Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Төл теңгеміздің тарихына арналды - АРҚА АЖАРЫ

Төл теңгеміздің тарихына арналды

Кез-келген егемен елдің өз рәміздері болатыны секілді, өз ұлттық валютасының болуы да заңды. Өйткені, ұлттық валютаны шығарып, оны айналымға енгізу тәуелсіздіктің басты қадамдарының бірі. Ал, сонау тоқсаныншы жылдары теңгенің осылай дүниеге келуі егемен Қазақстанның қаржылай да тәуелсіздікке қадам басқанының көрінісі болатын.  

1993 жылдың 12 қарашасында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасында Ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлығы шықты. Ұлттық валютаны «теңге», ал, оның жүзден бір бөлігін «тиын» деп атауды сол кездегі белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Сауық Тәкежанов ұсынған еді. Теңгенің де өз шығу тарихы бар. Ұлттық теңгені жасауға екі жыл уақыт қажет болды. Ұлттық валютамыздың дизайнын жасаған авторлық топтың жетекшісі  Тимур Сүлейменов болды. Қазақстан өз төл ақшасын шығару үшін 1990 жылы теңгенің алғашқы үлгісін жасайтын арнайы жұмыс тобын құрды. Тәуелсіз елдің ұлттық валютасын жасап шығарған Тимур Сүлейменов, Меңдібай Әлин, Ағымсалы Дүзелханов, Хайролла Ғабжәлеловтер еді.

Теңгенің ең алғашқы партиясы Англияның ең көне әрі әйгілі «Харрисон және ұлдары» фабрикасында басылып шықты. Теңгенің алғашқы партияларын сақтау үшін арнайы жер асты қоймалары дайындалғанын да екінің бірі бермейді. Англияда шығарылған теңгені төрт ИЛ-86 ұшақтары тасыды. Бір аптаның ішінде олар Лондонға 18 рет ұшып барып келген.

1993 жылы қазан-қараша айларында Қазақстан бұрынғы КСРО-ның рубль аймағынан толықтай шықты. Қарашаның 12-сіндегі Президент Жарлығынан 3 күннен кейін, яғни6 15 қарашада теңге айналымға енді.  Сол себепті 15 қараша Ұлттық валютамыз – Теңгеміздің туған күні! Тәуелсіздіктің ең басты белгілерінің бірі де осы теңге!

Жуырда жыл сайын 15 қарашада бүкіл еліміз бойынша кең көлемде атап өтілетін Ұлттық валюта – Теңге күніне орай, «Достар» мәдениет сарайы жанындағы қалалық үлгілі кітапханасында «Теңге – тарихи фактілер» атты викторина өтті. Бұл викторинаның мақсаты Қазақстанның өз ұлттық ақшасына көшу тарихы мен оның маңызын жиналғандарға  түсіндіру, төл теңгеміздің тарихы, алғаш айналымға енуі, оны кімдер, қалай жасағаны туралы мағлұмат беру, сөйтіп, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қол жеткізген жетістіктеріне әр көкіректе мақтаныш сезімдерін ояту болып табылады. Сосын әрине, викторинаға қатысқан жасұрпақ өкілдерінің осы теңге туралы білімдері де сарапқа салынбай қоймайды.

Іс-шараға № 8 жалпы білім беретін орта мектептің оқушылары қатысты. Кітапханамыздың қызметкері алдымен, теңгенің шығу тарихымен таныстырып, оқушылар слайд пен бейнебаянды тамашалады. Балалар викторина сұрақтарына белсенді жауап беріп, ұлттық ойын «Теңге ілу» ойынына қатысты. Көрмеде қойылған алғашқы ақша түрлерін тамашалап, әдебиеттерге ой жүгіртті. Іс-шара соңында оқушыларөз қиялымен ұлттық валюта суреттерін салды. Осы ретте, балалар теңгеміздің құнсызданбауы тұрғысында да өздерінің жүрекжарды ойларымен бөліскенін айтпай болмас.

Сонымен, жалпы алғанда, Ұлттық валюта – теңге күніне арналған викторинамыз тартымды өтіп, жылдан-жылға теңгеміз тұғырлана берсін деген игі тілекпен қатысушылар тағы бір мәрте сол бір тәуелсзідік таңының алғашқы нұр шапағатындағы тарихи шешімнің құндылығын жүректеріне құйғандай болып тарқасты.

Жұлдыз СЫЗДЫҚОВА,
 «Достар»  мәдениет сарайы  жанындағы
Көкшетау қалалық үлгілі кітапханасының кітапханашысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар