Жылу электр орталығының құрылысы біртіндеп, алға жылжып келеді

ИНВЕСТИЦИЯ

Көкшетау қаласында өңірдегі ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі –жылу электр орталығын (ЖЭО) салу жобасын іске асыру жалғасуда. Аталған жоба облыс орталығын тұрақты жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етуге, сондай-ақ, оның алдағы әлеуметтік-экономикалық дамуына берік негіз қалауға бағытталған.

Жаңа жылу электр орталығы Зеренді ауданына қарасты Ақкөл ауылдық округінің әкімшілік шекарасында орналасады. ЖЭО-ның жобалық белгіленген қуаты кемінде 240 МВт электр энергиясын және 520 Гкал жылу энергиясын құрайды. Станция құрылысына арналған жер телімінің жалпы аумағы 227 гектарды, ал, күл үйіндісіне бөлінген аумақ 130 гектарды қамтиды.

Жобаның тапсырыс берушісі – «Кокшетау ЖЭО» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жоба EPC келісім-шарттық схемасы бойынша FIDIC талаптарына («Сары кітап») сәйкес жүзеге асырылуда. Жобалау, жабдықтарды жеткізу және құрылыс жұмыстары қазақстандық және халықаралық компаниялардың қатысуымен жүргізіледі. Жобаны қаржыландыру инвестордың меншікті қаражаты (20 пайыз) және облигациялар шығару арқылы тартылған қарыз қаражаты (80 пайыз) есебінен қамтамасыз етіледі.

2025 жылы ЖЭО мен күл үйіндісінің құрылысына қажетті барлық жер телімдері рәсімделіп, алдын ала инженерлік-геологиялық іздестіру жұмыстары жүргізілді, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін техникалық шарттар алынды. Құрылыс алаңы объектіні орналастыруға жарамды деп танылды.

Инвестициялардың қайтарымын қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылғы маусым айында Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен «Кокшетау ЖЭО» ЖШС арасында генерациялайтын қондырғыларды салу туралы, сондай-ақ, электр қуатының дайындық деңгейін қолдау қызметін сатып алу жөніндегі келісім-шарттар жасалды.

Қазіргі уақытта негізгі техникалық шешімдер бекітіліп, негізгі жабдықтарды шығаратын зауыттар келісілді, ЖЭО-ны жобалауға арналған тапсырма мақұлданды. Құрылыс алаңында геологиялық ұңғымаларды бұрғылау жұмыстары аяқталып, жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Сонымен қатар, сыртқы инфрақұрылым нысандарын, оның ішінде сумен жабдықтау, кәріз жүйелері, автомобиль және теміржол жолдары, жылу желілері мен электр қуатын беру жүйелерін жобалау қатар жүргізілуде.

Құрылыс алаңында бірқатар дайындық жұмыстары атқарылды: электрмен жабдықтау қамтамасыз етіліп, трансформаторлар орнатылды, тапсырыс берушінің уақытша штабының құрылымдары салынды.

Жоспарға сәйкес, 2026 жылы құрылыстың бірінші кезеңі бойынша мемлекеттік және экологиялық сараптамалардың оң қорытындыларын алу және құрылыс-монтаж жұмыстарына кірісу көзделіп отыр. Жобаны толық іске асыру 2029 жылға дейін жоспарланған.

Көкшетау қаласында ЖЭО салу өңір үшін стратегиялық маңызы бар нысан болып табылады. Жоба энергиямен жабдықтаудың сенімділігін арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға және қалалық инфрақұрылымның ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ы.ШАМШИЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар