Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Үздік педагог» байқауының жеңімпазы - АРҚА АЖАРЫ

«Үздік педагог» байқауының жеңімпазы

Еліміз бойынша дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Үздік педагог» байқауына жыл сайын өзіндік озық педагогикалық әдістемесі бар, тәжірибесі мол, үнемі шығармашылық ізденіс үстінде жүретін жасампаз ұстаздар қатысып жүр. Былтырғы байқауда осы шығармашыл жолдағы үздіктер қатарынан біздің жерлесіміз Гүлайым Қалмағанбетова да көрініп, республика көлемінде облыстың абыройын үстем етіп, мерейлі жеңісімен барша ақмолалықтарды қуантқан болатын. Мұғалім күні мерекесі қарсаңында осы ұлағатты ұстаз жайлы бір мақала жазуды жөн санап, арнайы сұхбаттастық.

Әңгімелесе келе, Гүлайым Тастанқызының бойынан жан тазалығы мен көңілінің ақтығын, пейілінің кеңдігін, адамгершілігінің молдығын, нағыз мұғалімге тән қасиеттердің тұнып тұрғанын байқадық. Ең бастысы, шәкірттеріне деген ұстаздық сүйіспеншілігі мен мейіріміне, мамандығына адалдығына тәнті болдық.

«Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, әдістемеден хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім» деген Алаш арысы Ахмет Байтұрсыновтың бұл сөзі ғасырға жуық уақыт өтсе де, ескірмек емес. Бүгінгі жас ұрпақтың оқып-білуге деген құштарлығы мен ілім-білімге ынтасын ашатын ұстаздар – мектеп мұғалімдері педагог ретінде әрқашан өздерінің білімін шыңдап, жаңалық іздеп, заманға сай, осы ұстаздық деген ұлы қасиетке лайықты болуға тырысуы керек. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де осы ұстанымды санасына түйген жандардың бірі.

–Қазіргі жаңа заманға сай мұғалімге қойылатын талап та жоғары, жүк те ауыр. Десе де, жақсылық атаулыны бойымызға сіңіріп, білгенімізді шәкірттерге дарытып келеміз, ана тіліміз бен ділімізді ұлықтап, ұлт руханиятына бойлауына барынша еңбек етудеміз, – дейді Гүлайым Тастанқызы. «Үздік педагог – 2023» байқауының жүлдегеріатанған ол Бурабай ауданының орталығы Щучинск қаласындағы №9 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып сабақ береді, педагог-шебер, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, әріптестерінің арасында құрмет пен қошеметке бөленген ұлағатты ұстаз.

Кез келген адамның мамандық таңдауына оның айналасы, өскен ортасы мен жақындары ықпал етеді емес пе? Сол тәрізді еліктің ерке лағындай өскен Гүлайым сауатын ашып, қалам ұстауды үйренген білім ұясындаөзінің мұғаліміне еліктесе, үйде жеңгесінеқарап бой түзеген. Сөйтіп, ұстаз деген мәртебелі мамандықтың тұтқасын ұстаған.

–Менің мұғалімдік мамандықты таңдауыма қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әбдірахман ағайымның ықпалы зор болды деп ойлаймын. Ол әдебиет сабағын түсіндіргенде оқушыларды әр шығарманың тұңғиығына бойлатып, кейіпкердің өмірін сүріп жатқандай әсерде қалдыратын. Мектептегі ең сүйіп оқитын пәнім – осы қазақ тілі мен әдебиеті сабағы болды. Сол ұстазым мені пән олимпиадасына, шығармашылық сайыстарға жетелеп жүріп қатыстыратын, ұстаздық мамандықты таңдауыма ықпалы зор болды. Десе де, мамандық таңдауда жаңылмағанымды республикада үздік педагог атанғанымда толық сезіндім, себебі, бұл атаққа мұғалімдік мамандықтың майталмандары ғана жететіні сөзсіз, –дейді кейіпкеріміз. –Әрі менің жеңгем де ұстаз болған. Ол күнде үйде кешкісін оқушылардың дәптерін тексеріп отыратын, сонда оның қасына барып, бірге көмектесетінмін. Ол жаңа сабаққа арнап көрнекілік құралдарын жасағанда, тақырыпты түсіндіруге жаңа ойындар ойластырып отырғанда, қызығып, жанынан шықпайтынмын. Әрі кішкентай кезімде үйде бауырларыммен «Мұғалім мен оқушы» ойынын ойнағанда,ылғи мұғалім болып сабақ беретінмін.

Түркістан облысының Жетісай ауданы Әбдіхалық ауылында туған Гүлайым Тастанқызы қарапайым жұмысшы отбасында, қазақы тәрбиемен өскен. Әкесі Тастан Қосқараұлы мен анасы Қарқара Түймеліқызы екеуі мына жарық дүниеге 9 баланы әкеліп, жеткізген, барлығының да жоғары білім алып, өмірге кірпіш болып қаланып, өз орындарын табуларына мүмкіндік жасаған. Совхозда тракторшы болған әкесінің еселі еңбегі еленіп, түрлі медальдармен де марапатталыпты.

–Мен көбінесе ата-әжемнің қолында тәрбиелендім. Атам шабандоз болатын. Әжем қолөнер шебері еді. Кілем, алаша тоқып, ою оятын. Өзі бір іспен айналысып отырса, бізді, яғни, немерелерін қасына жинап алып, «мынау ұят болады», «мынаны қыз бала жасамайды» дегендей тәрбиелі әңгімелерін құлағымызға құя беретін. Бізді де жастайымыздан үй шаруасына, еңбекке баулыды, –деп Гүлайым Тастанқызы өзінің әжесі айтып кеткен өнегелі әңгімелерін еске алды.

Міне, осындай өрелі ата-әже мен еңбекқор ата-анасының тәрбиесін көріп өскен бойжеткен ауыл мектебін ойдағыдай тәмамдаған соң, көрікті Көкше қайдасың деп, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтына оқуға келіп түседі. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша оқуын бітіріп, табиғаты сұлу да көркем Бурабайдың етегіндегі Абылай хан ауылының Шортанбай есімді жігітіне тұрмысқа шығып, 32 жылдан бері бірге бақытты да мағыналы ғұмыр кешуде. Білім қуып келген ару бүгінде үш баланың ардақты анасы, көз қуанышы – екі немересінің аяулы әжесі.

Тұрмыс тіршілігі мен ұстаздық мамандықты қатар алып жүрген Гүлайым Тастанқызы еңбек жолын Целиноград ауданы Қосшы орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі және директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып бастаған екен, кейін тұрмыс тауқыметімен жүріп, Щучинск қаласының №4, Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар ауданының орталығы Талшық кентіндегі №1 орта мектептерінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болыпты. 2007 жылдан қазіргі кезге дейін Бурабай ауданы Щучинск қаласындағы №9 мектеп-гимназиясында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі және директордың оқу ісі жөніндегі  орынбасары қызметін атқарып келеді, әрі 2018 жылдан бастап облыстық гуманитарлық оқу-әдістемелік кабинетінің сарапшылар тобының мүшесі.

Өмір біздің алдымызда қандай сынақ пен мүмкіндік дайындап қойғанын білмейміз ғой. Әр адамның тағдыр талайы әртүрлі. Гүлайым Тастанқызы жеңілі мен ауыры, шуағы мен дауылы қатар жүретін өмірде қатерлі дертпен де күресіп, тұлымшағы желкілдеген балапандарының тілеуімен, жан серігінің қолдауымен, ең бастысы Алланың жарылқауымен обыр ауруын да бір адамдай жеңген жан. Сондықтан, ол үшін отбасы – ошақ қасы, отбасы мүшелерінің денсаулығы мен амандығы қашан да алдыңғы орында.

–Иә, рас уақытымның көп бөлігі мектепте өтеді. Дегенмен, отбасым мен үшін қашан да бірінші орында. Отбасы мүшелерінің денінің саулығы, ынтымақ бірлігі мен үшін маңызды! Сондықтан, бала-шағамның тәрбиесіне ерекше мән беремін, адамдықтың ақ жолынан аттамауларын қадағалап, жөн сілтеп отырамын. Жалпы, мен өз уақытымды өзіме бағындырған адаммын. «Балаларымды тәрбиелеуге уақыт жетпейді» дейтін мұғалімдер болса, әр ісіңді жоспарла деп айтар едім. Кез келген жан уақытты тиімді,  дұрыс пайдалана білуі керек, –дейді шебер-педагог бала тәрбиесіне қаншалықты уақыт табасыз деген сауалымызға.

Бақытым – мамандығым, байлығым – шәкірттерім, бала тәрбиесі деп білетін Гүлайым Тастанқызы  барды бағалап, айналасындағы жандармен қарым-қатынасында да жоғары адамгершілік таныта білетін, өз пәніне, бала тәрбиесіне жаны ашып, мектептегі оқу ісін басқаруға асқан жауапкершілікпен қарайтын, өз ісіне адал ұстаздардың бірі. Бергенінен берері көп, тәжірибелі ұстаз бүгін де мектеп мұғалімдерін, мектеп оқушыларын жаппай шығармашылық тұрғыда шыңдап, аудан, облыс, республика, тіпті халықаралық деңгейдегі байқау-конкурстарда жетістіктерге жетулеріне септігін тигізуде. Білімді, жасампаз, өз елінің адал азаматтарын тәрбиелеу мақсатында ол «Білімділер алаңы» геймификациялық ойынын ойлап тауыпты. Бұл орайда, кейіпкеріміз:

–Белгілі педагог В.А.Сухомлинский айтқанындай: «Ойынсыз, музыкасыз, ертегісіз, шығармашылықсыз, фантазиясыз толық мәндегі ақыл-ой тәрбиесі болмайды!». Ендеше, баланы сабақ барысында ойынға қатыстырып, олардың ойыны қайсы, үйретуі қайсы екенін айырмастай, сезбестей етіп сабақ өткізу ұстаздық шеберлік деп ойлаймын, –дейді.

Жас жеткіншектердің бойындағы табиғат берген ерекше қабілетті, дарындылықты тани білу, оның одан әрі дамуына бағыт-бағдар беру, әр баланың жеке қабілетін анықтап, оны сол бағытта жетелеу – ұстаздың парызы. Баланы уақыт талабына қарай икемдеп, санасына өз заманының озық өнегесін сіңіре білу, шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. Осы бір талап пен үдеден шығып жүрген ардақты ұстаздың оқушылары көптеген қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық жобалар мен байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері.

Ол үшін оқушылардың эмоционалдық қабілеттерін сабақ барысында қалыптастыру да аса маңызды. «Оқушылардың IQ және EQ қабілеттерін қалыптастыру жолдары» тақырыбындағы авторлық бағдарламасында ол оқушының сабақ барысында алдына мақсат қойғызып, кітапты оқыту арқылы өздігінен ізденуге, пазл тапсырмалар құрастыру арқылы есте сақтап алуға, суреттермен жұмыс арқылы кез келген нәрсені сипаттап беруге, ойын жеткізе алуға бағыттаса, медитация, дене жаттығуларын сергіту сәтінде жасатып, оқушыға сергектік сыйлап отырады.

Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, уақыт көшіне дұрыс бағыттап жүрген ұстаз былтыр өзі де білім ұясының басшылығының қолқа салуымен, әрі талай жылғы еңбек тәжірибесін жастарға үйрету мақсатында «Үздік педагог» байқауына қатысып, жеңімпаз атанды. Жиырма сегіз жылдық еңбек өтілі бар ұстаздың бұл жалғыз жеңісі, жалғыз марапаты емес. Оның марапаттар қорында облыстық білім басқармасы мен облыс әкімінің Алғыс хаттарын есепке алмағанда,  Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі, әр түрлі мемлекеттерде өткен халықаралық байқауларға шәкірт дайындағаны үшін түрлі дәрежедегі дипломдарбар.

Әр күні жаңалық іздеумен өтетін ұстаз халықаралық «Шоқан оқулары» ғылыми-тәжірибелік конференциясында «Мұғалімнің кәсіби дамуы – білім беру жүйесін жаңартудың негізі» тақырыбында баяндама жасаған. Оның 2022 жылы жарыққа шыққан «Жаңартылған білім мазмұны негізінде қазақ тілін оқытуда қолданылатын белсенді білім стратегиялары» әдістемелік құралы,«Мәтінтану», «Білімділер алаңы» авторлық бағдарламалары республика деңгейінде таратылған. Көптеген ғылыми-практикалық конференцияларға қатысып,«Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайларында дарынды оқушылармен жұмыс жасаудың жолдары» тәрізді тақырыптарда баяндамалар жасаған, жас педагогтармен үнемі өз тәжірибесін алмасып отырады. Республикалық «Мұғалім журналы»  ғылыми-әдістемелік  журналында мақалалары жиі жарияланып тұрады.

Гүлайым Қалмағанбетованың «Үздік педагог» мәртебесін иеленуі – оның еңбек етіп жүрген білім ордасының да абыройы мен мерейі. Көп жылдық ұстаздық еңбегі еленген Гүлайым Тастанқызының жетістігі соңынан еріп келе жатқан жас мамандарға әрдайым үлгі-өнеге болмақшы.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар