Қайырымдылық
«Наурызнама» онкүндігінің» екінші күні – Қайырымдылық күнінде Целиноград ауданының Қажымұқан ауылында «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен жаңа спорт нысаны ашылды. Бұл «Самұрық-Қазына» қорының компаниялары тобы атынан іске қосылған он бесінші спорт кешені.
Оның жалпы ауданы 1,7 мың шаршы метр. Мұнда шағын футбол, волейбол, баскетбол алаңдары, теннис корты, жүгіру жолдары және қажетті құрал-жабдықтар бар. Қазіргі таңда дзюдо, қазақ күресі, бокс, волейбол, футбол бойынша секциялар ашылып, оған 188 бала тегін қатысуда.
Спорт кешенінің ашылуына аудан әкімінің орынбасары Асқар Нұртазин, облыстық спорт басқармасына қарасты балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің өкілдері және жергілікті тұрғындар қатысты. Олар өз сөйлеген сөздерінде «Самұрық-Қазына» қорына спорттық инфрақұрылымды дамытуға қосқан үлесі мен жақсы орта спорт және дене шынықтырумен айналысуға осындай қолайлы жағдай жасағаны үшін алғыстарын білдірді.
– Өңірлердегі спорт инфрақұрылымын дамыту – қайырымдылық қызметіміздің негізгі бағыттарының бірі. Қордың қолдауымен күні бүгінге дейін 15 дене шынықтыру-сауықтыру және көпфункционалды спорт кешендері, 30-ға тарта спорт алаңдары пайдалануға беріліп отыр. Осылайша еліміз бойынша 90 мың тұрғынның салауатты өмір салтын ұстанып, тұрақты түрде спортпен айналысуына жағдай жасалған. Бұл бағыттағы жұмысымыз әрі қарай жалғасатын болады, – деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директорының орынбасары Досбол Көшербаев.
Асқар Нұртазин өз сөзінде мұндай жобалардың жүзеге асырылуы жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға және өңірде бұқаралық спортты дамытуға үлкен үлес болып қосылатынын атап өтті. Сондай-ақ, жаңа спорт кешені жас спортшылар мен белсенді демалысты ұнататындар үшін жақсы орта болатынына сенім білдірілді.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.