Әлеуметтік жағдай жақсарып келеді

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Есіл ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Сыздықпаев өткен жылы әлеуметтік салада атқарылған жұмыстар қорытындылары туралы баяндап, журналистердің сауалдарына жауап берді. Ауданда әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға сондай-ақ, денсаулық сақтау, білім беру, қолжетімді тұрғын үй және еңбек қатынастары жүйесін жақсартуға бағытталған бірқатар шаралар жүзеге асырылған көрінеді.

Жергілікті билік, қоғамдық ұйымдар және тұрғындардың үйлесімді жұмысының арқасында біраз нақты нәтижелерге қол жеткізіліп, ол азаматтардың өмір сапасын жақсартуға ықпал еткен.

–Аймағымызда халықтың әлжуаз топтарын қолдауға, әсіресе, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар мен мүгедектер және зейнеткерлерге әлеуметтік қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөлінуде, – деп атап өтті бұл орайда, аудан әкімінің орынбасары.

2024 жылы 78 322,7 мың теңге қаражат қиын жағдайға тап болып, тығырыққа тірелген ауданның 136 тұрғынына әлеуметтік қолдау төлемі ретінде төленіпті. Сонымен қатар, әлеуметтік көмек көрсету бағдарламасы аясында ауылдық жерлерде жұмыс істейтін білім беру мекемелерінде істейтін мамандарға қыс айларында қатты отын сатып алу үшін қаржылай көмек берілді. Шалғай ауылдарда тұратын 437 жұмысшыға 23 868,8 мың теңгеге көмір сатып алынды.

Өткен жылы облыс әкімінің тапсырмасымен аудандық бюджет есебінен 48 миллион 504 мың теңге бөлініп, зейнеткерлерді санаторлық-куроттық емдеуге жіберу жұмыстары атқарылды. Сөйтіп, зейнет жасындағы көпбалалы аналар, Чернобыль апатына қатысқандар, интернационалист жауынгерлер және сонымен қатар, әр түрлі дертпен күресіп келе жатқан тұрғындарды есептегенде, барлығы 2609 адам емдеу-сауықтыру мекемелеріне жіберілді.

–Өткен жылы көктемгі су тасқыны біздің ауданымыз үшін де ауыр болды.  Тасқын салдарынан жапа шеккен ауданның 161 тұрғынына  59 441,0 мың теңге әлеуметтік төлем төленді. Сөйтіп, тасқын кезінде шығынға ұшыраған отбасылар жиһаздар мен тұрмыстық техникаларын қалыпқа келтірді. Әкімдік тарапынан жасалған бұл көмек апат әкелген ауыр зардаптарды жоюға өз ықпалын тигізді, – деді одан әрі  Ерлан Сыздықпаев.

Ауданда жалғызбасты, өздігінен жүріп-тұра алмайтын, денсаулығында кінәраты бар барлығы 153 тұрғын бар, оларға 28  әлеуметтік қызметкер қызмет көрсетеді. Өткен жылы мұндай тұлғаларға қолдау көрсету мақсатына жергілікті бюджет есебінен 62 700,4 мың теңге қаражат қарастырылған. Сонымен қатар, ауданда «Есіл – біз біргеміз!» қоғамдық қауымдастығы жұмыс істейді. Оның мүшелері ерекше қажеттілігі бар балаларға әр түрлі әлеуметтік қызмет түрлерін ұсынады. Өткен жылы олар осындай санаттағы 12 балаға қызмет көрсетті, бұл мақсатқа 7 065,6 мың теңге бөлінген. Бүгінде ауданда жүріп-тұруы шектеулі азаматтар үшін әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету жұмыстары атқарылуда. Өткен жылы дәріханалар мен дүкен тәрізді 12 нысан осы санаттағы азаматтардың жүріп-тұруы үшін бейімделді. 2024 жылы барлығы 590 адам жұмысқа тұрғызылды, оның 21-і қысқа мерзімді оқытуға жіберіліп, 29 адам «Бастау бизнес» бағдарламасының жеңімпазы атанды.

Ауданда бүгінде 32 білім беру мекемелері жұмыс істейді. Онда барлығы 555 педагог жас ұрпақты білім нәрімен сусындатуда. Өткен жылы ауданға «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы 17 жас маман келіп, оларға 4 миллион 799 мың теңгеге жуық көтерме ақы төленді. Екі жас маманға 7 миллион 321 мың теңгеге тұрғын үй үшін бюджеттік несие рәсімделді.

Ауданда балалар мен жастардың дамуында маңызды рөл атқаратын барлық білім беру мекемелері сапалы білім беруді ұйымдастыру үшін озық стандартты жағдайлармен қамтамасыз етілген. Бұл өскелең ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне тікелей әсер етіп, оң нәтижеге қол жеткізетіні сөзсіз.

Ал, аудан тұрғындарының денсаулығын сақтау әрі жақсарту мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстардың да нәтижесі жаман емес. Мәселен, өткен жылы ауданда барлығы 119 сәби дүниеге келіп, сәби мен ана өлімі тіркелмеген. Бұл дегеніңіз аудандағы медициналық қызметтік жоғары әрі сапалы деңгейін көрсетіп тұрғандай.

Ауданның барлық медициналық мекемелері компьютерлік техникалармен толық жабдықталған. Бұл медициналық мекемелердің тиімділігін арттырып, ақпарат алмасуды жеңілдетуге, диагностика мен емдеу процесін жылдамдатуға мүмкіндік береді.

2024 жылы дәрі-дәрмектерді сатып алуға жоспарланған қаржыландырудың барлық көздері толық игерілді. Бұл медициналық мекемелерді қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуге бағытталған қаражаттың тиімді пайдаланылғанын көрсетеді.

Бірақ, бүгінде ауданда денсаулық саласындағы кадр тапшылығы еш өзгеріссіз күйінде. Қазіргі таңда өкінішке орай, 14  медицина қызметкерінің орны бос тұр. 2024 жылы облыстық бюджет қаражаты есебінен 82 миллион 568 мың теңге қаражат бөлініп, аудандағы денсаулық мекемелерінің базасына қажетті жабдықтар сатып алынды. Сонымен қатар, өткен жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Ақсай және Свободный ауылдарында дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы басталды. Бұл салынып жатқан денсаулық нысандарының әрқайсысы 40 келушіге қызмет көрсетуге лайықталған. Құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылы аяқтау жоспарланып отыр. Иә, осы айтылғандарға қарағанда ауданда әлеуметтік салада ілгерілеу бары анық. Тек осының бәрі алда да жалғасты болғай.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Есіл ауданы.

8 Total Views , 1 Views Today

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар