Алғыс саған, «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы!

Болат жолдың жақсылығы

Ақмола облысының Шағалалы станциясына «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы келіп, жақын маңдағы елді мекен тұрғындарына дәрігерлік тегін тексеру, кеңес беру және сырқатына диагноз қою қызметін көрсетті. Жылжымалы медициналық пойыз жобасы 2010 жылдан бері Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының, Денсаулық сақтау министрлігінің және «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының қолдауымен жүзеге асырылып отыр.

Бірнеше күн ішінде пойыз аймақтың алты елді мекенінде болып, одан кейін Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарына аттанады. Атап айтқанда, біздің облыста Ақсуат, Шағалалы, Қызылту, Макинка, Қазақ және Өлеңті станцияларында болды.

Дәрігерлермен қатар, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия атынан келген заңгерлер мен медиаторлар да ауыл тұрғындарын қабылдады. Олар еңбек дауларын шешуге, әлеуметтік төлемдерді рәсімдеуге, сот және құқықтық мәселелер бойынша кеңес беруге көмектесті.

Дәрігерлік кеңес беруден бөлек, пойызда УДЗ, ЭКГ, флюорография, гастрофиброскопия, қан талдауы және басқа да диагностикалық тексерулерден өтуге болады. Қажет болған жағдайда шағын хирургиялық операциялар жасалады. Барлық санитарлық және техникалық талаптар сақталған, пойыз заманауи жабдықтармен қамтылған.

Еліміз бойынша осы пойыздың  маршруты  басталғалы 42 ауылдың 27 мыңнан астам тұрғыны пойыз мамандарының көмегіне жүгінді. Жалпы, медициналық жылжымалы пойыз еліміз бойынша барлығы 123 елді мекенге аялдайды. Алты ай ішінде 90 мыңнан астам адам, әсіресе, емханалардан алыс орналасқан ауыл тұрғындары білікті көмек ала алады.

Негізінен, бұл маршрут 7 тамыз күні Ақсуат ауылынан басталған болатын. Ақсуатта бір күн тұрған пойыз Шағалалы станциясына аялдаған соң әрі қарай Қызыл ту, Макинск, Қазақ және Өлеңті станцияларына тоқтайды.

Тұрғындарға терапия, хирургия, педиатрия, кардиология, неврология, оториноларингология, офтальмология, стоматология, гинекология, урология, функционалды диагностика, рентген және психология салалары бойынша барлығы 29 дәрігер қабылдау жүргізеді.

– Пойызда УДЗ, ЭКГ, флюорография, гастрофиброскопия жасатуға, сондай-ақ, зертханалық талдаулар тапсыруға болады. Қажет болса, шағын хирургиялық операциялар жасаймыз, ал күрделі жағдайларда науқастарды порталға қойып, елдің үздік клиникаларына жолдаймыз. Азаматтығы жоқ адамдарды да қабылдаймыз. Сырқаты бар немесе аурудың алдын алып, тексерілем деп келген адамды бөле жармаймыз, – дейді бізбен әңгімесінде пойыздың аға дәрігері Елнұр Маханов.

Бұл өте дұрыс шешім екені айдан анық. Ақмола облысындағы жұмысы аяқталған соң, пойыз Павлодар облысына және шығыс өңірлерге бағыт алады.

Тек өткен жылдың өзінде ғана осындай сапарға шыққан медициналық пойыз мамандары 104 250 адамға көмек көрсеткен. 2010 жылдан бері пойыз дәрігерлері арқылы 763 657 қазақстандық өз денсаулықтарын тексертіп, 36 589 ота жасалған екен.

Міне, халық денсаулығына араша түсе шыққан бір пойыздың шапағаты осыншама адамға тиіп, соның ішінде қаншама ақмолалықтардың да өз дерттеріне шипа тапқандары сөзсіз. Ендеше, бұл медициналық пойыздардың жолы біздің Ақмола, Көкше өңірлеріне де жиі түсе берсін!

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар