Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облыстық полиция департаментінің киберқылмыспен күрес бөлімінің бастығы Ермек Манатовтың өңірде интернет-алаяқтыққа қарсы күрестің барысы туралы брифингі болып өтті.
Жалпы интернет-алаяқтық дегеніміз қаржылық пайда табу немесе басқа ресурстарды иемдену мақсатында заманауи ақпараттық технологияларды қолдану арқылы жүзеге асырылатын алдап-арбау. Соңғы жылдары цифрлық технологиялардың қарқынды дамуына және интернетті пайдаланушылар санының өсуіне байланысты интернет-алаяқтық мәселесі ерекше өзекті бола бастады.
–Қазақстанда киберқылмыстардың көбеюі байқалады. Бұл халықтың цифрлық сауаттылығы деңгейінің, интернет төлемдер санының артуы және онлайн қызмет көрсету аясының кеңеюімен байланысты. Интернеттегі алаяқтықтың танымал түрлері көп. Ең кең таралған схемалардың кейбірі жалған интернет-дүкендерді, банк карталарын пайдалануды, фишингті, әлеуметтік инженерияны және вирустық бағдарламалардың таралуын қамтиды. Мемлекеттік органдар жүргізетін негізгі шаралар – киберқылмыспен күресуге бағытталған заңдарды қабылдау. Мысалы, Қылмыстық кодексті жаңа технологияларды ескере отырып жаңарту және онлайн қауіпсіздікті реттейтін заңнаманы қамтамасыз ету. Қаржылық операцияларға бақылауды күшейту. Интернет-дүкендерді және басқа да онлайн қызметтерді міндетті сертификаттауды енгізу, сондай-ақ, интернет-банкинг арқылы заңсыз операцияларды анықтау және жолын кесу бойынша жұмысты күшейту, – деді өз сөзінде Ермек Манатов.Өңірде өткен жылмен салыстырғанда киберқылмыстар саны 13 пайызға немесе 865 жағдайға дейін қысқарған. Жыл басынан бері80-ге жуық талап-арыз қаралып, интернет-алаяқтық салдарынан зардап шеккендердің 65 миллион теңге ақшасы қайтарылған.
– Жәбірленушілер қаражатты банктік шоттарға аударады және тергеу, сот пен прокуратураның санкцияларының көмегімен біз екінші деңгейдегі банктерден ақпарат аламыз және осы шоттардың иелерін анықтаймыз. Әрі қарай азаматтық сот ісін жүргізу аясында біз сол сот ісін де сүйемелдейміз. Бүгінгі таңда облыс бойынша интернет-алаяқтықтан жалпы шығын шамамен 590 миллион теңгені құрайды. Азаматтарды қорғау және киберқылмыс деңгейін төмендету мақсатында өңірде ақпараттық қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, белсенді профилактикалық жұмыстар басталды. Цифрлық қауіпсіздікті реттейтін заңнамаға жаңартулар және қаржылық операцияларды бақылаудың қосымша тетіктері енгізіліп жатыр. Яғни, бұл интернет-дүкендерді міндетті сертификаттаудан бастап интернет-банкингтегі транзакцияларды бақылауға дейінгі шаралар. Азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Өңірде интернет-алаяқтық туралы хабардарлықты арттыруға бағытталған ақпараттық шаралар мен білім беру бағдарламалары іске асырылуда. Оқушылар мен студенттерге киберқауіпсіздік және жеке деректерді қорғау ережелері үйретіледі, осылайша олар фишингтік шабуылдарды тани алады және алаяқтардың тұзақтарынан аулақ болады, – дей келе, бөлім бастығы одан әрі айтып өткеніндей, бұл қатерге ұрынбау үшін ақпараттық қауіпсіздік шарасы маңызды болмақ. Ол – пайдаланушының деректерін қорғау деңгейін арттыру,тиімді мониторинг жүйелерін құру және кибершабуылдардан қорғау. Бүгінде осы мақсатта мамандандырылған бөлімшелер құрылуда. Олардың міндеттеріне тергеу жүргізу, қылмыстық схемаларды анықтау және халықаралық құқық қорғау органдарымен өзара әрекеттесу кіреді. Банктермен және қаржы институттарымен ынтымақтастықта назардан тыс қалмаған.
–Қорғауды күшейту үшін аймақта күдікті банктік операцияларды бұғаттайтын «Антикрот» бағдарламасы сияқты техникалық шаралар енгізілді. Бұл жүйе алаяқтарды банктер мен басқа ұйымдардың қызметкерлері ұсынған кезде қоңырауларды анықтайды және бұғаттайды.Біздің IT мамандары да алаяқтармен күресу үшін бағдарламалар жасайды. Қазіргі уақытта штат саны көбейіп келеді. Бұл қазірдің өзінде үлкен жетістік. Бұрын штат 4 адам болса, қазір ол бірнеше есе артып отыр. Яғни, бізде қазірдің өзінде көп күш бар. Оған қоса, алаяқтарды анықтауға көмектесетін арнайы аппараттық кешендер енгізіліп отыр. Алайда, қылмыстың ізі Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге апарады. Бір қиыны, сол болып отыр, – деп түйіндеді өз сөзін Ермек Манатов.
Айта кетейік, білім беру бағдарламаларына киберқауіпсіздік негіздерін енгізу, ерте жастан Интернетті қауіпсіз пайдалануға үйрету өзекті мәселеге айналуда. Қазір еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін смартфондарды пайдаланады. Интернет алаяқтар аты-жөнің, тіпті тұрғылықты жерің мен жақындарыңды атап, алдауға тырысады. Кейде бұған өзің қайран қаласың. Бұл қоғамның бас ауруына айналған жайт деуге болады. Қаншама адам табан ет, маңдай терімен тапқан еңбегін алаяқтардың қалтасына салуда. Бұның бәрі интернет-алаяқтықтан хабарсыздық, ақпараттық қауіпсіздіктің сақталмауынан орын алуда. Сол себепті, тұрғындарғаполиция департаменті арқылы қауіпсіздік шараларымен танысуын жеке деректерінің сақталуына көз жеткізуін ескертеміз.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.