Көкшетау қаласындағы 6 колледжде «ҚазМұнайГаздың» «Жарқын болашақ» бағдарламасы бойынша 88 грант иегері білім алып жатыр.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының «Жарқын болашақ» гранттық білім беру бағдарламасы маңғыстаулық жеткіншектердің білім сапасын арттыруға және оларға кәсіптік білім беруге бағытталған. ҚМГ білім бағдарламасы биыл үшінші жыл қатарынан іске асырылып жатыр. Соның негізінде Көкшетау қаласындағы білім ордалары – жоғары техникалық колледжінде 29 оқушы және азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжінде 14 оқушы білім алуда.
«Жарқын болашақ» білім беру бағдарламасының жетекшісі Гүлшара Әбдіқалықова Көкшетау қаласындағы оқу орындарында білім алып жүрген ҚМГ грант иегерлерінің жағдайымен танысып, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын көріп, тыныс-тіршілігін бақылап қайтты. Колледж тарапынан ұйымдастырылған іс-шарада грант иегерлерімен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берді. Бағдарлама аясында оқушылардың таңдаған мамандықтары бойынша терең білім алуларына «ҚазМұнайГаз» тарапынан барлық мүмкіндіктердің қарастырылғанына тоқталды.
Бағдарлама аясында әрбір грант иегеріне оқу ақысы, жатақханада тұру төлемі, жол жүру шығындары және жоғарылатылған шәкіртақы төленеді.
–Еліміздегі кез-келген жұмыс орнының әлеуметтік тұрақтылығы мен өндірістің экономикалық тиімділігі мамандардың біліктілігіне байланысты. Қазіргі таңда «Жарқын болашақ» бағдарламасы арқылы оқып жатқан жастардың әрқайсысының өз ісінің маманы болатынына сенемін, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Маңғыстаулық өрендер өз тараптарынан «Жарқын болашақ» бағдарламасы ұсынып отырған мүмкіндіктер үшін зор алғыстарын айтты.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының бастамасымен және қаржыландыруымен, сондай-ақ, «Samruk-Kazyna Trust» компаниясының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Жарқын болашақ» білім беру бағдарламасы бойынша бүгінде маңғыстаулық 1000-нан аса жасөспірім еліміздің 11 өңіріндегі ең озық 65 білім беру ордасында оқып жатыр. Соның ішінде Ақмола облысындақабілетін ұштап, білімін жетілдіріп жатқан жастардың таңдауы әртүрлі. Олардың 80 пайызы техникалық, 13 пайызы педагогикалық, 3 пайызы экономикалық және 4 пайызы гуманитарлық бағытта білім алуда.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.