Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақстан дамыған елдер қатарынан лайықты орын алуға тиіс    - АРҚА АЖАРЫ

Қазақстан дамыған елдер қатарынан лайықты орын алуға тиіс   

Қазақ Елі мен Жерінің тәуелсіздігін аңсаған талай ерлер заманында осы азаттық жолында Ұлы Мағжанның жыр жолдарымен айтқанда: «Күңіреніп күн түбіне жортқан болатын». Кезінде Көкше топырағында Азаттық туын көтерген Кенесары, Ұлытауда бабасы Жошы ханның Ордасы қонған жерде, баяғы Ұлық Орда хандарының салтымен үш жүздің ханы сайланды.

Қазақтың каһарлы ханы Кенесары, қазақ елінің тәуелсіздігін түпкілікті жоймақшы болған жаулармен күресін қасиетті Хан-Ордалы Көкшетауда бастағаны шежірелі тарихымызға мәңгілікке жазылып қалды. Ол Ел мүддесін өзінің бақай есебі үшін сатқан сатқындарға қарсы бітіспес майдан ашып, соңғы демі, қасық қаны қалғанға дейін Елінің жарқын болашағы үшін  арпалысып өтті. Бой тасалар, тау-тасы аз, сайын дала – Сарыарқадан Кенесары өкшелеген жаудан Жетісу – Алатауға аууға мәжбүр болса да, оның азаттық жолындағы жанқиярлық күресінің сүрлеуі нешеме ғасыр өтсе де халық жадынан өшпеді, келесі ұрпаққа саяси  аманат, өсиет-өнеге  болып қала берді. Оның ерлік күресін қазақтың небір дүлдүлдері Доскей, Нысанбай, Мағжан сынды жыршылары мен ақындары өз   өлең-жырларына арқау етті. Кенесары хан күні бүгінге дейін азаттық жолында күрескен ер-азаматтар үшін саяси қайраткерлік пен елдік-мемлекеттілік мұраттарының өлшемі болып келеді. Ол тарихтағы тұлғадан – Қазақ жері мен Елінің киесі мен иесі – аңыз тұлғаға айналды. Оның тыныштық таппаған аруағы әлі де Қазақ Елінің бүгінгі Тәуелсіздігін  көре алмаушылардың құтын қашырады, дегбірін кетіреді.

Сарыарқа сайын далада, Хан-Ордалы Көкшетауда  Кенесары хан көтерген азаттық туын төмен түсірмей, жаңа бір биікке көтерген  ХХ ғасырдың  бірінші ширегінде қазақтың көгінде қазақтың тұңғыш ұлтшылы Шоқан Шыңғысұлынан кейін, ізін ала жарық шоқ жұлдыздар болып жағылған Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабайұлы сияқты азаматтар бас болған алаш ардақтыларының қалың шоғыры азаттық жолындағы күрес майданына шықты, қазақтың сөне бастаған елдігіне деген үмітін қайта оятты. Алаш туы астында  күн сөнгенше сөнбейміз… деп ант берісті… Қазақтың елдік, саяси санасына құрдас мемлекеттер, федерация, демократия, парламенттік республика, жерлік автономиялық мемлекет, ұлттар теңдігі, ұлттың өзінің дамуы жолын таңдау хақысы деген сияқты ұғым-түсініктерді енгізіп кеткен де осы Алаштың саңлақ қайраткерлері тұғын. Алайда, метрополиядағы қиян-кескі оқиғалар, қазақ Елінің  бірден тәуелсіз Ел болып, еңсе көтеруіне жол бермеді. Қазақ халқы мекендеп тұрған Атажұртында қазаққа зорлықпен танылған советтік тоталитарлық жүйе адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған ХХ ғасырдағы түрлі саяси-әлеуметтік эксперименттер жүргізді, атом қаруын сынайтын әскери сынақтар өткізілетін полигондар алаңына айналдырды. Орталықтың озбыр саясатына қарсы тұрған,  не түрлі зұлматтар мен зобалаңдарды халқымен бірге қарсы алған алаш азаматтары Елі мен Жері, қазақтың намысы, азаттығы жолында құрбан болды. Төгілген қан, аққан тер зая кеткен жоқ, Алаш азаматтарының тікелей тәрбиесін көрмесе де, азаткерлік рух қазақ халқының тұла бойынан өшкен жоқ.  Ол азаттық рухтың сөнбеуіне еңбек қылған Ермұқан Бекмаханов, Мұхтар Әуезов, Олжас Сүлейменов, Ілияс Есенберлин, Мұхтар Мағауин, Жұбан Молдағалив сияқты өресі биік жазушылар мен ақындар еді. Осы шығармаларды оқып, өсіп-өнген 1960-1980 жылдардың жастары Желтоқсанда қазақтың азаттық рухының өлмегендігін тағы да бар әлемге паш етіп, Қызыл империяның іргесін шайқалтты. Американдық әйгілі советолог Збигнев Бзежинский «Зұлымдық империясы» деп атаған империяның тез арада құлауына жол ашқан да осы Қазақстандағы желтоқсан жастарының көтерілісі еді. Балтық елдерінің азаттыққа ұмтылысы, Кавказдағы оқиғалар тек осыдан кейін ғана мүмкін болды. Қазақтар КСРО-дағы «қазақ ұлтшылдығына» шалдыққан деген ресми айдар тағылған жалғыз ұлт болғанын да ұмытпауға тиістіміз.

ХХ ғасырдың соңы мен ХХI ғасырдың басы жер-әлемдегі имперлік мемлекеттердің түпкілікті күйреуі мен жаңа тәуелсіз ұлттық мемлекеттердің  шеруі дәуірі болғандығы белгілі. 1921-1932 жылдардың ашаршылық зұлматынан, 1937-1950 жылдардың зобалаңынан ұлтымыздың қабырғасы күйреп, кілең маңғаздары кетіп, қойдан қоңыры ғана қалғаны салдарынан Тәуелсіздік таңы қазаққа талмаурап жеткені де ақиқат. Қазіргі кезеңдегі ұлттық мемлекеттілігімізді нығайтудағы туындап жатқан қиындықтардың көптеген себептерінің тамырлары өткен, таяу тарихымызда жатыр десек, қателеспейміз. Өткен тарих қазіргі заманымыз бен болашағымызға өнегелі сабақ беруші –Ұлы ұстаз!

«Елу жылда – ел жаңа, жүз –жылда қазан» дейді дана халқымыз, енді бірде «Орнында бар оңалар» деген тәмсілді де айтады. Тәуелсіздігіміздің 33 жылы мен оған дейінгі соғыс жылдарынан кейінгі уақыт қазақ халқының сандық-демографиялық өсімімізге және әсіресе, соңғы жылдары сапалық толыса түсуімізге мүмкіндік тудырды. Қазіргі қазақтың өскелең буыны жаппай сауатты, ата-бабалары сияқты жаңалыққа құмар, мобильді. Көрмекке, білмекке деген құштарлығы мен ұмтылысы мол. Осы жылдар ішінде КСРО-ны танымайтын, тәуелсіздік жылдары өсіп-өніп, ержеткен бірнеше ұрпақ дүниеге келіп, өмірге араласып отыр. Сондықтан, алда тәуелсіздігімізді нығайту, ата-бабамыздан қазақ ұлтына мұраға  қалған  ұлан-ғайыр жер байлығын халқымыздың игілігіне айналдыру сияқты зор міндеттер тұр. Қаңтар оқиғасынан кейін қолға алынған Конституциялық реформаға сәйкес, Қазақстан жерінің табиғи байлығы, жер қойнауы ол тікелей халық  қазынасы деп танылды. Мемлекет күшті болуы үшін оның басты ұяшығы – отбасы мемлекеттің ерекше қамқорлығына алынуы тиісті. Әлемнің 9-шы территориясында небары 20 миллионнан сәл артық халық тұрады. Осыншама жерді игеру, нарықтық экономиканы дамыту үшін әрине, халық саны аздық етеді. Соңғы кезде айтылып жүрген «Әділетті Қазақстан», «Еститін мемлекет» сияқты жобалар тек ұрансөз болып қалмас үшін, мемлекеттік билік тарапынан жүйелі, табанды жұмыс талап етіледі. Қазақстан бұдан былай «өтпелі кезеңде», «өтпелі экономикалық құрылым» жағдайларында қала бермеуі керек. Сол себепті де өтпелі кезеңдегі авторитарлық басқару жүйесінен, демократиялық, құқықтық басқару жүйесіне жылдамдатып ауысуды заманның өзі талап етіп отыр. Қазақстан 1993 жылы жарияланған көпвекторлы саясат желісін мықтап ұстап, алпауыт мемлекеттер арасындағы өз қатынастарын мейлінше баланс тепе-теңдігінде ұстап қалуға ұмтылып келеді. Халықаралық қатынастардағы түрлі шиеленісті оқиғалар орын алып жатқан заманда Қазақстан өзінің саяси тәуелсіз, экономикасы өскелең Ел деген атына заты сай елдер қатарынан лайықты орын алуға тиісті деп санаймыз. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның оған барлық материалдық, адами ресурстары жеткілікті екендігі мәлім. Қазақстанның көршілеріне қатысты жүргізіп отырған бейбіт, қатар өмір сүру саясаты осы жарқын болашағымыздың басты шарттарының бірі болып табылады. Қазақ елінің тәуелсіздігі барша жұртымызға қайырлы, құтты болсын!

Ғалымтай ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті Қазақстан тарихы
және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының лекторы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар