Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Заң мен тәртіп – ішкі тұрақтылық кепілі - АРҚА АЖАРЫ

Заң мен тәртіп – ішкі тұрақтылық кепілі

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Ақмола облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Бахтияр Өтекин ведомство қызметінің биылғы он бір айдағы жұмыс қорытындысын баяндады.

Брифингте айтылғанындай, өңірде қылмыстық ахуал тұрақты, дегенмен, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қадағалаушылар қылмыстың алдын алуға бағытталған күшейтілген шараларды қабылдап, тәулік бойы аттан түспеуге дағдыланған. Соның нәтижесінде аймақта соңғы бес жылда қылмыс фактілері азайған.

–  Салыстырмалы түрде назар аударсақ, алдыңғы жылдарда 53 кісі өлімі тіркелсе, соңғы екі жылда бұл көрсеткіш азайып, 29 кісі өлімі орын алып отыр,  – деді баяндамашы полиция қызметінің соңғы нәтижелеріне назар аудартып.

Брифинг кезіндегі жауапты орган өкілінің мәліметінше, жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде бірқатар ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасап, жиырма бес жыл бойы іздеуде жүрген күдікті ұсталған. Ол бес бірдей кісі өліміне қатысты жауапқа тартылып, қылмысы дәлелденіп, оған осы жылдың тамыз айында қылмыс кодексінің ең ұзақ мерзіміне бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Соңғы он айда ішкі істер органдарының біріккен профилактикалық жұмысы нәтижесінде денсаулыққа ауыр зиян келтіру 74-тен 67-ге, бопсалау 54-тен 36-ға, тонау 37-ден 36-ға, бөтеннің мүлкін ұрлау 22 пайызға, пәтер ұрлығы 12 пайызға, ұялы телефон ұрлығы 3,1 пайызға, мал ұрлығы 54 пайызға азайған.

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етушілер бүгінде интернет желісі арқылы орын алатын алаяқтық қылмыстардың өршіп тұрғанын айтады. Мәселен, өткен айларда өңірде интернеттік алаяқтықтың 111 фактісі тіркелген. Бұл қылмыстар тұрғындарға жалған онлайн-қызмет көрсету арқылы хакерлік бағдарламалармен жүзеге асқан. Алданып қалған тұрғындардан жымқырылған қаражат халықаралық аударым арқылы алынады немесе криптовалютаға айналдырылады. Тұрғындардың арызына сәйкес, алаяқтар 260 миллион теңгені жымқырып үлгерген.

Осы тектес қылмыстардың көптеп орын алуына байланысты Ақмола полицейлері келер жылы алаяқтықпен күресті күшейту мақсатында жеке бөлім құруды жоспарлап отыр. Бүгінде департамент жанында білікті IТ мамандары іріктелініп, алдағы жұмыс жоспары бекітілген.

Тиылмай тұрған тағы бір қылмыстың түрі – өңірге есірткі өнімдерін тасымалдау ісі. Полицейлер осы уақыт аралығында барлығы 1097 профилактикалық іс-шаралар жүргізіп, 278 қылмыстың бетін ашқан. Облыс аумағына есірткі заттарын жеткізіп отырған тоғыз ірі арнаның жолын кескен. Соның нәтижесінде синтетикалық заттар мен марихуананы қоса есептегенде, барлығы 366 келіден астам есірткі тәркіленіп, жойылған.

Брифинг соңында департамент басшысының орынбасары жол көлік оқиғаларына тоқталды. Өңірде жол қауіпсіздігін 536 патрульдік полиция қызметкері қамтамасыз етеді. Олардың жартысына жуығы республикалық және халықаралық маңызы бар жолдарда жұмыс істейді. Өкінішке орай, қабылданып жатқан шараларға қарамастан, жыл сайын жол апатынан ондаған адам қайтыс болады.

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін жергілікті полиция басқармасы жыл басынан бері үгіт-насихат жұмыстарын тоқтатқан емес. Жолдардың апатты учаскелерінде кезекшіліктер күшейтіліп, «Екин-Патрол», «Сергек Патрол» және «Автоураган – МС» жылжымалы кешендері жұмыс істейді. Полиция өкілдері тұрғындарға жол үстінде жылдамдықты асырмай, барынша өз қауіпсіздіктерін қамтамасыз етуді ескертеді.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар