Дүниежүзілік тазалық күніне орай, Қосшы қаласында сенбілік өтті. Жоғары сана-сезім қоршаған ортаны таза ұстаудан байқалуы тиіс. Осыған орай, жастар жергілікті Сарқырама өзенінің жағасын қоқыстан тазартты.
Оған Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері, қала әкімдігі, жоғары оқу орнының ұстаздар қауымы, студенттер мен волонтерлер қатысты. Экологиялық белсенді азаматтардың бәрінің жанарында жалындаған от пен рухты жігер байқалады. Ең бастысы, еліне қамқорлықты жастайынан бойына сіңіріп жатқан азаматтар өз қатарластарымен бірге игі іске бір кісідей жұмылды.
– Қосшыда мұндай сенбіліктер жиі өтеді. Мысалы, жаз айларында бізде «Жасыл ел» жасағы жұмыс істеп, көгалдандыру жұмыстары қолға алынып, көшелер тазаланды, – дейді Қосшы қаласының әкімі Азамат Қапышев.
Игі бастама еліміздің өзге өңірлерінде де көрініс тапты. Шараға барлық аймақтан 422 мыңнан астам адам қатысты. Сенбілік кезінде республика бойынша 9 мың гектар аумақ тазартылып, 12 мың тоннадан астам қоқыс жиналды.
– Жылдан-жылға жастардың белсенділігі жақсы байқалады. Бұл – табиғатты қорғауға оң бағыт беретін жақсы іс-шараның бірі осы оқиға. Жалпы, қоғамымыз табиғатты қорғауда, айналамызды таза ұстауда биіктен көрінсе екен деген тілек бар, – деп өз пікірін білдірді Экология және табиғи ресурстар министрлігі комитетінің төрағасы Ерболат Қожықов.
Дүниежүзілік тазалық күні елімізде төртінші жыл қатарынан өтіп жатыр. Осы уақытта оған 1 миллионға тарта адам қатысып, 60 мың тонна қоқыс жиналды.
Осылайша, жастар су жағасын санаулы уақытта тазартып, «Таза Қазақстанды» бірлесе құруға үлес қосты. Мұндай экологиялық акциялар туған жерге деген сүйіспеншілікті оятып, табиғатты таза сананы ұстауға үндейді деп сенеміз.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Қосшы қаласы.
![]()

