Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Дұрыс жолды – адам құқығы жолын таңдаңыз - АРҚА АЖАРЫ

Дұрыс жолды – адам құқығы жолын таңдаңыз

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығының бас дәрігері Құрманбек Бұрмағанов пен алдын алу жұмысы бөлімінің меңгерушісі Балғын Сарбасованың қатысуымен ЖИТС-пен күрес күніне арналған брифинг болып өтті.

Жыл сайын 1 желтоқсанда әлем жұртшылығы Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күнін атап өтеді. Биылғы жылдың тақырыбы ЮНЭЙДС жариялаған «Дұрыс жолды – адам құқығы жолын таңдаңыз» ұранымен өткізіледі. Бұл ұран АИТВ айналасындағы кемсітушілік пен стигманы азайтуға, инфекцияға осал қауымдастықтарды қолдауға және емдеуге қол жетімділікті жақсартуға құқықтық көзқарастың маңызы сияқты өзекті мәселелерді қамтиды.

– Дәстүр бойынша Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні медицина қызметкерлерін, АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың азаматтық қауымдастығын және қандай да бір жолмен осы аурумен байланысты кез келген адамды біріктіреді. Бірлескен күш-жігермен ақпараттық іс-шаралар өткізіліп, өзекті мәселелер талқыланады және бір жыл ішінде атқарылған жұмыстардың қорытындылары шығарылады. Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне арналған іс-шаралар шеңберінде біздің орталық Көкшетау қаласының қоғамдық орындарында және білім беру мекемелерінде АИТВ-ның алдын алу бойынша акциялар өткізуді жоспарлап отыр, онда әрбір тілек білдіруші іс-шара өтетін жерде өзінің АИТВ мәртебесін 20 минут ішінде біле алады. Акцияларды «РИО» ойын-сауық орталығында, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде, М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясымен «Панацея» жастар денсаулық орталығында өткізу жоспарлануда. Бұдан басқа, білім басқармасымен бірлесіп, АИТВ инфекциясы бойынша алдын алу іс-шараларында білім беру жүйесінің жұмысын жандандыру үшін білім беру бөлімдерінің әдіскерлерімен, мектептер мен колледждердің директорларының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарларымен облыстық семинар өткізілетін болады, – деп Құрманбек Бұрмағанов атқарылатын жұмыстарға тоқталды.

Бас дәргердің айтуынша, облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығында «Ашық есік күні» өтеді. Онда әрбір адам инфекционист, дерматовенеролог және психолог мамандардан тегін кеңес алып, АИТВ-ға тестілеуден өте алады. Дәстүрлі Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне арналған іс-шаралар «Көкшетау» мәдениет сарайында 600 адамға арналған ауқымды акциямен аяқталады.

–Іс-шаралардың өтетін орны мен уақыты туралы толығырақ біздің ресми әлеуметтік желілерден білуге болады. АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың және жұқтыру қаупі жоғары қауымдастықтың өмір сүру сапасын жақсарту профилактикалық, диагностикалық және емдік процедуралардың қолжетімділігінен басталатынын атап өткім келеді», – деп Құрманбек Жұмабекұлы сөзін одан әрі толықтырды.

– Ақмола облысында АИТВ-инфекциясының таралуы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Аймақта АИТВ-мен өмір сүретін 1080 адам тұрады. 2024 жылдың он айында оң мәртебесі бар 109 адам анықталып, он адамның сегізінде инфекция қорғалмаған жыныстық қатынас арқылы болды. Жаңа жағдайлардың жартысынан көбі 30-49 жас аралығындағылар тобына жатады. Ең жас анықталғаны 19-да, ал, ең үлкені 68 жаста. АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың және жұқтыру қаупі жоғары қауымдастықтың өмір сүру сапасын жақсартубасты міндет. Біздің елімізде азаматтардың иммун тапшылығы вирусын тексеру және емдеу тегін әрі қолжетімді. Негізгі топтар үшін АИТВ жұқтыру қаупін болдырмауға және азайтуға бағытталған қызметтердің кең спектрінен тұратын арнайы алдын алу бағдарламалары бар. Осындай қызметтердің бірі – арадағы байланысқа дейінгі алдын алу шарасы немесе қысқаша айтқанда, БДА. Бұл халықаралық зерттеулерде тиімділігі дәлелденген вирустық инфекцияның алдын алудың заманауи әдісі. Бүгінгі таңда өңірде бұл алдын алу терапиясын 120-дан астам адам алады. Бұл қызмет АИТВ жұқтырмаған, бірақ жоғары қауіпті аймақтағы адамдарға ұсынылады. Оларға инъекциялық есірткіні тұтынатын адамдар, секс қызметкерлері, ерлермен жыныстық қатынасқа түсетін ерлер, трансгендерлер және бір серіктес жұқтырған, ал, екіншісі жұқтырмаған серодискордантты жұптар жатады, – деді өз кезегінде баяндама жасаған Балғын Сарбасова.

Сондай-ақ, мұның бәрі Қазақстанның АИТВ-инфекциясының жаңа жағдайларын азайту және ЖИТС-ті жою жөніндегі халықаралық шараларға тартылуының арқасында мүмкін болып отыр. Айта кету керек, біздің еліміз АИТВ-инфекциясының алдын алу, диагностикалау және емдеу жөніндегі ұлттық заңнаманы жетілдіру үстінде. АИТВ-инфекциясының алдын алу орталықтарының мамандары азаматтық белсенділермен бірлесіп, АИТВ-ның оң мәртебесі бар адамдарды кемсітетін нормативтік құжаттарды талдау бойынша жұмысты белсенді жүзеге асырады.Бірлескен жұмыстың арқасында бүгінде АИТВ-мен өмір сүретін адамдар балаларды да асырап ала алады. Яғни, оларды қамқорлыққа және қорғаншылыққа алуларына болады. Бірнеше жыл бұрын бұл мүмкін емес еді. Мұның өзі ең алдымен, АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың азаматтық қоғамдастығының үлкен жеңісі.Мұндай прецеденттер АИТВ-мен ауыратын адамдардың құқықтарын бұзатын нормаларды заңнамадан жоюға және қоғамда барлығына бақытты өмір сүру құқығын беретін толерантты ортаны қалыптастыруға ықпал етеді.

– Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні қарсаңында медицина қызметкерлері барлық адамдарды қарапайым алдын алу шараларын сақтауға және қауіпсіз жыныстық және инъекциялық мінез-құлықты ұстануға шақырады. Ерте жыныстық қатынасқа түспеңіз, бір жыныстық серіктес болыңыз, жыныстық қатынастың кез-келген түріне әрқашан мүшеқапты қолданыңыз. Және әрине, АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға түсіністікпен қолдау керек, – деп түйіндеді брифингте өз сөзін Балғын Рақымқызы.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар