Ұрпақ болашағына салынған сенімді инвестиция

2024 жылдан бастап елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Ұлттық қор – балаларға» ауқымды жобасы іске қосылды. Бұл – ел тарихында ұлттық байлықтың тікелей халық игілігіне, әсіресе, өскелең ұрпаққа бағытталған бірегей қадам болып отыр. Президенттің бұл бастамасы белгіленген уақытта іске асырылып, Қазақстан азаматтары болып саналатын 18 жасқа дейінгі барлық балаларды қамтып келеді.

Мемлекет басшысы өзінің 2022 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында «Балалар жылы аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шешіп алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады», – деп атап көрсете келе, бұл жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жүзеге асыруды тапсырған болатын.

Тұңғыш рет 2024 жылдың 1 ақпанында Ұлттық қордан алғашқы қаржы аударылды. Республика бойынша аталған бағдарламаға алғашқыда 6 919 131 бала ілігіп, олардың барлығына бірдей 100 АҚШ доллары 52 цент мөлшеріндегі сома түсті. Одан кейінгі жылдары Ұлттық қордың өсуі мен инвестициялық кіріс есебінен аталған сома ұлғайып отырады делінген еді. Сөйтіп, 2025 жылы әр балаға 129 доллар, 38 центтен есептеліп, екі жыл ішінде балалар шотына 232,94 доллардан аударылды.

Мамандардың айтуынша, биыл бағдарлама қатысушылары ретінде 2008 жылдың 1 қаңтары мен 2025 жылдың 31 желтоқсаны аралығында  дүниеге келген балалар енгізілген. Әрбір баланың шотына аударылған қаражатты ата-аналар egov.kz порталындағы Жеке кабинетінен көре алады.

– Егер бала қандай да бір себептермен бағдарлама қатысушыларының тізіміне енбесе, балалардың заңды өкілдері мынадай құжаттар мен деректерді тексерулері тиіс. Мәселен, балада жеке басын куәландыратын туу туралы куәлігі немесе 16 жастан асқан болса, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі болуы тиіс. Жеке басын куәландыратын құжатта деректер, яғни, тегі, аты, әкесінің аты, туған күні, ЖСН, азаматтығы дұрыс көрсетілуі қажет. «Электронды үкімет» веб-порталындағы «Цифрлық құжаттарда» Отбасы бөлімінде өзінің жеке кабинетінде балалары туралы мәліметтер болуы қажет, болмаса оны дұрыс тіркеу қажет. Ал, егер балаңызда жеке басын куәландыратын құжат, ЖСН болмаса, тұрғылықты жері бойынша «Халыққа қызмет көрсету орталығы» мемлекеттік корпорациясына жүгіну керек. Егер баланың азаматтығы жоқ болса немесе ол анықталмаған және дұрыс көрсетілмеген болса, тұрғылықты жері бойынша көші-қон қызметіне хабарласқан абзал, – дейді «Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қоры» акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалының мамандары.

Сондай-ақ, қор ақпаратына сүйенсек, 2026 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 2024 жылғы 1 ақпаннан бастап «БЖЗҚ» акционерлік қоғамы нысаналы жинақ алу бойынша 205 505 өтінішті орындаған. Жалпы сомасы 31,61 миллион АҚШ долларынан астам қаражат уәкілетті операторларға аударылған. Олар өз кезегінде қаражатты 18 жасқа толған өтініш беруші азаматтардың банктік шоттарына аударған. Оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында 19,69 миллион АҚШ долларына 127 445 өтініш, білім беру ақысын төлеу үшін 11,92 миллион АҚШ долларына 78 060 өтініш қанағаттандырылған.

Естеріңізге сала кетейік, нысаналы жинақтарды алушы барлық соманы немесе оның бір бөлігін ғана пайдалануға құқылы, пайдаланылмаған сома нысаналы жинақтау шотында қалады.

Тұрғын үйді жақсартуға арналған қаражатты пайдаланудың ең танымал қосалқы мақсаттары және одан әрі жинақтауға тұрғын үй құрылысы жинақтарындағы салымды толықтыру үшін 19,27 миллион АҚШ долларына 124 490 өтініш орындалса, тұрғын үй сатып алу –  ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарнаны енгізу – 145,39 мың АҚШ долларына 999 өтініш, азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу (түпкілікті есеп айырысу) – 108,64 мың АҚШ долларына 757 өтініш орындалған.

Білім беру ақысын төлеу шеңберіндегі ең танымал қосалқы мақсаттар: Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен немесе толық көлемде бір мезгілде бүкіл оқу мерзімі үшін ақы төлеу бойынша 11,03 миллион АҚШ долларына 71 025 өтініш орындалды, білім беруге жинақтау салымы туралы шарт бойынша білім беруге жинақтау салымын толықтыру үшін 608,47 мың АҚШ долларына 4 933 өтініш орындалды, ал, шетелдік білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін немесе толық көлемде біржолғы бүкіл оқу мерзімі үшін ақы төлеуге 228,32 мың АҚШ долларына 1 706 өтініш орындалып, төлемдер жасалған екен.

Нысаналы жинақтарды тұрғын үй жағдайларын жақсарту және білім алуға ақы төлеу мақсатында төлеу туралы уәкілетті операторлар мен өңірлер бөлінісіндегі толық ақпаратпен enpf.kz сайтында танысуға болады.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар