НАШАҚОРЛЫҚТАН САҚТАН!
Біріккен Ұлттар Ұйымының деректеріне сай, 2023 жылы жарияланған Дүниежүзілік есірткі баяндамасы бойынша әлемде шамамен 316 миллион адам бір жыл ішінде есірткі тұтынған.
Бұл көрсеткіш соңғы онжылдықта халық санының өсу қарқынынан да асып түсіп, есірткіні қолданудың таралуы артқанын көрсетеді. Бүгінде мұндай заңсыз нарық адам денсаулығын аяусыз халге жеткізіп отыр. Есірткі сияқты қысқа мерзімді ләззат алуға тәуелділік жаһандық тұрақсыздықты тудырады. Сол үшін осы ірі мәселемен күрес жөнінде елімізде, оның ішінде Ақмола облысында түрлі семинар өткізіліп келеді.
Мәселен, жақында ғана Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде «Біз нашақорлыққа қарсымыз!» атты форум өтті. Форумда есірткіге тәуелділіктің алдын алу жағы мен оның зияны кеңінен талқыланды. Қатысушылар қатарында студенттер, волонтерлер мен жастар ұйымдарының өкілдері және тәртіп сақшылары болды.
– Былтыр біз «Жастар рухы» ұйымымен бірге «кибержасақ» құрдық. Қазір оның құрамында 15 адам бар. Олар екі жыл қатарынан интернет кеңістігіндегі құқыққа қайшы контентті, түрлі сілтемелерді анықтау үшін бізге мониторинг жүргізуге көмектесіп жүрген белсенділер. Бүгінде олар бізге шамамен заңсыз 200 сілтемені анықтауға көмектесті, – деді Ақмола облыстық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Рәзия Құрсанова.
Әлемнің кей аймақтарында «ақ ұнтаққа қарсы» жұмыстар жандана түсуде. Батыс және Орталық Еуропа Солтүстік Америкаға қарағанда кокаинді көбірек тәркілеуде. Ал, Солтүстік Америкада есірткіге тәуелділік әлі де өзекті десек те, өлім-жітім аз. Бәрінен бұрын негізгі мәселе – жастарды есірткіге әуестендірмеу. Орташа есеппен жастар есірткіні ересектер сияқты жиі немесе одан да көп тұтынады екен. Облыста биыл есірткімен байланысты 300-дей заң бұзушылық анықталды. Оның басым бөлігі сату болса, енді бірі сақтау, өсіру және тыйым салынған заттарды жарнамалау деректері.
– Студенттердің университет қабырғасын жай ғана білім алып қана қоймай, есірткі секілді зиянды әрекеттерден бойын аулақ ұстау үшін түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жалпы жастардың салауатты өмір салтын ұстануы, болашақта өздерінің денсаулықтарына, өмірлеріне зияны тимес үшін жасалып жатқан істер болып табылады, – деп пікір білдірді Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенті Ұлдана Жүнісбек.
Зиянды ақ ұнтақты тұтыну бір бөлек те, қара нарықтың ахуалы тағы бар. Бүгінде заңсыз заттарды тасымалдау арқылы қара басының қамын күйттеген ұйымдасқан қылмыстық топтар, өкінішке орай, жұмысын әрі жалғастыруда. Дегенмен, есірткіден туындайтын трагедияларға қарағанда, оның алдын алу жеңілірек. Кездесуге арнайы шақырылған «Есбол қоры» қорының төрағасы Жандос Ақтаев есірткі қатеріне қарсы күреске бағытталған негізгі жобалармен таныстырды.
–Ғаламтор кеңістігіндегі есірткі жарнамасын автоматты түрде бұғаттайтын «Мерген» зияткерлік жүйесі іске қосулы. Жүйе 2 мыңға жуық заңсыз жарнаманы жойды. Қазір профилактикалық іс-шаралар өзектілігін жоғалтуға айналды. Жастарға ықпал ететін, олардың санасын, сыни ойлауын және ең бастысы, денсаулығын сақтау үшін жаңа, инновациялық әдістерді жаңартып, енгізу қажет, – дейді Жандос Ақтаев.
Иә, айта, айта «Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші, қандай істің дұрыс, қай істің бұрыс екендігін өзімізге және соңымыздан ерген буынға айта түсу – азаматтық борышымыз. Есірткіден, ес тандырар өзге де денсаулыққа кері әсерін тигізетін, жастардың өз болашағына өздері балта шабуына әкелетін әдеттерден аулақ жүргеніміз абзал.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

