есік тұсында

Бізде ғана әмбеге ашық ақ есік.

Аңқылдаған ақ көңілім секілді

Осы есікпен ере келер ырыс ілесіп.

 

***

Сөйлеп кетсем саңқылдап қырандаймын,

Аңқылдап аттың басын бұралмаймын.

Делебем қызып алса тоқтамайтын,

Таңды таңға ұратын жыраудаймын

«Ал тұр» десе сол бір сәт бел жібермей,

Кемесіндей Ислампол бұраңдаймын.

 

***

Он оннан тоғыз астым қыр

Қайтемін артық жасты бұл.

Күтіп-ақ қалған шығар-ау

Торқалы топырақ, тас тұғыр…

Жұртыңа себің, тимесе,

Көп жасау да өзі пәс ғұмыр.

Қазақ атты Алашым

Атаған соң өз атыңмен Ел атын,

Саған салмақ ауыр, рас, салатын.

Бар міндетті өз мойныңа артып ап,

Қара нардай зорға бүлкіл қағасың.

Сондықтан да, кең жайылмай қанатың,

Көп нәрседен қағажулау қаласың.

Ен байлыққа шүйгіп жүрсе кірмелер,

Олар көрген игіліктен адасың.

Шалқып, толқып отырса жұрт айнала,

Сен қолыңа тигенге мәз боласың.

Бұл түріңмен қай ұшпаққа барасың,

Қашан ғана өз үлесіңді аласың,

Қашан ғана төрдегі орныңды табасың,

Қазанатты Қазақ атты Алашым?!

Бас ұлтсың деп басқа ұлттарға жем  қылып,

Қойған жанның Құдай берсін сазасын!

01.12.21.

Әкемен сырласу

 

Ойсырай қоймағанмен ақыл-күшің,

Омсырай бастаған ба, батыр мүсін?!

Қолыңа таяқ тұтқан иек төсеп,

Айбарлы арыстаным, жатырмысың?

 

Ат басын бұрып әдей, сонау жерден,

Қайда деп азаматтар сәлем берген.

Сағынған шығарсың-ау, сірә содан,

Маңдайда әжім ізі тереңдеген.

 

Жатсың ба, әлде өткенді есіңе алып,

Бәрі-бәрі көз алдыңнан өтуі анық.

Төбеге көтергенде қадыр тұтып,

Төменге құлатқанда дәті барып.

 

Ту тұтқан асыл ерді ел намысын,

Қиғандар қиянатқа болғаны шын.

Көре алмай күңшіл өңез кейбіреулер,

Ел-жұртқа тигені үшін қолғабысың.

 

Жазықсыз жала жауып аяғында,

Қарытты Колыманың аязына.

Сонда да ақ иіліп сынғаны жоқ,

Адалды әділ тағдыр аяды да.

 

Жан едің тұла бойың тұнған жалын,

Еңсеңді түсіртпеді ізгі арманың.

Оралдың отбасыңа аман-есен,

Болмай-ақ бір күнгідей қиналғаның.

 

Сүттей ақ қарады ма пейіліңе,

Бөледі Тәңірі өзінің мейіріне.

Тұқымы тұздай құрып кетті ақыры,

Құртамыз дегендердің сені мүлде.

 

Халқыңның қосқалы үлес жеңісіне,

Жең түріп кеттің кіріп ел ісіне.

Бел шешпей, ертелі-кеш аттан түспей,

Шүйгідің зейнетті еңбек жемісіне.

 

Құрбан ғып малың менен жаныңды арға,

Қамқоршы болдың барлық бауырларға.

Көрсетіп игі істердің өнегесін,

Бастадың ұжымы нық қауымды алға.

 

Түлетіп туған жердің топырағын,

Кең жайған бәйтерексің жапырағын.

Ен жайлап отыр енді ұрпақтарың,

Сарыөзек, Жуантөбе атырабын.

 

Қонысқа мирас қалған бабалардан,

Өзіңсің тірек болған нән абыз жан.

Аққудай ерте айырылып сыңарыңнан,

Көз жазып қалдың әттең, анамыздан.

 

Жұп жазбай жүргендерің жарасатын,

Қызыға, қызғана жұрт қарасатын.

Аузынан тастамайды әлі ағайын,

Анамның кең пейіл, мол парасатын.

 

Жүрегің дір ете қап қуаныштан,

Гүр етші дүр сілкінші, кәрі арыстан.

Бірер ай көрмей сені тұра алмаймын,

Сағынып келдім тағы ту алыстан.

 

Бұл ұлың доқ та көрді, топқа да енді,

Өзіндік тақ та мінді, бақ та көрді.

Әкем сен болғаныңа мақтанушы ем,

Балаң мен болғаныңа мақтан енді.

 

Дақ салмай Ақтайұлы деген атқа,

Танылдым сөз сыйлайтын жамағатқа.

Тоқсанның төріне де таяп тұрсың,

Жасыңды балаңа да аманатта,

Елім деп еңіреген азаматқа.

1990-2015.  

 

Менің анам

Менің анам онша әдемі болмайтын,

Ал ісмерлік, іскерлікте алдына жан салмайтын.

Ұстазы еді тігінге әуес жандардың,

Он саусағы кесте үстінде күйсандықтай ойнайтын.

 

Тон тігетін өңірін елтірімен сейсектеп.

Мезі етпейтін бой-басыңды өлшеп көп.

Көзбен пішіп тіккен киімі иесіне,

Қона кетеді құрағандай бөлшектен.

 

Текеметке түр сап ою оятын,

Ол тоқыған термеге көз тоятын.

Түскигіздің үшкілдері үкілі,

Сұратып көрмеге де қоятын.

 

Жаршысы боп өткен ұлттық өнердің,

Білмепті ғой қадірін қас шебердің,

Алтын қолы зерлеген бір бұйымын,

Сақтамапты ұрпағы үшін келер күн.

 

Зердесі оның қатталмаған мұрағат,

Шежіреден жібермейтін бір ағат.

Үлкен-кіші құрбылары жүретін,

Баласының туған күнін сұрап ап.

 

Жас дәуренің көз алдыма тізілген,

Әндететін мөлдір үннен үзілтіп.

Қырық мысалды қырық түрлі әуенмен,

Отыратын іс тіккенде сызылтып.

 

Сонау зұлмат зар жылдары кесірлі,

Бейкүнә әкем Итжеккенге кесілді.

Сонда анам ертелі-кеш бел шешпей,

Бес баланы маңдай термен өсірді.

 

Ағайынға көлдей еді пейілі,

Панасызға тіптен бөтен мейірлі.

Өмірінде алты келін түсірсе,

Менің ғана жарым туған келіні.

 

Рас, анам онша әдемі болмайтын,

Ал мен үшін одан сұлу озбайтын.

Қалды ақылы жаназық боп біздерге,

Мәңгі-бақи шамшырақтай маздайтын.

Мәңгілікке маздайтын!

25 қыркүйек, 2023.

 

 

Бұла гүл

Немеренің төлбасы емес,

Ең басысың мен үшін,

Тұла бойың толған ақыл, келісім.

Терең зерлеп тірліктің,

Кең тынысын,

Жайдың жұртқа біліміңнің жемісін.

Еңбек етсең өзің емес, ел үшін,

Сый-құрметтің көрерің хақ жемісін.

 

Тәңірім саған қасиет берген сансыз көп,

Маңдай берген бақыт құсы қонсын деп.

Таңдай берген ізгілік нәрін емсін деп,

Қас та берген ай қабағын керсін деп,

Шаш та берген қос бұрым ғып өрсін деп,

Бой да берген ойына сай болсын деп.

 

Бәрін берген:

Көз қызығар түрің бар,

Сөйлеп кетсең баурап алар,

Майда мақпал үнің бар.

Үш ұлт үйып тамсанардай тілің бар,

Жас та болсаң,

Жұрт таңырқар білім бар.

Саған тартсын соңыңнан ерген құлындар.

Қадірлісің,

Алқалаған тамам жас,

Сабырлысың жер қозғалса қозғалмас,

Қажырлысың мұқалмайтын ақ алмас,

Мінезіңнен дұшпан да сын таба алмас.

 

Ертеңіңе дәл осылай қадам бас,

Бұла құлыным,

Тұла гүлім – Заринаш!

Өтіп кетпей уақытың,

Ашылсын тек бақытың!

26 қыркүйек, 2023.

 

 

Алпысты аңсау

Алпысымды әспеттеп Тал түс дегем,

Асылымда Бесін ғой алпыс деген.

Жетпісте Екіндіге күн еңкеймек,

Ал сексен Ақшамменен шарпыз кезең,

Сексен бесте күн қонып ұясына,

Көзден бұл-бұл ұшады Тал түс төрең.

Тоқсанда қызыл тарқап, қызу қайтып,

Айдында әрең, тұрар қалқып кемең.

Жүзге жетер ілуде біреу ғана,

Дәметердей одан мен арыс та емен.

Өкпемді одан әрі сүйретпей-ақ,

Шаруамды жинақтайын бар істеген.

Ендігі орным Көктәңірі, Ғарышпенен.

 

Тоқсан толғауы

Ойхой, Тоқсанға шыққан жасым бар,

Жасыма лайық басым бар.

Басыма лайық зердем де,

Тұрмыстан түйген ақыл бар.

Ақылға бейіл жарандар,

Оның да дәмін татыңдар.

Жарамаса кәдеңе,

Тыңдамауға хақым бар,

Орданы ойға жақындар.

Иә, Тоқсанға шыққан жасым бар,

Жасыма лайық жанарда,

Жарқылы зиба жасын бар.

Сол жасыннан от алып,

Түлеген талай досым бар,

Сол достарым сыйлайтын,

Кетпесін тек қасымнан,

Жүрегі жібек асыл жар.

Тоқсанға шыққан жасым бар,

Жасыма лайық қосым бар,

Қосымнан іші той-думан,

Балақан, кілең асылдар.

Мұрагер боп күні ертең,

Шаңырағымды ұстар осылар.

Тыныш болса заманы,

Ұрпаққа ұрпақ қосылар,

Қарт жүрекке осы мәдет, осы нәр!

Қыркүйек, 2023.

 

 

 

Тағдырау, қайда әкеттің?..

Ауыл-үй қонған Сексеннен сырт айналып,

Тағдыр-ау, мені барасың тағы қайда алып?!.

Тайраңдауға Тоқсаныңның төрінде,

Лайықпын ба, ә? – деп отырмын және ойланып.

 

Тайраңдауға жетер ме қажыр-қарымым,

Атымның сыры өзіме ғана, өзіме ғана мағұлым.

Бірақ та, бірақ ауыздығымен алысқан,

Тұлпар уақыттың тоқтатар қай күн күш-ағынын.

 

Нар тәуекел, қайда апарып, қай адырға жығарын,

Біле алмай, медет Жаратушыдан сұрадым.

Көпті көріп, көпті өткерген, көп жасап,

Болмауы  керек пенде баласына, сірә, мін.

Әзірге жұмбақ қай белден асып тынарым,

Қанша жас жасап, қай жерге барып құларым.

30.11.21

 

Ақыл мен әлует

Жас мақтанар ақыл-ойым кемел деп,

Қарт мақтанар күш-қуатым ерен деп.

Екеуінде екеуі де жоқ бірақ,

Мақтандары құр әшейінгі батпырақ.

Бәрі-бәрі құдіреттің ырқында.

Қаусаған шал қылса дағы қырқында.

Баланы етсе ақсақалдан ақылман.

Қарияны әлді қылса батырдан,

Тек пендені ада етпесе болғаны,

Әлует пен ақылдан!

12.09.21.

 

 

Сүйін сен

Қазағым-ай,

Әлжуаздау көрінгенмен бүгін сен,

Дірілдеткен едің кеше дүйім дүние жүзін сен.

Дүбірлеткен едің және Алтай, Альпі арасын,

Көктәңірің демеп, сүйеп, жазатайым сүрінсең,

Жебеп-желеп жол таба алмай, шыбын жаннан түңілсең.

Күш-қуатың еселенер тарихыңа үңілсең,

Ғажап елсің, Азат елсің бүгін сен.

Жүнжуге де, жүдеуге де хақың жоқ,

Тұрғанында дербес шалқып туың сен.

Тұрғанында кеуде керіп ұрпағың,

Ділім сен деп, дінім сен деп, тілім – сен.

Ақыл-ойың асып-тасыр ата-баба аруағына жүгінсең.

Алдағы арай таңдарыңның шапағына сүйін сен!

01.12.21.

Жан жайлауы

Маңдайдағы қос сызық сайға айналды,

Осы шығар уақыттың ойға алғаны.

Бұлбұл ұшып барады жанарымнан,

Жастықтың жаз жайлауы, сайран бағы.

 

Көшсе де өз сәнімен сайран бағы,

Өшпес-ау, өткен күннің ойдан бәрі.

Үп еткенге елеңдеп үркек жүрек,

Қояды тайдай тулап байлаудағы.

 

Қырандай қиянды аңсап қай-қайдағы,

Арманның да арзыған жоқ бойдан нәрі.

Әлі де белді буып беріп кетпек,

Шақырса тірліктің шалт майдандары.

 

Тірліктің мәнін терең ойланғалы,

Кетеді қиял самғап Айдан да әрі.

Кісінің тәні тозып, күз шалғанмен,

Жаз болып қалады екен жайлау жаны.

Бәлкім, бұл – өмір заңы, майдан мәні!

Тамыз, 2019.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар