Бүгінде әлемде медиативті технологиялардың даму қарқыны өте өзекті әрі мұның көпэтносты мемлекеттер үшін маңызы зор. Кез келген мемлекет үшін медиация институтын дамыту коммуникацияны орнатудың маңызды факторына айналып отыр.
Қазақстан халқы Ассамблеясы түрлі әлеуметтік топтар мен этностар арасындағы түсініспеушіліктің алдын алып, оны болдырмауда тиімді еңбек етіп келеді. Жалпы, медиация ілімі дамыған, инфрақұрылымы жетілген елдердің барлығында да тәжірибеде бар. Өркениетке ұмтылған кез келген елде қылмыстық істердің азайып, істің сотқа дейін жетпеуіне, мәселенің екі тарапқа да ыңғайлы шешілуіне үлкен мән беріледі. 2011 жылдан бері медиаторлардың құқықтары заңмен реттеліп, қызметтері жайында тайға таңба басқандай етіп көрсетілді. Елімізде содан бері бірнеше медиаторларды даярлайтын орталықтар құрылды. Қоғам біз үшін мұндай қызмет түрлері керек екенін түсініп келеді.
Осы орайда, күні кеше Достық үйінде Қазақстан Халқы Ассамблеясының «Елдесу мен татуласу» жобасы аясында Көкшетау қаласындағы «Елдесу мен татуласу: этномедиацияның келісімді нығайтудағы рөлі» тақырыбында конференция өтті. Конференция жұмысына Ақмола облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова, сондай-ақ, Ақмола облысы Қазақстан Халық Ассамблеясы жанындағы Этномедиация кеңесінің мүшелері, кәсіби және қоғамдық этномедиаторлар, этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылымдардың мүшелері және мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлері қатысты.
Конференция тақырыбы бойынша Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі Мерей Мақсұтов, «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің бас сарапшысы Талшын Италиева, Қазақстан халқы Ассамблеясының этномедиация жөніндегі республикалық кеңесінің төрағасы, философия докторы Шерзод Пулатов, Қолданбалы этносаясаттық зерттеулер институты Этномедиация орталығының директоры Луиза Узарова және Ақмола Ассамблеясының Этномедиация кеңесінің төрайымы Гүлнар Мәдиева баяндама жасады.
Іс-шара барысында қатысушылар медиатордың жұмысындағы мәдениетаралық өзара әрекеттесу аспектілерін талқылап, табысты тәжірибелер мен әдістерді қарастырды. Оның барысында дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға деген құрметтің маңыздылығына ерекше назар аударылды. Бұл жанжал себептерін түсінуде және оған оңтайлы шешімдерді таңдау кезінде шешуші рөл атқара алады. Аталған конференция аясында «Этникалық қақтығыстарды реттеудегі медиация» тақырыбында екі панельдік сессиялар өтті. Сессиялар барысында интерактивті диалог алаңдары – ашық талқылаулар, этномедиация негіздеріне оқыту, тәжірибе алмасу, жағдайларды талқылау өткізілді. Шеберлік сағаттары мен практикалық тапсырмалар қатысушыларға этномедиациялық әдістерді тиімді қолдануды, әмбебап стандарттарды таңуды болдырмауды және әртүрлі тәсілдерге деген құқықты мойындауды жақсырақ түсінуге көмектесті.
– Медиация азаматтық қоғамның басым бағыттарының бірі. Ол дауды шешу мен Қазақстан азаматтарының мүдделері мен құқықтарын қорғау, қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуге жағдай жасау алаңы болып табылады. Осы жұмыс аясында этносаралық негіздегі оқиғалардың алдын алу және жол бермеу мақсатында республикалық және 21 өңірлік этномедиация кеңесі, сондай-ақ, Достық үйлері жанынан 20 медиация орталығы құрылды. Республикалық деңгейден бастап жергілікті деңгейге дейін кәсіпкер этномедиатрлардың тізімі қалыптастырылды. Олардың құрамында жалпы саны 320-дан астам адамды қамтитын кәсіби медиатрлар, заңгерлер, педагогтар, психологтар, дінтанушылар, журналистер және қоғам пікірінің көшбасшылары бар, – деді өз сөзінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі этносаралық қатынастарды дамыту комитеті өңірлік жұмыс басқармасының басшысы Мерей Мақсұтов.
Шара барысында қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту жолындағы белсенді қызметі, этномедиация саласына қосқан үлесі мен қажырлы еңбегі үшін бір топ ақмолалықтар Алғыс хатпен марапатталды. Салтанатты шарадан соң қатысушыларға «Этникалық шиеленістерді реттеудегі медиация» тақырыбында панельдік сессиялар ұйымдастырылды. Оның аясында этномедиация негіздері оқытылып, ашық пікірталас үшін интерактивті алаңдар өтті. Шараға қатысушылар тәжірибелерімен бөлісіп, практикалық кейстерді талқылады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылы этномедиация орталығы құрылды. Аталған институт этникааралық қарым-қатынастар қызметімен айналысады. Орталық жүргізген сауалнамаға сәйкес Ақмола облысы бойынша респонденттердің 97,6 проценті аймақта этникаралық жағдайдың тұрақты әрі қолайлы екенін айтқан.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 31-ші сессиясында Президент болашақта этномедиацияны дамытудың маңыздылығына тоқталып, арнайы оқу орталығын құруды тапсырған еді. Бұдан бөлек, құқық қорғау қызметіне этномедиаторларды белсенді тартуды да міндеттеді. Қазір аймақта этномедиация кабинеттері жұмыс істейді. Оның жұмысына 10 медиатор тартылған. Алтауы кәсіби, қалғандары осы іске қоғамдық негізде атсалысуда. Олардың іс-әрекетінің нәтижесінде 419 дау реттелген.
Демек, бүгінгі өткен үлкен шара бұл жұмыстардың одан әрі де өріс алып, өз шешімін таба түсуіне қарастырылған қолайлы бір мүмкіндік екеніне күмән келтірмесе керек.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ.
![]()

