Мерей
Бір салада үздіксіз жарты ғасырдан астам уақыт еңбек ету – табандылық пен төзімділіктің, өзінің сүйікті ісіне берілгендіктің нышаны болса керек. Осы тұрғыда біздің бүгінгі көктемнің қырмызы мерекесі қарсаңындағы әңгімеміз – бар ғұмырын ұстаздыққа арнап келе жатқан ұлағатты жан Рәзия Хұсайынова хақында өрбитін болады.
Рәзия Қайырбекқызы 1981 жылы С.М.Киров атындағы Омбы ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетін ғалым-агроном мамандығы бойынша тәмамдаған. 2004 жылы Омбы мемлекеттік аграрлық университеті жанындағы диссертациялық кеңесте «Жалпы егіншілік» мамандығы бойынша ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғаған. Ал, 2008 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінде қайта аттестаттаудан өткен.
Бүгінде Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті «Тау-кен ісі, құрылыс және экология» кафедрасының қауымдастырылған профессоры лауазымында қызмет атқарады.
Осы университет құрылған күннен бастап Рәзия Қайырбекқызы студенттердің экологиялық білімі мен білікті кадрлар даярлаудың бастауында тұрды. Оқу үдерісіне жалпы экологияны енгізгеннен кейін, міндетті жалпы білім беретін жаратылыстану-ғылыми пән ретінде, студенттер саны 200 және одан да көп адамды құрайтын барлық мамандықтарға сабақ берді. «Экология» мамандығы студенттерінің алғаш кураторы болды. Сондай-ақ, ол білім және ғылым саласында бәсекеге қабілетті және сұранысқа ие магистранттарды да оқытады. Мәселен, Рәзия Қайырбекқызының шәкірттерінің бірі – «Экология» мамандығының магистранты Құндыз Бекенова магистратурада оқып, ғылыми диссертация тақырыбы бойынша бірінші грантты жеңіп алып, Польша Халық Республикасында докторантурада оқуын жалғастырған. Рәзия Қайырбекқызының басшылығымен 20-дан астам магистрлік диссертация және 150-ден астам дипломдық жұмыс орындалып, барлық магистранттары мен студенттері өз мамандықтары бойынша еңбек етуде.
Ұлағатты ұстаз ғылыми қызметпен белсенді айналысады. Солтүстік Орал ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істей жүріп, Батыс Сібірдің орманды дала аймағы жағдайында сортаң топырақтағы тозған табиғи жемшөптік жерлерді түбегейлі жақсарту үшін мамандандырылған топырақ-мелиоративтік жемшөптік ауыспалы егістерді әзірледі. Ауыспалы егістің өнімділігін айқындайтын топырақ факторларын анықтаған. Ащылы жемшөп дақылдарының өнімділігін модельдеп, болжау жүргізген. Солтүстік Қазақстан жағдайында «Бурабай» ұлттық табиғи паркі қорық қорының жол бойындағы белдеуінде және Көкшетау-Астана автобанының жол бойындағы экожүйелерінде топырақ пен өсімдіктердегі ауыр металдардың құрамын зерттеген. Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстанның су экожүйелерін ұтымды пайдалануды зерттеумен айналысады. 170-тен астам ғылыми жұмыстар, оның ішінде Sckopus базасына кіретін жоғары рейтингтік халықаралық ғылыми журналдарда жеті мақаласы мен ҚР БҒМ КОКСОН тізбесіне кіретін журналдарда он мақаласы, Ресейдің ЖАК тізбесіне кіретін журналдарда он төрт мақаласы жарияланған. Сонымен қатар, 3 монография, 5 оқу құралы, 11 оқу-әдістемелік кешен, өндіріске 5 ұсынымы жарық көрген.
Қазіргі таңда «Агроэкология», «Қоршаған ортаның биогеохимиясы» оқу құралдарына арналған авторлық куәліктері, «Гидрологиялық болжамдар» оқу-әдістемелік кешені және «Батыс Сібірдің орманды дала аймағының гидроморфты ұсақ сортаңдықтарындағы азықтық ауыспалы егістердің орта қалыптастырушы рөлі» атты монографиясы бар. Оған қоса, өзінің еңбекқорлығының арқасында гранттық, бағдарламалық-нысаналы қаржыландырудың ғылыми жобаларын жүзеге асыруға белсенді қатысады.
Осылайша 2023 жылы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2023-2025 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру жобасын жеңіп алған. «Агроөнеркәсіптік кешенді тұрақты дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігі» атты жоба тақырыбы бойынша «Солтүстік Қазақстанның қара топырақты аймағында дәнді дақылдардың минералды қоректенуін оңтайландыру үшін өсімдіктердің жағдайын бағалаудың кешенді жер үсті және қашықтықтағы әдістерін әзірлеу» жұмыстары Рәзия Қайырбекқызының басшылығымен және тікелей қатысуымен өзі еңбек етіп жүрген университетінде жүзеге асырылуда. Онда шаруашылық шарт негiзiнде – ормандардың экологиялық жай-күйiн, биологиялық әртүрлiлiгiн, жердегi экожүйелердiң экономикалық құндылығын кешендi бағалау және «Бурабай» мемлекеттiк ұлттық табиғи паркiнiң топырақ жамылғысының жай-күйiн талдау және картаға түсiру жұмыстары жүргізіледі.
Ол көптеген халықаралық ғылыми-практикалық конференциялардың белсенді қатысушысы. Ұзақ жылдар бойы география және экология кафедрасының оқу-әдістемелік секторының төрағасы, жаратылыстану-педагогикалық факультетінің ғылыми кеңесінің мүшесі, «Эко-Көкше» экологиялық орталығы қоғамдық бірлестігінің мүшесі болып, қоғамдық жұмыстармен де белсене айналысып келеді.
«Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіне 50 жыл» құрмет төс белгісі, «Айрықша еңбегі үшін» медалі және университеттің 60 жылдығына арналған бірінші дәрежелі медалінің иегері. Ректораттың Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталған.
Өзінің сүйікті ісінің кәсіби маманы ретінде Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасының құрметті білім қызметкері» төсбелгісі және «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған Рәзия Қайырбекқызы әріптестері арасында да, студенттер арасында да лайықты беделге ие. Ол өзінің қарапайым да мейірімді мінезімен қолға алған ісіне тиянақтылығымен кез-келген уақытта айналасына көмек көрсетуге дайын.
Бүгінде «Тау-кен ісі, құрылыс және экология» кафедрасының білікті маманы Рәзия Қайырбекқызы әріптестері арасында жетпістің абырой биігінен көрініп, шәкірт тәрбиелеуді әлі де жалғастырып келеді. Ол өзінің жан жары, аталмыш университеттің профессоры Әбілжан Тоқанұлы Хұсайыновпен 50 жыл бірге отасып, үш бала тәрбиелеп, ұлын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немере сүйіп, аяулы ана, асыл жар, сүйікті әжеге айналып отыр.
Қазақ әйеліне тән барлық қасиеттер бір бойынан табылатын Рәзия Қайырбекқызына төл мерекеңіз – 8 наурызбен тұспа-тұс келген мерейлі жасыңыз құтты болсын дей келе, жұмыс пен отбасын қатар алып келе жатқан кейіпкеріміздің еңбекпен есейіп, шаңырақ шаттығына бөленген салиқалы ғұмыры өнегемен өріле берсін демекпіз.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.