Аға ұрпақ  қашанда ерлік пен еңбек өнегесі

Ақмола облысында Ұлы Жеңісті атап өтуге байланысты бес мыңнан аса шара өтпекші. Бүгін Ақмола облысы ардагерлер кеңесінің ұйытқы болуымен Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының жанындағы «Өзбек» этно-мәдени орталығымен бірлесіп, «Шафран» дәмханасында «Ұлы Жеңіс: ерлікке тағзым, ұрпаққа өнеге» тақырыбында Жеңіс мерекесінің шымылдығын ашқан арнайы мәдени-рухани шара болып өтті.

Адамзат тарихындағы сұрапыл соғыс дүрмегі басылса да, оның салып кеткен жарасы әлі жазылған жоқ. Сол соғыстағы Жеңіске де биыл 80 жыл толып отыр. Бұл мереке ең соңғы соғыс жауынгері қалғанша тойланады.

«Шафран» дәмханасында қазақ-өзбек ұлттық киімдерін киген жастар соғыс жылдары тылда еңбек еткен ардагерлерді мерекелік рәуіште қарсы алып, кеуделеріне көк туымыз түстес ленталар жапсырылды.

Қара бұлты торлаған соғыс өртінің жалынына қарсы тұрған бабалардың ерлік жолы кешегі Ауған жеріндегі соғыста да айқын көрінді. Сол соғыста да қаншама жас өрендер қазаға ұшырады. Біздің ортамызда осы соғысқа қатысып, елге аман оралған ауған ардагерлері де шараның құрметті қонағы болды.

Кездесу одан әрі дастархан басында жалғасты. Шараны Ақмола облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Бекенұлы Нұғыман құттықтау сөзімен ашты.

–Бүгінгі шара – Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіс қаһармандарына тағзым етуге арналады. Өмір мен өлім белдескен сұм соғыстың аяқталғанына да биыл 80 жыл. Бұл біздің тарихымыз үшін де айрықша есте қалар оқиға. Себебі, ел шетіне басқыншы жау келгенде қолдарына қару алып, алдыңғы шепке аттанған батыр бабаларымыздың қатарында біздің де ақмолалық жерлестеріміз бар еді. Осы жылдары алпыс мыңнан аса ақмолалықтар соғысқа аттанып, оның 30 мыңнан астамы ұрыс далаларынан туған жеріне оралған жоқ.  Қаншама ата-әкелеріміз хабар-ошарсыз кетті.

Ұлы Отан соғысы ерліктің әбден шыңдалған арқауына айналды. Кеңес елі бойынша 11 мыңнан аса адам Батыр атағын алса, соның 104-і мұндай атақты екі рет иеленді. Солардың қатарында біздің атақты жерлесіміз, ұшқыш Талғат Бигелдинов те бар.

Батырлықтың қайсар үлгісін көрсеткен жерлестеріміз Сағадат Нұрмағамбетов, Мәлік Ғабдуллин, Ақан Құрманов және тағы басқалары осындай жоғары атақпен марапатталды.

Ал, Жеңіс туын жаудың соңғы ошағы – Рейхстагқа тіккен тағы бір атақты жерлесіміз Рахымжан Қошқарбаев еді. Көзі тірісінде Батыр атағын ала алмаса да, өмірден өткесін оған «Халық Қаһарманы» атағы берілді.

Бүгінде Ақмола облысы бойынша 5 соғыс ардагері қалды. Олардың да жасы бір ғасырға таяды. Сондықтан, тарих парақтары ашылып жатса да, ел есінде қалар қым-қуыт күндерге толы шақтар еш ұмытылмақ емес. Ол әрбіріміздің жүрек төрімізде сақталары анық.

Міне, Ұлы Жеңіс осындай қаһарман ұлдарымыздың арқасында ғана келген жоқ. Тылдағы ерен еңбек те Ұлы Жеңісті жақындатты. Бесіктен белі шықпаған баладан қолына таяқ ұстаған қарияға дейін тылдағы жұмысқа жегілді. Солардың қатарында Сіздер де барсыздар құрметті тыл еңбеккерлері, – деді ол.

Социалистік Еңбек Ері Есілбай Қадірәлин, Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, Ауған соғысы ардагерлері облыстық кеңесінің төрағасы Дуанбай Ыбырай және басқалары ел басына күн туғанда алғы шепте басқыншы жаумен арпалысқан батырлар мен елдегі еңбектің ауыртпашылығын мойнымен көтерген тыл еңбеккерлерінің ерен істерінен сыр шертті.

Ал, осы шараға ұйытқы болып, адал дәмін ұсынған Тожибуви Усмановна Медетоваға елдегі бірлік пен ынтымақ, тәуелсіздік тағылымдарының өркен жаюы Ұлы Жеңісті жақындатқан соғыс және тыл ардагерлері екенін айта келіп, өзінің алғысын білдірді.

Көкшетау қалалық мәдениет бөлімінің өнерпаздары әсем ән мен күмбірлеген күйден шашу шашты. Ардагерлер де жастық шақтарын еске алып, би билеп, өздерінің ерекше қуанышқа бөленгенін айтып жатты. Шара соңында барлық шара меймандарына облыстық ардагерлер кеңесі дайындаған сыйлықтар таратылды.

        Б.ҚАЙЫРЖАНҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар