Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Еліне қорған болған ерлер - АРҚА АЖАРЫ

Еліне қорған болған ерлер

Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды

Бес жылға созылған 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы тарихымыздағы ауыр кезеңдердің бірі болғаны, Ұлы Жеңіс оңайлықпен келмегені  баршамызға аян.

Еліміздің қайратты да қайсар, батыр ұландары майдан шебінде Отаны  үшін от болып жанды, оқ болып атылды. Қаншама боздақтар жат елдің даласынан елге қайтпады. Ар-намысын ту еткен ерлердің қаһармандығы мәңгі аңызға айналды. Бүгін де сол еліне деген адалдық пен жанқиярлықтың өшпес үлгісін көрсеткен қаһармандардың рухы алдында  ел болып бас иіп, тағзым етеміз.

Ұлы Жеңіске Қазақстан халқының да елеулі үлес қосқанына қарт тарих куәгер. Біз бұл Жеңіске еліміздегі барлық ұлттар мен ұлыстардың ұйымшылдығы мен береке-бірлігінің, зұлым жауға қарсы Отанымызды сақтаймыз деп, жан аянбай соғысқан батырларымыздың ерен ерліктерінің арқасында қол жеткіздік.

Сондықтан да, осы жолы біз бұл мақаламызда аяулы есімдері Көкшетау қаласындағы Даңқ ескерткішінде көрініс тапқан ақмолалық жерлестеріміз С.П.Крижановский, В.М.Бенберин және П.И.Морозовты еске алып өткенді жөн көрдік. Өйткені, бәріміз өз батырларымызды біліп жүрсек, артықтық етпейді деген ойдамыз.

Олай болса, Савва Поликарпович Крижановский 1914 жылы Ақмола облысы, Красноармеец ауданы, Тайынша елді мекенінде дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына 1942 жылдың желтоқсан айынан бастап қатысқан ол 7-ші мотоатқыштар бригадасының командирі міндетін атқарып, Оңтүстік, Воронеж және 1-ші Украина майдандарында шайқастарға қатысты. Гвардия сержанты әрі барлаушы майданда бір жыл ішінде бір өзі немістің 96 солдаты мен 5 офицерінің көзін жойып, 4 танкті, 3 бронетранспортерді, 6 автокөлікті  және жаудың бір тіректі  пулеметін істен  шығарды, тұтқынға алғандары да болды.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 10 қаңтардағы   Жарлығымен неміс-фашист басқыншыларына қарсы жауынгерлік тапсырмаларды үлгілі орындап, ерлік пен батылдықтың үлгісін танытқаны үшін Савва Петрович Крижановскийге Ленин ордені мен Алтын Жұлдыз  медалі қоса тапсырылып, Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Сол 1944 жылы ол ауыр жарақат алып, госпитальда емделіп, 1945 жылдың  тамызында кіші лейтенант атағымен запасқа шығарылды. 1970 жылдың 10 қыркүйегінде қайтыс болып, өзі тұратын Украина КСР-нің Первомайск  қаласында жерленді.

Келесі жерлес батырымыз Василий Митрофанович Бенберин 1918 жылдың мамырында  Ақмола  уезі, Балкашино болысы, Богословка селосында  дүниеге келген. Кеңес-фин соғысына қатысушы. 1941 жылдың қараша айынан бастап, Ұлы Отан соғысының майдандарында болды. Мәскеу түбіндегі шайқастарға қатысып, Ленинград қоршауын бұзуға ат салысты. 1945 жылдың қаңтар айында Польшаның Познань қаласында жауға қарсы кезекті шабуыл барысында ерлігімен көзге түсті. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылғы 27 ақпандағы Жарлығымен гвардия кіші лейтенанты Василий Бенберинге неміс-фашист басқыншыларына қарсы соғыста көрсеткен ержүректілігі және батырлығы үшін Ленин ордені мен Алтын Жұлдыз медалі бірге тапсырылып, Кеңес Одағының Батыры жоғары атағын  иеленді.

Кейін ол 1949-1951 жылдары Қазақстан Компартиясы Көкшетау облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, 1951 жылдан бастап, Алматы қаласы Октябрь аудандық партия комитетінің көлік-өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі лауазымдарында жұмыс істеді. 2005 жылдың 24 қаңтарында В.М.Бенберин дүниеден өтті. Оның құрметіне Ұлы Отан соғысының ардагеріне арналған мемориалдық тақта орнатылды. 2016 жылдың соңында Алматы қаласы көшелерінің біріне Кеңес Одағының Батыры Василий Бенбериннің есімі берілді.

Үшінші жерлесіміз Морозов Петр Иванович 1924 жылы Омбы уезі  Омбы губерниясы Лукерьино селосында дүниеге келген. Соғысқа дейін Бурабай курорты станциясында слесарь болып жұмыс істеді.

Қызыл Әскер қатарына 1942 жылы Щучинск қаласынан шақырылды. Танк училищесін бітіріп, Орталық майданда Т-34 танкісінің командирі болды, 1-ші Украина майданында жауға қарсы ұрыстарға қатысты. Тельтов каналы мен Нейсе, Шпрее өзендерінен өтіп, Гольсен, Барут, Берлин қалаларын алуға қатысты. Осы бағытта көрсеткен ерлігі үшін П.И.Морозовқа КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының  1945 жылғы 27 маусымдағы Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Соғыстан кейін П.И.Морозов Ленинград әскери академиясын бітірді. Алайда, соғыс жылдарында  алған көптеген жарақаттары оның денсаулығына елеулі нұқсан келтірді. Соның салдарынан 1952 жылы жиырма тоғыз  жасында Минск  қаласының  ауруханасында қайтыс  болды.

Жауынгер достары мен жолдастары батырдың есімін ерекше құрметтеді.  Оның аты өзі қызмет еткен әскери бөлімшенің Әскери Даңқ кітабына  енгізілген және Щучинск  қаласының  бір көшесіне берілген.

Міне, осындай жерлес батырларымыздың ерліктерін құрметтеу – біздің борышымыз. Өйткені, жыл өткен сайын бізге Ұлы Жеңісті сыйлаған ардагерлер қатары сиреп, қазір мүлдем қалмауға айналды. Сонымен бірге, соғысты басынан өткеріп, сол жылдардағы қиындыққа төзіп, тылдағы ауыр жұмыстарды атқарған, сонысымен Жеңіс күнін жақындатқан аталарымыз бен әке-аналарымызды да мақтан тұтамыз. Соғыс және тыл ардагерлері, Отанға деген шын сүйіспеншілігімен, ерліктері және қайсарлықтарымен, жігер-қайратымен, келер ұрпаққа мәңгі үлгі-өнеге. Еліміздің тарихында, жалпы, әлем тарихында майдангерлердің есімдері өшпес ерліктерімен мәңгілікке жазылып қалды. Бейбіт күн үшін жан алысып, жан беріскен батырлар ерлігі ұрпақ жадынан ешқашан өшпеуге тиіс.

Самал ҚҰТТЫҒОЖИНА,
Ақмола облыстық мемлекеттік архивінің ақпараттық-ұйымдастыру  бөлімінің архивисі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар