Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы Бейбіт Жүсіпов Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарымен бірге Аршалы ауданының бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандарын аралады.
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшелері Нұртөре Жүсіп, Талғат Жүнісов, Амангелді Толамисов, Алтынбек Нұхұлы, Айнұр Арғынбекова, Әсел Рахметова және Айгүл Қапбарова Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты ел халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде «Еңбек адамы – ұлттық экономиканың өсуі мен ұлттың өркендеуінің негізі» тақырыбында парламенттік тыңдауға дайындық аясында бірнеше кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелердің жұмысымен танысты.
Депутаттар бүгінде 574 адам жұмыс істейтін «Ижевский» өндірістік кооперативіне барды. Ірі әрі табысты кәсіпорындардың бірі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен, өңдеумен және сатумен айналысып, Ижевск ауылдық округінің тұрғындарына үлкен қолдау көрсетіп келеді.
Одан кейін халық қалаулылары Ақбұлақ ауылының «Питковский П.Е.» шаруа қожалығының қызметкерлерімен әңгімелесті, онда егіншілікпен қатар мал шаруашылығы белсенді дамып отыр.
Сондай-ақ, депутаттар Аршалы агротехникалық колледжінде, Жұмабек Тәшенов атындағы жалпы білім беретін мектепте болып, педагогтардың жұмыс, оқушыларды оқыту жағдайымен танысты.
Жұмыс сапары «Казспецкомплект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болумен аяқталды, онда 25 адам жұмыс істейді. Компания «Татэлектромаш НПО» ААҚ холдингінің ресми өкілі бола отырып, тау-кен қызметінің электр қозғалтқыштары мен генераторларын жөндеумен айналысады.
Кездесулер барысында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің өзекті проблемалары, соның ішінде кадрлық қамтамасыз ету, оқу бағдарламаларын жаңарту, жұмыс берушілермен өзара іс-қимылды нығайту мәселелері талқыланды. Өндірістік объектілердің талаптарына сәйкес келетін мамандарды даярлауға, әлеуметтік пакеттер мен ынталандыру шараларын енгізуге ерекше назар аударылды.
Ақмола облыстық мәслихатының баспасөз қызметі.