Нағыз ұстаз деген атқа лайық Ғалия

5 ҚАЗАН – МҰҒАЛІМДЕР КҮНІ

Ұстаздар күні қарсаңында жыл сайын еліміздің болашағын қалыптастырып жүрген, әр сөзінің астарында шынайы еңбек жатқан жандарды еске алғың, құрметтегің келеді. Көкшетау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің (NIS) тарих пәнінің мұғалімі Ғалия Ермұханова осындай кәсібіне адал адамдардың бірі.

Оның педагогикалық тәжірибесі отыз жылдан астам уақыт бойы жас та ойлы жандарды тәрбиелеу және білім беру ісімен тығыз байланысты.

Ғалия Ермұханова өзінің еңбек жолын 1986 жылы туған ауылында бастады. Әлі оқушы болып жүрген кездің өзінде мектебін жақсы көріп, ұстаз болуды армандаған еді. Оның алғашқы тәлімгері талапшыл әрі әділ Тамара Трофимовна болды. Бұл ұстаз жас маманды шыңдап, нағыз кәсіби педагог ету үшін көп уақытын арнады. Осы тәжірибе Ғалияның педагогикалық философиясының негізіне айналды.

2009 жылдан бастап Ғалия NIS жүйесінде қызмет атқарып келеді. Сол кезден бастап оның педагогикалық жолы жаңа қырларымен айшықталып, дами түсті. Мұғалім өз  сөзінде бұл жобаның бірегейлігін ризашылықпен атап өтеді. Мұнда ол тек дарынды балаларды оқытып қана қоймай, өзі де үздік әлемдік әдіскерлерден курстан өтіп, білім беру үдерісіне жаңа әдістерді енгізіп, үнемі жетіліп, дамумен келеді.

–Біз ең дарынды балалармен жұмыс жасаймыз, мен оларға солармен бірге дамып келе жатқаным үшін алғысымды білдіремін. Сабақтарда ойын арқылы оқытуды, жұпта және топта жұмыс жасауды, материалды өз бетімен меңгеруді көздеймін. Бұл сөз жоқ, нәтиже береді, –  дейді Ғалия Ермұханова.

Ғалия үшін жұмыс жай кәсіби қызмет емес, бар саналы өмірі. Ол ұстаздың міндеті тек білім берумен шектелмей, оқушыларды ойлауға, өз ойларын ашық білдіруге, қателесуден қорықпауға да үйрету деп есептейді. Оның сабақтары құрмет пен қолдауға толы айшығымен ерекшеленеді, әрбір оқушы өзін сенімді әрі жайлы сезінеді.

–Мен үнемі балаларға қателесуге құқың бар деп айтамын. Ең бастысы – ашық болу және үйрену. Сабақта ешкім басқаның қатесін бетіне баспайды, өйткені, ол сөйлеуге деген құлшынысты жояды, – дейді мұғалім.

Ғалия ұстаз бен пәннің арасындағы ерекше байланысты айрықша атап көрсетеді. «Ұстаз бен пән тығыз байланысты. Дұрыс ұстаздың арқасында балалар пәнге шын мәнінде ғашық бола алады. Сонда оқу міндетке емес, нағыз құмарлыққа айналады». Бұл да тәжірибелі ұстаз сөзі.

Ол үшін ең үлкен марапат – балалардың білім алуға деген ынтасы мен дамуға деген талпынысы.

–Ең жақсы марапат – балалардың сабаққа барғысы келуі, жаңа білім мен өтетін тақырыпқа құштар болуы. Бұл мен үшін табыстың ең басты көрсеткіші, – деп те өз ойымен бөліседі Ғалия.

Ғалия Ермұханова өз қызметі барысында көптеген шәкірт тәрбиелеп, олардың көпшілігі оның қолдауымен әлем тарихы бойынша ҰБТ-ны сәтті тапсырды және шетелдің жетекші университеттеріне оқуға түсті. Бұл жеңістер ол үшін ең үлкен сыйлық болды.

–Мен үшін ұстаз болу – тәлімгер болу деген сөз. Өз тәжірибеңді бөлісу, таланттарды ашуға көмектесу, мектепте жайлы орта құру. Егер ұстаз өз ісін жақсы көрсе, жұмысының рахатына бөленсе бәрі тамаша болады, – дейді ол сенімділікпен.

Кәсіптің қиындығына қарамастан, Ғалия күш-қуаты мен уақытын сүйген ісінен аямайды. Ол үшін әр оқушымен мектепте өткізген әр минут өте маңызды.

Ұстаздар күні қарсаңында Ғалия әріптестеріне денсаулық, төзімділік және өз ісінен ләззат алуды тілейді, себебі, өз ойынша, мұғалімнің табысы мен бақытты болуы осыған байланысты.

Міне, Ғалия Ермұханованың ұстаздық тарихы – өз кәсібіне шынайы берілгендік пен балаларға деген сүйіспеншіліктің үлгісі. Бәрі тез өзгеріп жатқан заманда ұстаз – жаңа ұрпақты сабырлықпен, дана сөзбен білім мен өмірге жетелейтін жан.

Серік Ақжолов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар