Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифинг «Жұмысшы мамандықтары жылы» бағдаламасын іске асыру аясында өрбіді. Ақмола облысының кәсіподақтар орталығының төрағасы Қали Рахметов айтулы жыл шеңберінде атқарылатын жұмыс жоспарымен бөлісті.
2025 жылдың соңына дейін кәсіподақтар қызметінің стратегиясын және «Жұмысшы мамандықтары жылы» бағдарламасын жүзеге асыру тақырыбындағы бұл брифингте 2020-2025 жылдарға арналған аталмыш стратегияның қорытындылары шығарылды және Мемлекет басшысы өз Жолдауында ерекше назар аударған Жұмысшы мамандықтары жылында іске асырылатын жоспарлар таныстырылды.
Кәсіподақтардың және оның мүшелік ұйымдарының негізгі қызметі кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау, кәсіподақ қызметін жетілдіру болып табылады. Облыста алға қойылған стратегиялық бағдарламаларды, ондағы мақсат-міндеттерді іске асыруға 11 облыстық салалық және жергілікті кәсіподақтар қатысуда. Оларда 1245 бастауыш және 10 ірі кәсіподақ ұйымы бар. Бұл кәсіподақтар 74 мыңнан астам адамның басын құрайды. Жалпы, облыстағы кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмысшыларының кәсіподаққа мүшелікке өтуі 48 пайызды ғана құрап отыр. 2020 және 2024 жылдар аралығын салыстырып қарасақ, кәсіподаққа кірген бастауыш ұйымдар саны небары 23 пайызға артса, оның мүшелерінің саны 23559 адамға немесе 47 пайызға көбейген.
Стратегияны іске асыру барысындағы маңызды шараларға тоқтала келе, Қали Рахметов:
– Алғашқы бағыт – үшжақты ынтымақтастық пен әлеуметтік диалогты нығайту бойынша біз 2024-2026 жылдарға арналған жұмысшылардың жағдайын жақсартуға бағытталған өңірлік келісімге қол қойдық. Сонымен бірге, Ақмола облысының еңбек инспекциясы департаментімен, «AMANAT» партиясының облыстық филиалымен, Ақмола облысының кәсіпкерлер қауымдастығымен, Ақмола облысы бойынша «Халықаралық медиация орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігімен және «Әділдік және өркендеу» қоғамдық бірлестігінің өкілдіктерімен, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Кәсіподақтар федерациясының 2024 жылғы 1 наурыздағы табанды бастамасының нәтижесінде ең төменгі жалақы мөлшерін анықтау әдістемесінің жобасы мақұлданды және ол 2024 жылғы 20 наурызда Үкіметтің Қаулысымен бекітілді. Ерекше еңбек жағдайында жұмыс істеп жүрген орман шаруашылығының қызметкерлерінің лауазымдық жалақысы 2024 жылғы шілдеден бастап 100 пайызға көтерілді. Ондаған жылдардан бері кәсіподақтар көтеріп жүрген бір мәселеде былтыр оң шешіміңн тауып, алғаш рет 55 жасқа толған, зиянды еңбек жағдайларында еңбек етіп жүрген қызметкерлерге арнайы әлеуметтік төлем енгізілді, – деді.
Стратегияның тағы бір бағыты – еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мәселелерді реттеу болатын. Бұл тарапта жүргізілген мониторинг деректері бойынша бес жыл ішінде жазатайым оқиғалар саны 5 пайызға азайған. Нақты сандарды сөйлетсек, облыс кәсіпорындарында 2020 жылы 70 жазатайым оқиға орын алса, былтыр 67 жағдай тіркеліпті. Оның ішінде кәсіподақтары бар ұйымдарда жазатайым оқиғалар 40 пайызға төмендеген. Мәселен, осыдан бес жыл бұрын оларда 22 жазатайым жағдай болса, былтыр 13 оқиға орын алған. Кәсіподақтары бар ұйымдардағы барлық жазатайым оқиғаларды тергеу кезінде оған кәсіподақ белсендісі қатысып, жұмысшылардың құқығын қорғайды. «Мысалы, «Altyntau Kokshetau» акционерлік қоғамында жазатайым оқиға болған қызметкердің отбасына Көкшетау қаласынан 3 бөлмелі пәтер сатып әперілді, 10 жылдық жалақы төленді, жерлеу шығындарының барлығын кәсіпорын көтерді. Сол сияқты, «Бұқпа» орман шаруашылығында орын алған оқыс оқиғадан мерт болған азаматтың отбасына 600 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді, сондай-ақ, жоғары оқу орнын бітіргенге дейін қызының оқу ақысы төленеді» деп атап өтті Қали Сұлтанахмедұлы.
Есепті жылы осы салада бірқатар өзгерістер орын алып, өзекті мәселелерді шешуде маңызды рөл атқаратын 2024-2030 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы іске қосылыпты.
– 2025 жыл Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланғаны белгілі. Бұл еңбек адамын құрметтеп, оған нақты қолдау көрсетуге бастайтын маңызды қадам. Сондықтан, биыл біз жұмысшы мамандардың беделін арттыруға және олардың жағдайларын жақсартуға күш саламыз. Бұл әрине, жан-жақты жұмысты, барлық мүдделі тараптармен тығыз қарым-қатынасты және біздің стратегиялық мақсаттарымызды дамыта түсуді талап етеді. Осы ретте, біз жұмыс берушілерге жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы рөлінің маңызды екендігін түсіндіре отырып, оларға деген жақсы көзқарасты қалыптастыру бағытында әрі жастарға кәсіптік бағдар беру сипатындағы ағартушылық жұмысты күшейтеміз. Қазірден бастап кәсіподақтар федерациясы YouTube арнасында табысты еңбек адамдарының өмірбаяндарын насихаттап, таратуда, еңбексүйгіш жандар, өндіріс орындары туралы әртүрлі түсірілімдер көрсетуде, – деді облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы.
Сондай-ақ, Федерация Қазақстандағы еңбек кәсіптерінің алуан түрлілігін көрсетуге және еңбекке құрметпен қарауды насихаттауға бағытталған «Еңбек адамдары» республикалық фотобайқауын да ұйымдастыруда.
– Біз кәсіподақ ұйымдарымен бірлесіп, 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы, Қазақстанда кәсіподақ қозғалысының құрылғанына 120 жыл және Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдығын өткізу аясында жоспарлап отырмыз. Оның шеңберінде жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, еңбек адамдарының құқықтары мен мүдделерін қорғау, Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының жобаларына қатысу бойынша бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілді. Осы жоспар аясында жастар арасында «Адал еңбек», «Еңбек адамы», «Еңбек әулеті» секілді жобалар бастау алады, –деді Қ.Рахметов.
Брифинг барысында БАҚ өкілдері тарапынан бірқатар сауалдар қойылып, жазатайым оқиғаларға жол бермеу, ауылды аймақтардағы кәсіподақ мүшелерінің құқығын қорғау тәрізді мәселелер көтерілді.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.