Жыл басынан бері өңірде 900-ден астам интернет-алаяқтық оқиғасы орын алған. Бұл туралы Ақмола облыстық полиция департаментінің киберқылмыстың алдын алу басқармасының аға жедел уәкілі Бекзат Назарова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Зардап шегушілердің қатарында мемлекеттік қызметшілер мен ұстаздардан бастап, жұмыссыз жандарға дейін бар.
Жалпы, бүгінде интернет-алаяқтық қоғамдағы ең өзекті мәселелердің біріне айналып отырғаны белгілі. Ақмола облысында бұл мәселенің алдын алу бағытында қаншама шаралар қабылданып жатқанымен, зардап шегушілер саны артып келеді. Бекзат Назарованың мәлімдеуінше, жыл басынан бері өңірде 964 интернет-алаяқтық оқиғасы орын алыпты.
– Технология дамыған сайын алаяқтардың да айласы артып келеді. Азаматтардың тым сенгіштігі қылмыскерлер үшін «оңай олжаға» айналуда. Көбіне алаяқтар өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, адамды үрейлендіру арқылы жеке мәліметтерін иемденеді. Бұл схемада «дропперлердің» рөлі ерекше. Оңай табысқа қызығып, картасын біреуге бере салған жастар өздерінің қылмыстық топтың сыбайласына айналғанын байқамай қалады. Есіңізде болсын, заң алдында жауапкершілік қатаң. Ақпараттық сауаттылық – сіз бен біздің басты қауіпсіздігіміз. Күмәнді қоңырауларға жауап бермеу және цифрлық құпияны сақтау ғана қаржыңызды аман алып қалады, – деді брифинг барысында Бекзат Ағиыққызы.
Естеріңізге сала кетейік, алаяқтардың ақшасын қолма-қол ақшаға айналдыруға көмектесетін делдалдар, яғни, дропперлер үшін жауапкершілік күшейтілген. Енді өз картасын үшінші тұлғаларға берген азаматтар 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Мамандар алаяқтықтан қорғанудың ең тиімді жолы ретінде «eGov Mobile» арқылы несие алуға ерікті түрде тыйым салу қызметін қосуды ұсынады. Бұл мүмкіндік алаяқтардың азаматтың атына заңсыз несие рәсімдеуіне жол бермейді.
Жалпы, сарапшылардың пікірінше, интернет-алаяқтықпен күресте ең тиімді құрал – ақпараттану мен сақтық амалдары. Азаматтар цифрлық қауіпсіздік ережелерін біліп, күмәнді ұсыныстардан аулақ болған жағдайда ғана өздерін қаржылық шығыннан қорғай алады.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

