Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылдан бері қабылданып, жүзеге асырылып келе жатса да, қарапайым халық тарапынан осы тұрғыда сауал өте көп.
Тіпті, қазіргі уақытта осы жүйеде сақтандырылмаған адамдар медициналық қызмет алуға мемлекеттік емханаларға жүгіне де алмайды. Басы ауырып, балтыры сыздағандар, жалпы, медициналық көмекке жүгінгісі келетіндер нені білуі тиіс? Осы жайында Ақмола облыстық «Арқа ажары» газеті арқылы азырақ ақпарат беруді жөн санап отырмыз.
«Сақтандырылған» деген мәртебе бізге не береді? «Сақтандырылған» мәртебесі бар азаматтар тар шеңбердегі мамандардан тегін кеңес алып, УДЗ, МРТ, КТ және тағы басқа лабораториялық және аспаптық тексерістерден өте алады, тәуліктік стационарда және күндізгі стационарда жатып емделіп, жоғары технологиялық медициналық көмекке жүгінуге, оңалту және қалпына келтіру ем-шараларын алуға мүмкіндіктері болады.
Кімдер сақтандырылған деп есептеледі?
Жарналарды үнемі төлейтін мемлекеттік органдардың қызметкерлері, жалдамалы жұмысшылар мен жеке кәсіпкерлер, азаматтардың жеңілдетілген санаттары (балалар, зейнеткерлер, студенттер, көп балалы аналар және тағы басқалары), Халыққа қызмет көрсету орталығы немесе Жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыссыз деп тіркелгендер және олар үшін жарнаны мемлекет төлейтін тұлғалар сақтандырылған болып есептеледі.
Осы мәртебені қалай тексеруге болады?
Әр азамат өзінің сақтандыру мәртебесін «fms.kz» сайты арқылы, немесе «eGov Mobile» мобильді қосымшасы арқылы, я болмаса өзі қаралатын емханадан тікелей тексеруіне болады.
Мына жайды есіңізде сақтаңыз! Егер сізде «сақтандырылған» деген мәртебе болмаса, бірқатар медициналық қызметтерге қол жеткізе алмайсыз. Өз денсаулығыңызды қорғағыңыз келсе және ертеңгі күнге сенімді болғыңыз келсе, жарналарды уақытында төлеп, мәртебеңізді тексеріп, біліп отыру қажет.
Адам баласының ең басты байлығы – оның денсаулығы. Ал, міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру, бұл ауыра қалған қиын жағдайда сіздің қорғаныңыз болады.
Индира ДЖАХИНА,
Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының жанындағы
бастапқы медициналық-санитарлық көмек орталығы учаскелік дәрігер бөлімінің меңгерушісі.
![]()

