Өткен жексенбі күні елімізде екінші жыл қатарынан Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күні аталып өтті. «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы №689 Қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу негізінде өмірге келген жаңа кәсіби мерекені бекітуге сала қызметкерлерін қолдау мақсатында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бастамашы болды. Бүгінде бұл саладағы қызметкерлердің жалпы саны 155 мыңнан асады.
Цифрлық трансформация – қоғамның өмір сүру сапасын жақсартатын, еңбек өнімділігінің өсуін қамтамасыз ететін, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыратын негізгі факторлардың бірі. Ақпараттық технологиялар саласындағы мамандар еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие.
Цифрландыру экономикадан, білім беру, денсаулық сақтаудан бастап, тағы басқа барлық салаларды қамтиды. Атап айтқанда, бұл біздің қарым-қатынасымызға, тауарлар мен қызметтерді сатып алуымызға, оқуымызға, медициналық қызметтерді алуымызға, тіпті қалалар мен мемлекеттердің басқарылуына дейін әсер етеді. Осы ретте, Ақмола облысында саланың өркендеуі жолында көптеген ауқымды цифрландыру жобалары қолға алынып отыр.
Бүгінгі таңда облысымызда 605 елді мекен бар. Оның ішінде талшықты-оптикалық байланыс желілерімен 333 елді мекен қамтамасыз етілген.
«Қолжетімді Интернет» жобасы шеңберінде 2027 жылға дейін талшықты-оптикалық байланыс желілеріне 238 ауылдық елді мекенді, сондай-ақ, облыс орталығы Көкшетау қаласында 5G стандартының 56 базалық станциясын іске қосу жоспарланған. Бұл ретте, қазіргі уақытта 11 базалық станция орнатылғанын атап өтуіміз керек.
Ақмола облысының әкімі Марат Мұратұлының тапсырмасы бойынша шалғайдағы мектептерді сапалы интернет байланысымен қамтамасыз ету үшін облыстың 264 мектебінде «Starlink» атты спутниктік интернеттің абоненттік терминалдары орнатылды. Сондай-ақ, жоғарыда аталған жоба шеңберінде республикалық маңызы бар жолдарда байланыс сапасын жақсарту үшін Ақкөл, Жақсы және Ерейментау аудандарының аумағында 3 антенна-діңгек құрылысын жүргізу бойынша шаралар қабылданды.
Президенттің Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау үшін 2024 жылдың қазан айының соңында осы аумақта алты антенналық-діңгек құрылысы қолға алынып, жер учаскелерін ресімдеу және нысандарды электрмен жабдықтауды ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы бастамаға қосымша байланыс операторлары, оның ішінде «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы GPON технологиялары бойынша Щучинск-Бурабай курорттық аймағы нысандары мен Бурабай ауданының Савинка ауылына дейін талшықты-оптикалық байланыс желілерінің құрылысын жүргізуде. Қазіргі таңда 54 нысанның 42-сі іске қосылған, қалған 12 нысан бойынша жұмыстар қолға алынған. GPON желісін құру бойынша осындай жүйелі жұмыс Жақсы, Ерейментау, Ақкөл, Атбасар аудандары мен Степногорск қаласында іске асырылды. GPON технологиясы аталған елді мекендердің тұрғындары үшін 500 Мб/с жылдамдықпен интернетке қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Ақмола облысында цифрландыру бағыты бойынша атқарылып жатқан тағы бір жүйелі жұмыстың бірі – табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтерін цифрландыру бойынша ауқымды жобалар жүзеге асыру. Атап айтқанда, Ақмола облысының өңірлік геоақпараттық жүйесі негізінде 48 табиғи монополиялар субъектісінің, атап айтқанда, «Көкшетау Су Арнасы» кәсіпорнының 36 қызметі, «Көкшетау Жылу» кәсіпорнының 12 қызметі автоматтандырылды. Бүгінгі күні жүйені енгізу бойынша жұмыс аяқталып, жеке және заңды тұлғаларға онлайн режимде қызмет көрсетуге дайын.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел халқына жолдаған Жолдауын орындау шеңберінде жоспарлы жұмыстар жүйелі атқарылып келеді. Мәселен, өңірлік геоақпараттық жүйеде облыстық және аудандық жолдардың басымдылығын көрсете отырып, облыстағы барлық жол жобалары қолға алынған болатын.
Ақмола облыстық цифрландыру және мұрағаттар басқармасының «Smart Aqmola» коммуналдық мемлекеттік мекемесі «Әділдік жолы» филиалымен бірлесіп, «SmartGeoHub» геоақпараттық порталында Ақмола облысының жол жұмыстарын цифрландыру бойынша жұмыс жүргізді. Бұл деректердің барлығы ашық әрі қолжетімді. Аймақ картасында учаскенің паспорттық деректері бар барлық жол жұмыстарын көруге мүмкіндік бар. Мұның өзі облыста жол-жөндеу жұмыстарының орындалуын бақылауға айтарлықтай оң әсер етеді.
Балалардың қауіпсіздігі шеңберінде білім беру нысандарына 1000 бейнебақылау камерасын орнату бойынша жұмыс жүргізілді. Мемлекет басшысының 2022 жылғы 26 қарашадағы Жарлығымен бекітілген ҚР Президентінің сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының 84-тармағына сәйкес, Ақмола облысының аумағындағы денсаулық сақтау, мәдениет, білім беру және басқа да ұйымдарды жедел басқару орталығына және кезекші бөлімдерге шығара отырып, бейнебақылау камераларымен жарақтандыру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта облыста камералармен толық жабдықталған 532 мектеп бар. Оларға барлығы 12 763 камера орнатылған. Оның ішінде 286 мектеп немесе 5 648 камера ішкі істер бөлімдерінің бейнебақылау жүйесіне қосылған. Сондай-ақ, 23 колледж және 57 балабақшада осындай жағдай жасалған. Білім беру мекемелерінің қалған объектілері бұл жүйеге байланыс арнасын беру мәселесінің шешілуіне қарай қосылады. Бұл бағыттағы жұмыс әрі жалғасуда.
Пилоттық режимде Ақмола облысының әкімдігі мен полиция департаменті арасында 2023 жылдың 2 қазанындағы ынтымақтастық туралы қол қойылған меморандум шеңберінде «Көркем Телеком» серіктестігі 25 «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешенін орнатты. 2025 жылы тағы осындай 98 кешен орнату жоспарланған.
Қазіргі таңда Ақмола облысы өңірдің цифрлық инфрақұрылымының маңызды бөлігіне айналатын жаңа талдау орталығын іске қосуға белсенді дайындалуда. Платформа бөлімдерінің бірінің бета нұсқасы – «Қаржылық қолдау» қазірдің өзінде қолжетімді. Бұл қаржылық көмек пен қолдау мүмкіндіктері туралы кең ақпарат беру арқылы жеке тұлғалар мен бизнес үшін ақпаратты жеңілдету мақсатында жасалған. Жеке тұлғалар үшін бұл бөлімде екінші деңгейлі банктер ұсынатын барлық негізгі несиелеу бағдарламалары, сондай-ақ, гранттар, стипендиялар және әлеуметтік несиелеу мүмкіндіктері туралы ақпарат бар. Енді облыс тұрғындары қаржылық қолдаудың ағымдағы нұсқаларымен оңай таныса алады.
Заңды тұлғаларға несиелік және гранттық бағдарламалар, субсидиялар, лизинг, сақтандыру, сондай-ақ, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер мен бизнесті қолдау бағдарламалары туралы ақпараттың кең ауқымы қолжетімді. Бұл бөлім кәсіпкерлердің өзгеретін қажеттіліктері мен сұраныстарын қанағаттандыру үшін үнемі жаңартылып отырады.
Осы орайда, оқырмандарды сілтеме бойынша өтуге және бөлімді сынақ режимінде тексеруге шақырамыз. Біздің мақсатымыз – сервисті жақсарту үшін кері байланыс алу, аналитикалық орталықтың ыңғайлылығы мен әлеуетін бағалау. Платформаны одан да пайдалы және ыңғайлы етуге көмектесетін ұсыныстарыңызды әрдайым бағалаймыз.
2022 жылдан бастап, 10 қараша Қазақстан Республикасы Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып бекітілді. Сала мамандары айтулы датаны биыл екінші жыл атап өтті. Осы орайда, ақпараттық-технология саласындағы қызметкерлердің барлығын осы кәсіби мерекемен құттықтап, отбасыларына амандық, қызметтеріне табыс тілеймін!
Нұрбол ӨТЕБАЕВ,
Ақмола облыстық цифрландыру және мұрағаттар
басқармасы басшысының міндетін атқарушы.