Ақмола облысында балық аулау маусымы басталғаннан бері су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін 15 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып үлгерді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғау басқармасының бастығы Жанат Асылбеков мәлімдеді.
Ағымдағы жылдың 16 қарашасынан бастап республика бойынша жер-жерде «Мұз -2024» акциясы өтіп жатыр. Жалпы, облыста шамамен 700-ден астам су қоймасы бар. Бүгінгі таңда өңірге қыс келгенімен, қатты аяздар бола қойған жоқ, яғни, су айдындарының үстін басқан мұздың қабаты әзірге жұқалтаң. Бірақ, соған қарамастан, өңіріміздің әуесқой балықшылары күн сайын әдепкі істерін жалғастырып келеді.
–Акция жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған. Бүгінгі таңда ақмолалық құтқарушылар су айдындарында адам өліміне жол бермеу мақсатында ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізіп жатыр. Жұмыс тиісті деңгейде ұйымдастырылған. Негізгі тәуекел аймақтар қамтылып, мұздағы қауіпсіздік ережелері халыққа барынша түсіндірілуде. Барлық тартылған қызметтер арасында тығыз өзара іс-қимыл орнатылған. Су айдындарында жүріп-тұрудың негізгі қағидаларын жеткізетін жалпы білім беру мекемелерімен, аңшылық және балық аулау жабдықтарын сататын кәсіпкерлермен тығыз іс-қимыл жолға қойылған. Сондай-ақ, қайғылы жағдайлардың алдын алу аясында БАҚ-та мақалалар жарияланып, әлеуметтік желілерде тұрақты посттар жасалып, 8 мың жадынама таратылды. Соның арқасында қыс мезгіліндегі төтенше жағдайлардың алдын алу мен жедел әрекет ету деңгейін арттыруға мүмкіндік туды. Тұрақты негізде су айдындарында рейдтік іс-шаралар мен патрульдеу өткізіліп жатыр, –дей келе, Жанат Асылбеков өңірдің су айдындарында болған жазатайым оқиғалардың статистикасын келтірді. Үш жыл ішінде күзгі-қысқы кезеңдерде қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан облыс аумағында 9 адам қаза тапқан екен.
Брифинг барысында биылдың өзінде рейдтік іс-шараларды өткізу кезінде 15 ақмолалық әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны да атап өтілді. Егер мұздың қалыңдығы 25 сантиметрден аз болса, балық аулау әуесқойлары өздерімен бірге жеке құтқару құралдарын, атап айтқанда, құтқару кеудешесін, шильцті, 2 метрлік таяқ пен 10 метр арқан алып жүруі тиіс. Сондай-ақ телефондарын су өткізбейтін қапшықта ұстаулары қажет. Осы талаптар бұзылған жағдайда, су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны немесе орындамағандары үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 412-бабы бойынша әкімшілік хаттама жасалып, жауапқа тартылатын көрінеді.
Сонымен бірге, брифингте тұщы суда мұздың қалыңдығы кемінде 10 сантиметр және тұзды суда 15 сантиметр болса ғана, ол мұз адам үшін қауіпсіз болып саналатыны айтылды.
Ы.ШАМШИЕВА.