Ерекше қажеттіліктері бар балаларға жағдай жасалуда

Ақмола облысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар 13 мыңнан астам бала бар. Олардың барлығы да өзгелермен тең дәрежеде білім алуға тиісті. Осы орайда өңірде қандай жұмыстар жүргізіліп жатқандығы туралы облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Әсемгүл Сүлейменова өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өткізді.  

Инклюзивті білім беру дегеніміз – әрбір баланың ерекше қажеттілігіне байланысты білім алуына қолжетімділігі мен тең құқығын қалыптастырып,  жағдайларын қамтамасыз ету. Ерекше қажеттіліктері бар балалар саны облыста 13 мыңнан асса, олардың 5 мыңнан астамы 6 жасқа дейінгілер, 8292-сі 7 мен 18 жас аралығындағылар және 56-сы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері екен. Бұлардың ішінде 2054-інің мүгедектігі бар.

– Нозология бойынша ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың 40 пайызында сөйлеу қабілеті бұзылған, 34 пайызының психикалық дамуы тежелген және 13 пайызының ақыл-ойы кем. Өткен жылмен салыстыратын болсақ, биылғы көрсеткіш өкінішке орай, 1668 балаға артып отыр. Соның ішінде эмоционалдық-ерік қабілеті бұзылған, яғни, аутизмге шалдыққан балалардың саны 191-ге жеткен, – деп көңілге кірбің ұялататын сандық көрсеткіштерге тоқталды баяндамашы.

Инклюзивті білім беруді дамытуда облыстың білім беру жүйесіндегі арнайы ұйымдар желісі үлкен рөл атқарады. Атап айтқанда, ерекше қажетіліктері бар балаларды анықтап, олармен жұмыс істеу бойынша 5 арнайы мектеп-интернат, 4 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, 20 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 84 инклюзивті білім беру, қолдау кабинеттері  жұмыс істейді. Арнайы мектепке дейінгі ұйымдар желісін кеңейту мақсатында облыс орталығының Сарыарқа шағын ауданында 280 орындық сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған балабақша құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, 2024 жылдың соңына таман осы Сарыарқа шағын ауданында алғаш рет ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған «Аяла» арнайы балабақшасы ашылған болатын.

2020-2025 жылдарға «Инклюзивті білім беруді қолдаудың ресурстық кабинеттерінің желісін кеңейту» жоспарына сәйкес биыл облыстың барлық аудандары мен қалаларында инклюзивті білім беруді қолдаудың тағы 30 кабинетін ашу жоспарланыпты.

– Кедергісіз орта құру маңызды іс-шаралардың бірі болып табылады. Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін кедергісіз орта құру бойынша елді мекендерде жағдайларды қамтамасыз ету және шаралар қабылдау мақсатында білім басқармасы жыл сайын білім беру ұйымдарында күрделі, ағымдағы жөндеулер жүргізу кезінде мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін білім ордаларына кедергісіз кіруге бағытталған бейімдеу іс-шараларын жүргізуге көп көңіл бөледі. Барлық білім беру ұйымдарында пандустар орнатылды, 27 ұйымда кедергі болмағандықтан, пандус орнатылмады. Барлық білім беру ұйымдарында қоңырау түймелері, сырғанауға қарсы жабын және контрасты бояу салынған, – деді баяндама барысында Әсемгүл Төлеуханқызы. Оның айтуынша, облыста ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды тасымалдауды ұйымдастыру үшін барлық психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері де 20 бірлік арнайы автокөлік те сатып алынған.

Білім беру мен түзету қызметтерінің сапасы мұғалімдердің кәсіби шеберлігіне тікелей байланысты. Облыста ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен 1090 арнайы педагог, атап айтқанда логопедтер, дефектологтар, тифлопедагогтар, сурдопедагогтар, олигофренопедагогтар, педагог-психологтар жұмыс істейді. Олардың ішінде жалпы білім беретін мектептерде 687, мектепке дейінгі ұйымдарда 183, арнайы ұйымдарда және түзету кабинеттерінде 220 арнайы педагог бар. Мұғалімдердің барлығы жоғары білімді. 2021 жылдан бастап психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу үшін білім беру ұйымдарында педагог-ассистенттердің штаттары енгізілсе, бүгінгі күні олардың саны 191-ге жетіпті. Өткен жылы 450 педагог инклюзивті білім беру бойынша біліктілігін арттыру курсынан өткен. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.

Жалпы, облыста ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған қосымша білім беру жайы да тең қарастырылған. Мұндай балаларға спорттық, өнер секілді басқа да қосымша сабақтарға өз еріктерімен қатысуға болады.

Брифингте көзі нашар немесе мүлдем көрмейтін балалар Қарағанды облысындағы арнайы мектеп-интернатында білім алатындығы айтылды. Ал, біздің облыста ондай балалар болса, онымен маман жеке айналысады.

– Бізде көз жанары мүлдем көрмейтін балалар көп емес, белгілі бір дәрежеде көзі нашар көретіндері №1 облыстық арнайы мектеп-интернатында оқи береді. Бір ғана жағдайда сол мектептің бір маманын арнайы курсқа жіберіп, оқытып алдық. Ал, мүлдем көзі көрмейтін зағип балалар өте сирек кездеседі. Ондай жағдайда мамандар тексерісінен кейін балаларды Қарағандыға жолдаймыз, –деді баяндамашы.

Сонымен бірге, брифингте ерекше білім алатын балаларды оқытатын мамандар тапшылығы мәселесі де көтерілді. Бұл орайда, Әсемгүл Сүлейменова:

– Өкінішке орай, соңғы жылдары ерекше білімді қажет ететін балалар саны артуда. Соған байланысты аудан орталықтары мен елді мекендерде тиісті кабинеттер ашылуда. Қажеттілік көбейген сайын маман тапшылығы да байқалады. Бұл мәселені шешу үшін инклюзивті білім беру кабинеті ашылатын мекеменің басшысы педагогикалық мамандар жәрмеңкесіне қатысады, облыс әкімінің грантымен қажетті мамандыққа жастарды оқытып аламыз, – деді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар