ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев және басқа да мемлекеттік органдардың басшыларының қатысуымен елорда мен оған іргелес өңірлерде экопарктерді ұйымдастыру мәселелеріне арналған кеңес өтті деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Астананың 2035 жылға дейінгі бекітілген Бас жоспарында елорда аумағының жартысынан астамын көгалдандыру көзделген. Бұл қаланың жалпы аумағы 79,7 мың гектар болса, соның 42 мың гектарын құрайды. Соңғы жылдары елордада жасыл желектерді отырғызу жұмыстары белсенді жүргізіліп, парк кластерлері қалыптасуда.
Мемлекет басшысының ірі қалалардың маңындағы аймақтарда экопарктер құру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Астананың Бас жоспар бойынша бірқатар ұсыныстар әзірленген. онда мәселен, экопарктердің мынадай 3 түрін бөлу ұсынылады.
Күнделікті рекреация экопарктері – қала аумағында орналасқан, 30 минут ішінде жетуге болатын, жыл бойы пайдаланылатын тартылыс нүктелері; Демалыс күндеріне арналған парктер – елорда шекарасына жақын, қала маңындағы аймақта орналасқан, 30–60 минутта жетуге болатын, отбасылық демалыс аймақтары, визит-орталықтар және тұрғын үйді жалға беру мүмкіндігі бар; Экотуризм аумақтары – Ақмола облысының аумағында да орналасқан, 60–90 минутта жетуге болатын және экотуризмді дамытуға мүмкіндік беретін аймақтар.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов атап өткеніндей, өңір туризмнің барлық дерлік түрлерін дамытуға перспективалы аймақтардың бірі болып табылады. «Бурабай», «Көкшетау», «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи парктерінің, сондай-ақ, Қорғалжын қорығының болуы, әсіресе, ішкі туризм үшін демалыс пен бос уақытты ұйымдастыруға үлкен мүмкіндіктер береді. Елдің басты курорты Бурабайға жыл сайын 1,5 миллионға дейін адам келеді, олардың шамамен 60 пайызын елорда тұрғындары құрайды.
– Мемлекет басшысының елорда айналасында экопарктер құру және Бурабай курортына түсетін рекреациялық жүктемені азайту жөніндегі тапсырмасы аясында Астана маңында экопарктерге арналған нақты балама локациялар айқындалды. Олар Ақкөл, Аршалы және Целиноград аудандарында, сондай-ақ, Қосшы қаласында орналасқан. Елорда маңындағы аумақтың табиғи ресурстарының алуан түрлілігі экологиялық, спорттық және агротуризм сияқты туризм түрлерін жыл бойы дамытуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
– Қала шегіндегі күнделікті рекреация экопарктері – ең алдымен, бұл «Астананың жасыл белдеуі» аумақтары. Жасыл белдеу жобасы аясында қалыптасқан орман алқаптары жоғары экологиялық тұрақтылыққа ие және қазірдің өзінде табиғатты қорғау функцияларын атқаруда. Бұл аумақтарды экосоқпақтары, серуендеу маршруттары, веложолдары бар орман экопаркі ретінде пайдаланған орынды. Сондай-ақ, қалада Кіші Талдыкөл аумағында экопарк құру жоспарлануда. Жоба табиғи ландшафтты сақтауға және қалалық рекреацияны дамытуға бағытталған. Бұл бағытта іске асыру жұмыстары басталып та кетті. №5 учаске бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу аяқталу сатысында, алдағы уақытта №7 учаске бойынша да осындай жұмыстар ұйымдастырылады, – деді «Астанагенплан» ғылыми-зерттеу жобалау институты» ЖШС-інің бас директоры Руслан Жақыпов.
Екінші мәселе – демалыс күндеріне арналған парктер бойынша қала аумағы мен Целиноград ауданының арасында, Майбалық көлі мен контрреттегіштің арасында орналасқан аумақта экопарк құру ұсынылады.
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек өз сөзінде қаланың қарқынды дамып, халық саны өсіп жатқанын атап өтті.
– Қала тұрғындары мен қонақтары үшін қолжетімді, экологиялық таза демалыс аймақтарын құру – маңызды міндет. Жыл сайын шамамен 170 аула және қоғамдық кеңістік, соның ішінде парктер, скверлер, бульварлар абаттандырылады. Қаланы көгалдандыруға ерекше көңіл бөлудеміз. Жыл сайын 1 миллион түп жасыл желек отырғызамыз. Ақмола облысымен бірлесіп, қала сыртында экопарктерді кеңейту және жаңаларын құру бағытында жұмыс істейтін боламыз, – деді ол өз сөзінде.
Ақмола облысының туризм басқармасының басшысы Андрей Подгурский өңірде қолданыстағы демалыс аймақтары базасында экопарктер құруға жақсы перспективалар бар екенін жеткізді. Бұл аймақтар табиғат аясында серуендеуге, пикник, спорттық және балалар алаңдарын, экосоқпақтар құруға, сондай-ақ, басқа да мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізуге өте ыңғайлы. Сонымен қатар, Целиноград және Аршалы аудандарында үш жаңа экопарк құру жоспарланып отыр.
Осының бәрі, егер жоспарда көрсетілгеніндей іске асырылса, елордамыз бен оған іргелес өңірлердің экотуристік тартымдылығын арттырып, бұл саланы сапалы деңгейге көтеругеигі ықпалын тигізетіндігі анық.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

