Кәсіптік  білім берудің Жол картасы жасалады

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова Ақмола облысына жұмыс сапары барысында кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіне де көңіл бөлді.

Облыс орталығының іргесінде орналасқан Краснояр ауылындағы көпсалалы инновациялық колледжінде өткен кеңесте Тамара Дүйсенова:  «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына жолдаған биылғы Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялап, Үкіметке кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін реформалауды тапсырды. Жаңашыл өзгерістер әзірленді, олардың барлығы болашақ мамандарды даярлау тиімділігін арттыруға бағытталған» дей келіп, жыл аяғына қарай Қазақстанның кәсіптік және техникалық білім беру жүйесін трансформациялаудың Жол картасы жасалатынын мәлімдеді.

Біріншіден, Премьер-Министрдің орынбасары айтып өткеніндей, әр өңір өздерінің әлеуетіне байланысты аса сұранысқа ие мамандықтар бойынша кадрлар даярлау үшін колледждерді бейіндеуді дұрыс жүргізу қажет. Мысалы, Қазақстанның батыс облыстарында мұнай-газ саласына баса назар аудару маңызды.

–Ақмола облысының жұмыспен қамту құрылымында еңбекке қабілетті халықтың басым бөлігі ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салаларында жұмыс істейді. Бұл аталған салалар бойынша білікті мамандар даярлау қажет деген сөз, – деді вице-премьер.

Жалпы, жаңашылдыққа орай, еліміздің барлық колледждерін үш лигаға бөлу жоспарланыпты. Оқу орны алатын білім беру тапсырысының көлемі осы градацияға байланысты өзгереді. Яғни, кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының жұмыс сапасын бағалау жүргізіліп, жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативі өзгереді. Түлектерінің көпшілігі сертификатталған және орташа жалақысы жоғары, халықаралық салалық стандарттарды енгізген колледждер үшін ынталандыру төлемдері қарастырылады. Сондай-ақ, Премьер-Министрдің орынбасары талапкерлердің оқуға түсуі кезінде олардың алған балдарына қарамастан, жоғары оқу орындарында оқуға бірдей гранттар алатын жағдайдың дұрыс еместігін айтты.

–Біз ендігі арада гранттарды ішінара енгізуді ұсынамыз. Мысалы, 115-тен жоғары балл жинаған балалар толық грант алады, ал 100-ден 115-ке дейінгі аралықтағы балл жинағандар оқу құнының 50 пайызын ғана алады. Сонымен қатар, жастардың жоғары білім алуына басқа да жолдарды қарастырамыз. Мәселен, 11 сыныптан кейін колледжге оқуға түскен студенттер оны бітіргеннен кейін ЖОО-ға бірден үшінші курсқа түсе алатын бағдарламаны енгізуді жоспарлап отырмыз. Яғни, ішінара грант алғандар мемлекеттік тапсырыс бойынша колледжге түсіп, тегін оқи алады, сөйтіп ақшасын да үнемдеуге мүмкіндік болады. Яғни, кейін мемлекеттік тапсырыс бойынша университетке түседі немесе екі жылдық оқу ақысын төлеп, білімін жоғарылатады, –деп түсіндірді бұл жағын Тамара Дүйсенова.

Ол мемлекет мектеп түлектерінің көбеюіне дайын болуы керектігін де атап өтті. Өйткені, ел халқының саны қарқынды өсу үстінде. Мысалы, 2003 жылы Қазақстанда 250 мыңға жуық бірінші сынып оқушысы мектеп табалдырығын аттаған болса, биыл 350 мың бала алғаш рет партаға отырды. Бұл елдің солтүстік аймақтарына аса тән емес, сондықтан, біз басқа аймақтардан көбірек студенттерді тартуымыз керек.

Облысқа жұмыс сапары барысында Тамара Дүйсенова Көкшетау жоғары техникалық колледжінің жаңа жатақханасына да ат басын бұрды. 300 орындық бес қабатты ғимаратта медициналық кабинет, студенттік бастамалар орталығы, инклюзия бөлмесі бар. Бүгінде бұл колледжде тек Ақмола облысының студенттері ғана емес, Маңғыстау облысынан да 29 жас келіп, білім алуда.

Сондай-ақ, вице-премьер жақында ғана ашылған, инклюзиясы бар мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған алғашқы балабақшада және әл-Фараби атындағы ІТ мектеп-лицейінде болды. Ерекше қажеттіліктері бар 77 бала тәрбиеленіп жатқан балабақша базасында Тамара Дүйсенова мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді. Онда балабақшаларды ваучерлік қаржыландыру жүйесі таныстырылды. Бағдарлама бойынша қаражат мектепке дейінгі мекемелерге бөлінбейді, бірақ, балабақшаларды өз бетінше таңдайтын ата-аналардың шоттарына аударылады. Осылайша, ақша «баланың соңынан еретін болады».

Премьер-Министрдің орынбасары балалардың мектеп бағдарламасын меңгеруін жеңілдету үшін балабақшалардың білім беру бағдарламаларын мектептердің бастауыш сыныптарымен синхрондау процесін жалғастыру қажет екенін атап өтті.

–Балабақшалар, мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындары жеке тұлғаны дамытудың бірыңғай, сабақтас, көп деңгейлі жүйесіне айналуы тиіс. Осыған байланысты өңірлерге қаржыландыру, оқу бағдарламаларын синхрондау және жетілдіру, педагогтардың біліктілігін арттыру мәселелері бойынша нақты тапсырмалар берілді, – деп атап өтті өз сөзінде Тамара Дүйсенова.

Владислава КОКОРИНА,
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар