Жуырда өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облысы бойынша экология департаментінің басшысы Мағзұм Күкімбаев «Ақмола облысы бойынша экология департаментінің 2024 жылғы 11 айдағы жұмыс қорытындылары және өңірдің экологиялық проблемаларын шешу жолдары» тақырыбына брифинг өткізіп, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.
Биыл облыста қоршаған ортаны ластайтын шығарындылардың мөлшері 438 тоннаға азайды. Көметін қалдықтар 92 миллион тоннаға кеміген. Облыстық экология департаменті нақты эмиссиялар өсуінің алдын алуға және жоюға бағытталған жұмыстарды жүргізді. Соның нәтижесінде кәсіпкерлер тарапынан бірқатар бұзушылыққа жол берілгені анықталды.
Жыл сайын өңірдегі кәсіпорындар қоршаған ортаға келтірген кері әсері үшін салық төлейді. Мәселен, былтыр эмиссиялар үшін төлем 4 миллиард теңгеден асты.
–Бақылау қызметінен түскен барлық айыппұл облыс бюджетіне түседі. Бұдан бөлек, барлық салық та жергілікті жерде қалады. Іс-шаралар жоспарының Типтік тізімдемесі бар. Мысалы, полигондарға келсек, оны заңдастыруға немесе салуға, сондай-ақ, көгалдандыру бөлігінде де біраз қаражат бөлінеді. Бұл іс-шаралар табысты жүзеге асырылуда. Осы уақытқа дейін 59 кәсіпорын тексерілді, оның ішінде 14 профилактикалық бақылау, 9 экология саласындағы рұқсат құжаттарына сәйкестігі бойынша және 39 жоспардан тыс тексеру өткізілді. Тексерулер нәтижесінде 112 құқықбұзушылық анықталды, бұл экологиялық нормалардың сақталуын үнемі бақылаудың қажеттілігін дәлелдейді. Тексерулер барысында 125 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, 81 миллион 687 мың теңге айыппұл салынды. Қаражаттың 96 пайызы, яғни, 68 миллион теңге ерікті түрде өндіріліп алынды, – деді Мағзұм Күкімбаев.
Биыл сот шешімімен 6 кәсіпорынның қызметі тоқтатылды. Ерейментау ауданы тұрғындарының «Тау Голд Копер» серіктестігі субъектісіне қатысты шағымдарының негізінде тексеру кезінде рұқсат құжаттары жоқ шахталық суларды жергілікті жердің рельефіне ағызғаны анықталды.
–Қалдықтарды заңсыз орналастыру – өңірдегі ең өткір экологиялық мәселелердің бірі. Біз бұл объектілерді жою бойынша жұмысымызды жалғастырып, ғарыштық технологиялар арқылы үнемі бақылауды жүргізудеміз – деді спикер.
Департамент экология жағдайын бақылау мақсатында сынамалар алу және қоршаған орта көрсеткіштері бойынша талдаулар жүргізу жұмыстарын да белсенді жүргізуде. 2024 жылы 155 сынама алынып, оның 121-і ауаға, 26-ы суға, 2-еуі топыраққа, 6-уы радиацияға қатысты болды.
Департаменттің маңызды бағыттарының бірі – экологиялық білім беру және халықты табиғатты қорғау мәдениетіне тәрбиелеу болып табылады. «Таза Қазақстан» акциясы, «Таза жағалау», «Таза қала», «Таза тау» сияқты экологиялық акциялар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Айталық, «Таза Қазақстан» акциясына 280 мыңнан астам тұрғын мен 5 мыңнан астам кәсіпорын қатысты. Нәтижесінде 74 мыңнан астам аула аумағы тазартылды, 403 заңсыз қоқыс орны жойылды, 105 мыңнан астам ағаш және бұта отырғызылды. Құқық бұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында департамент антикоррупциялық органдармен белсенді түрде жұмыс істейді. 2024 жылы сыбайлас жемқорлық және интернет-алаяқтық мәселелері бойынша 5 семинар және 9 дәріс өткізілді. Міне, осы жұмыстар облысымызда экология мәселелерін алға жылжытуда біраз жұмыстар атқарылып жатқандығын айғақтай түседі.
Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.