Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) елдің әрбір азаматына қажетті медициналық қызметтерге қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Ақмола облысында аталған жүйе медициналық қызметтердің кең спектрін ұсына отырып, тиімді жұмыс істеуді жалғастыруда.
Жедел жәрдем мен санитарлық авиациядан амбулаториялық-емханалық қызмет көрсетуге, стационарлық емдеуге және медициналық оңалтуға дейін қарастырған ТМККК медициналық көмектің барлық негізгі кезеңдерін қамтиды. ТМККК-ға енгізілген екпе салу және скринингтік бағдарламалар түрлі аурудың алдын алуда маңызды рөл атқарады.
«Біз облысымыздағы денсаулық сақтау жүйесін дамыту үшін барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз. Негізгі мақсатымыз – ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету», – деп атап өтті Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы міндетін атқарушы Елена Иванова.
Медициналық қызметтердің қолжетімділігін жақсартудағы маңызды қадамдардың бірі «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» атты ұлттық жобаны құру болды. Осы жоба аясында өңірде 38 нысанның құрылысы жүргізілуде, оның 28-і бүгіндері пайдалануға берілген.
Мобильді медициналық кешендер де ауылдық жерлерде маңызды рөл атқарып келеді. Өткен жылы 11 мобильді кешен 323 ауылға барып, 1492 диагностикалық зерттеу жүргізді, бұл тұрғындардың ауруларды уақытында анықтап, қажетті ем алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, облыста дистанциялық медициналық қызметтер енгізіліп, бұл ауыл тұрғындары үшін үлкен жеңілдік болды. 50 мыңнан астам дистанциялық медициналық қызмет көрсетілді, ал 300-ден астам телемедициналық кеңес берілді.
Қазіргі таңда облыс бойынша 561 медициналық ұйым қызмет атқаруда, оның 522-сі ауылдық жерлерде орналасқан. Бұл мекемелер 788 мыңнан астам азаматқа, соның ішінде 329 мың ауыл тұрғынына медициналық көмек көрсететіндігін атап өткен жөн.