Ел Президентінің денсаулық сақтау саласының тиімді моделін қалыптастыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, еліміздің барлық елді мекендерін фельдшерлік-акушерлік пункттермен, дәрігерлік амбулаториялармен және көлік медицинасымен қамтамасыз ету міндеті қойылған болатын. Осы бағыттағы жұмыстардың Астрахан ауданында қалай жүзеге асып жатқанын аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Гүлнәр Қуанышева кеңінен әңгімелеп берді.
Бүгінде Ақмола облысының Астрахан ауданында 20 418 адам тұрады. Оның 15 037-сі ересек тұрғындар, 711-і – жасөспірімдер, 5381-і – балалар, олардың ішінде 204-і бір жасқа толмаған балалар. Ауданда 60 төсектік аудандық аурухана, бір ауысымда 230 адам қабылдайтын емхана, алты дәрігерлік амбулатория жұмыс істейді. Олар Жалтыр, Первомайка, Петровка, Зеленое, Новочеркаск және Старый Колутон ауылдарында орналасқан.
Сонымен қатар, Камышенка ауылы мен Колутон станциясында екі фельдшерлік-акушерлік пункт, ал елді мекендерде 23 медициналық пункт халыққа қызмет көрсетуде. Бұл нысандарда білікті дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлері тұрақты жұмыс істеп отыр.
Аудан тұрғындарына, әсіресе, орталықтан алыс ауылдарда тұратын халыққа медициналық көмекті қолжетімді ету мақсатында 28 елді мекенді қамтитын жылжымалы медициналық кешен бөлінген. Бұл кешен 9890 адамға қызмет көрсетеді. Автобус сандық рентген, УДЗ, ЭКГ, зертханалық талдау жабдықтарымен қамтылған. Онда хирург, акушер-гинеколог, ЛОР-дәрігер, рентгенолог және жалпы тәжірибелік дәрігер қабылдайды. Жылжымалы кешен қауіпті ауруларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік беріп, адам өмірін сақтауға ықпал етуде. Бұған қоса, 2023 жылы патронаж қызметіне арналған қосымша жеңіл көлік берілді.
Кадр тапшылығы кезең-кезеңімен шешілуде
Медицина саласының сапасы тікелей мамандардың біліктілігіне байланысты. Осыған орай, ауданда дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлері әр бес жыл сайын міндетті түрде біліктілігін арттыру курстарынан өтеді. Сонымен қатар, түрлі семинарлар мен тренингтерге тұрақты қатысады.
Қазіргі таңда ауданда дәрігерлердің 66,7 пайызы санатты, оның ішінде 12 дәрігер – жоғары санатты. Ал, орта буын медицина қызметкерлерінің 60,4 пайызы санатты, олардың 68-і – жоғары санатты мамандар.
Дегенмен офтальмолог, акушер-гинеколог, кардиолог, ультрадыбыстық диагностика дәрігері және онколог мамандарға тапшылық бар. Бұл мәселені шешу үшін аудан әкімдігімен бірлесіп нақты жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде Астана медицина университетінде төрт студент әкімдік есебінен білім алуда, сондай-ақ, акушер-гинеколог пен УДЗ дәрігері резидентурада оқып жатыр.
Жас мамандарды тарту үшін бірқатар әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Ауданға келген жас маманға 100 АЕК көлемінде көтермеақы, ал, дәрігерлерге облыстық бюджеттен 5 миллион теңге беріледі. Тұрғын үй алу үшін аудан орталығында 2500 АЕК, ауылдарда 2000 АЕК мөлшерінде несие ұсынылады.
Ана мен бала денсаулығы – басты назарда
Ана мен бала денсаулығын сақтау – аудан медицинасының басым бағыты. Осы мақсатта аудандық емхана жанынан отбасын жоспарлау кабинеті ашылған. Мұнда репродуктивті денсаулықты қорғау, жоспарланбаған жүктіліктің, түсік пен жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу, бедеу жұптарды тексеру және емдеу жұмыстары жүргізіледі.
Мемлекет тарапынан экстракорпоральды ұрықтандыруға (ЭКҰ) квота бөлінеді. Биыл ауданға төрт квота қарастырылып, қазіргі таңда жұптарды тексеру жүргізілуде.
Жүкті әйелдерге медициналық көмек көрсету үшін перзентхана жанындағы әйелдер консультациясында бес орын бөлінген. Созылмалы ауруы бар жүкті әйелдер Астана мен Көкшетау қалаларындағы көпсалалы ауруханалар мен перинаталдық орталықтарға жіберіледі. Алғашқы буындағы медицина қызметкерлері жүкті әйелдердің жағдайын күнделікті бақылап, перинаталдық патронаж жүргізеді.
Халықтың денсаулыққа жауапкершілігі төмен
Дәрігердің айтуынша, өкінішке қарай, тұрғындардың өз денсаулығына жауапкершілігі әлі де төмен. Көптеген азаматтар скринингтер мен профилактикалық тексерулерге уақытында келмейді. Әсіресе, Астана қаласында жұмыс істеп, ауданға тек ауырған кезде ғана келетін тұрғындар арасында онкология мен туберкулездің асқынған түрлері жиі анықталады.
Сол себепті учаскелік қызметкерлер тіркелген тұрғындарды телефон арқылы шақырып, скринингтерден өтуге үнемі шақырып отырады. Ерте анықталған ауру дер кезінде емделіп, асқынудың алдын алады.
Аудандық ауруханада 60 төсектік тәулік бойғы стационар, 41 төсектік күндізгі стационар, балалар, перзентхана және инфекциялық бөлімшелер жұмыс істейді. Пациенттердің өтініштерін қарайтын пациенттерді қолдау қызметі бар. Сонымен қатар, 2023 жылдың маусымынан бастап Қоғамдық сенім комиссиясы құрылып, халықтың ұсыныс-шағымдарын тоқсан сайын талдайды. Ауруханада call-орталық пен сенім телефоны үздіксіз жұмыс істейді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тіркелмеген азаматтар көбіне медициналық көмекті кеш алады. Ал, МӘМС жүйесіне қатысушылар уақытылы скринингтерден өтіп, аурудың алдын алуға мүмкіндік алады. Сондықтан, бұл жүйе ауруды асқындырмаудың тиімді тетігі ретінде бағаланып отыр. Медбикелер ауылдық медициналық пункттерде шұғыл көмек көрсетіп, патронаж жұмыстарын жүргізеді. Алайда олардың дәрігерді толық алмастыра алмайтынын халықтың түсінуі маңызды. Негізгі жауапкершілік әрқашан дәрігердің мойнында.
Жалпы, ұлт денсаулығы – мемлекеттің ең басты байлығы. Сондықтан, әр азамат салауатты өмір салтын ұстанып, профилактикалық тексерулерден уақытылы өтіп, өз денсаулығына бейжай қарамауы тиіс. Себебі, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, адам денсаулығының 50 пайызы өмір салтына тікелей байланысты екені көрсетіледі.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Астрахан ауданы.
![]()

