Ербол ЖҮСІПБЕКОВ,
Жарқайың ауданының әкімі
Биылғы жылы аудан диқандары егіншілік шаруашылығында зор жетістікке қол жеткізді. Жер емген диқандар көктемгі дала жұмыстарын сапалы өткізіп, күзгі жиын-терімді ұйымшылдықпен аяқтады. Ел ырысы гектарынан орта есеппен 15 центнерден айналып, жалпы жиналған астық көлемі 1 миллион тоннадан асып түсуінің арқасында құт қамбамыз былтырғы астық түсімінен екі жарым есеге дейін молая түсті.
Мемлекет тарапынан көрсетілген кешенді қолдау, жаңа технологиялардың енгізілуі және еңбек адамдарының қажырлы еңбегі ауданның аграрлық әлеуетін арттыра түсті. Жарқайың ауданы ең үлкен егіс алаңы бар Ақмола облысының ірі ауыл шаруашылығы өңірлерінің бірі болып табылады. Аудандағы ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егістік алқабы биыл 695,7 мың гектарды құрады. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 664 мың гектар, соның ішінде бидай 572,4 мың, арпа 90,2 мың, сұлы 1,1 мың, жемшөп 9,8 мың, жүгері 646, картоп 34, көкөністер 110 гектар аумаққа егілген еді. Сонымен бірге, майлы дақылдардың үлесі едәуір артып, 13,08 мың гектарды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Майлы дақылдар өндірісін арттыру аудан шаруашылықтарының басты басымдығының бірі. Бұл бағытта жергілікті агроқұрылымдар егіс құрылымын әртараптандырып, нарық сұранысына сай жоғары өнімді сорттарды пайдаланды.
Егін жинау жұмыстары жоғары деңгейде өткізілді. Биылғы науқан негізінен комбайнмен тікелей жинау әдісімен жүргізілді. Жиын-терімге 1 мыңнан астам техника, оның ішінде 974 астық жинайтын комбайн жұмылдырылды. Олардың 332-сі заманауи, шетелдік жоғары өнімді техникалар. Барлық ауыл шаруашылығы құрылымдары егін ору науқанына үлкен дайындықпен, зор жауапкершілікпен келді десек болады. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, диқандар егісті дер кезінде жинап үлгеріп, қабылдау пункттеріне жеткізді. Ірі шаруашылықтар науқанды ертерек аяқтап, көршілес ұжымдарға қолдау ретінде техникалары мен мамандарын жіберіп, көмек көрсетті.
Ауданымыздың ірі ауыл шаруашылығы құрылымдары ретінде 27 мыңнан астам аумаққа ақық дән сеуіп, оның әр гектарынан 19,2 центнерден өнім алған, сөйтіп, 48,9 мың тонна астық бастырған «АБС Жаркөл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін ерекше атап өтуге болады. «Дихан-4» серіктестігі 15770 гектар алқаптан 25,9 мың тонна астық бастырып, орташа өнімділігі 16,5 центнерден шықты. Сол сияқты 10,7 мың гектар жерге дән сіңірген «Темірлан» серіктестігі 16,7 мың тонна, 3 мың гектар алқапқа бидай еккен «Заңғар 2008» серіктестігі 5,1 мың тонна астық алса, шағын ғана «Альмира» шаруа қожалығы 1,8 мың гектар аумақтан 3100 тонна астық бастырып, 17 центнерден өнім алды.
Былтыр жалпы ауданда 650 мың гектар аумаққа дән себіліп, орташа өнімділік көрсеткіші 9,5 центнерден айналып, 429 мың тонна астық бастырылған болса, биылғы жылы бастырылған астық көлемі екі жарым есеге артып отыр.
Орақ науқаны кезінде аудан шаруашылықтары жанар-жағармаймен толық қамтамасыз етілді. Көктемгі және күзгі дала жұмыстарына жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Бұл орайда, диқандарға мемлекет тарапынан жеңілдетілген несиелер берілгені игі ықпалын тигізді. «Кең Дала» бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы құрылымдарынан 111 өтінім түсіп, жалпы сомасы 12 миллиард теңге несиелендіру көзі қарастырылды. Бұл қаржы шаруаларға тұқым, жанармай және тыңайтқыш сатып алып, өндірістік шығындарды уақытылы жабуға мүмкіндік берді.
Жиналған астықтың сапасы жоғары деңгейде сақталып отыр. Аудан аумағында жалпы сыйымдылығы 580,9 мың тоннаны құрайтын 8 элеватор үздіксіз жұмыс істейді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы құрылымдарында 324 мың тоннаға жуық астық қоймалары бар. Осыған орай, ауданда астық қабылдау, кептіру және сақтау ісі тұрақты жолға қойылып, бидайдың сапасын дұрыс ұстауға мүмкіндік беріп отыр. Солардың бірі «Ақ-Бидай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аталмыш элеватордың біржолғы сыйымдылық қуаты 95 мың тонна астықты құрайды. Биыл бұл кәсіпорын 98 мың тоннаға жуық астық қабылдады. Оның біразын Тәжікстан мен Өзбекстанға экспортқа жөнелтсе, әжептәуір бөлігін еліміздегі ұн тарту кәсіпорындарына жеткізді. Элеваторға мемлекет тарапынан тағы бір үлкен қолдау көрсетілді, атап айтқанда астық кептіруге арналған жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Бұл өнімді уақытында кептіріп, сапасын сақтауға мүмкіндік берді. Қазіргі таңда бұл элеватордан шамамен 30 мың тонна астық өңделіп, сұрыпталып жөнелтілді. Қоймаларында әлі 75 мың тонна бидай мен 6 мың тонна арпа сақтаулы тұр. Барлық бидайы үшінші кластық, ал, арпасы екінші кластық сортқа жатады.
Қазіргі уақытта көптеген шаруалар үшін астық өткізу мәселесі өзекті болып отыр. Өйткені, жиналған өнімнің бір бөлігі үшінші кластан төмен, яғни, төртінші, бесінші және классыз астық. Мұндай өнімді өткізу қиындық туғызуда. Осы мәселені шешу мақсатында ауданның кәсіпорындары жемдік ұн өндіретін жаңа желілерді орнату туралы шешім қабылдады. Мұндай өнімге қазіргі уақытта Қытай нарығында жоғары сұраныс бар.
Бүгін жоғарыда атап өткен серіктестік жаңа желіні монтаждауда. Бұл жобаға 68 миллион теңге инвестиция салынған. Ондағы негізгі мақсатымыз – фермерлерге өз астығын тиімді өткізуге мүмкіндік жасау. Жаңа желі іске қосылған соң, төменгі сортты астық қайта өңделіп, нарыққа сұранысқа ие жемдік өнім түрінде сатылатын болады. Бұл, өз кезегінде, шаруалар үшін қосымша табыс көзіне айналып, ауылдың, ауданның экономикасын жандандыруға септігін тигізеді.
Ауданымызда мал шаруашылығы да тұрақты дамып келеді. Қазіргі таңда кәсіпкерлер мал шаруашылығын дамытуға бағытталған 8 жоба бойынша үкіметтен берілетін қаржының екінші траншын күтуде. Мемлекеттік «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында аудан кәсіпкерлері мен фермерлері өз бизнесін дөңгелетуде. Мәселен, «Сейітғалиев» жеке кәсіпкерлігі 6,1 миллион теңге несие алып, шағын диірмен ашса, «Фурзиков» жеке кәсіпкерлігі 9,8 миллион теңге мемлекет қаржысына жиһаз цехын іске қосты.
Өсімдіктерді қорғау саласында биыл бірқатар шаралар кешені жүзеге асырылды. Аудан аумағында итальяндық прус, шегіртке және карантиндік арамшөптерге қарсы ауқымды жұмыстар жүргізілді. Бұл жұмыстар республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен қаржыландырылды және егістік жерлердің фитосанитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз етті.
Қазіргі таңда 2026 жылдың көктемгі егісіне арналған тұқым қоры толық құйылып алынды. Барлық шаруашылықтар сапалы тұқымды іріктеп, қоймаларға толық көлемде орналастырды. Күзгі жер жырту жұмыстары 105 мың гектар алқапты құрап, тыңайған жерлерді өңдеу 88 мың гектар аумақта жүргізілді.
Еңбекпен келген береке мен жердің ырысы – Жарқайың ауданының басты байлығы. 2025 жылғы егін науқанының табысты аяқталуы ауданның әлеуеті мен диқандардың кәсіби деңгейін айқындап берді. Келер жылы да жарқайыңдықтар елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен ауылдың өркендеуіне өз үлесін қоса бермекші.
![]()

