СЕССИЯ
Сегізінші шақырылған Ақмола облыстық мәслихатының кезекті жиырма жетінші сессиясында қаралған коммуналдық тарифтерді көтеру және ауылдық жерлерге жұмысқа жолданған жас дәрігерлерді қаржылай қолдау мәселелері депутаттар арасында қызу талқыға түсті.
Сессияға облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов қатысып, облыстық мәслихаттың төрағасы Бейбіт Жүсіпов төрағалық етті.
Сессияның күн тәртібіне сәйкес, алдымен Ақмола облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ібікенов «Ақмола облысының 2026-2030 жылдарға арналған даму жоспарын бекіту туралы» Ақмола облыстық мәслихатының 2025 жылғы 10 желтоқсандағы №8С-24-4 шешіміне өзгеріс енгізу туралы» ұсыныспен шығып, ол депутаттар тарапынан бірден қолдау тапты.
Ал, Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бақтыбек Жапаевтың Ақмола облысының сумен жабдықтау жүйелерінен берілген ауыз судың бір текше метріне төлемақы мөлшерін бекіту туралы хабарламасынан кейін депутат Айдын Төребаев Қосшы қаласындағы судың сапасын айтып, тарифті көтеру туралы бұл ұсынысқа түбегейлі қарсы екендігін білдірді. Халық қалаулысының айтуынша, қосшылықтар тұтынып отырған ауыз судың сапасы сын көтермейді. Ол қала тұрғындары сапасыз суға артық ақша төлемейтіндігін кесіп айтты. Басқарма басшылығы қызметті сапалы ету үшін де қаржы қажет екендігін тілге тиек етіп, ақталды. Десе де, алған бетінен қайтпаған Айдын Бертісбайұлы мәслихат сессиясына ұсынылған бұл ұсыныстан және шығарылатын шешімнен Қосшы қаласын алғызып тастады. Енді Қосшы қаласындағы судың сапасы түзелмей, ауыз суға төленетін төлемақы тарифі көтерілмейді.
Мәслихат депутаттарының ауыз судың төлемақысын көтеру туралы шешіміне сәйкес ақмолалықтар ендігі арада жаңа есептеу әдістемесінің ережелері ескеріле отырып, ауыз судың бір текше метрі үшін бір адамға тәулігіне 140 литрлік тұтыну нормативі шегінде 120 теңге, белгіленген нормативтен асқан жағдайда 1,3 коэффициентін қолдану арқылы 156 теңге төлейтін болады. Дегенмен, Премьер-Министрдің тапсырмасын орындау мақсатында тарифті көтеру 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін уақытша тоқтатылған. Осыған байланысты, ағымдағы жылдың 1 сәуіріне дейін сумен жабдықтау қызметтеріне ақы төлеу бұрынғы бекітілген мөлшерде жүргізіледі. Ал, 1 сәуірден бастап, халық жоғары тарифпен төлейтін болады.
– Бұл шешімнің қабылдануы сумен жабдықтау кәсіпорындарының жұмысын нығайтуға, сондай-ақ, тұтынушылар мен қызмет көрсетушілер арасындағы мүдделер теңгерімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, –деді өз сөзінде Бақтыбек Жапаев.
Бұдан әрі Ақмола облысының ауылдық елді мекендеріне, кенттеріне, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларына жұмыс істеуге жіберілген медициналық және фармацевтикалық қызметкерлерге бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік қолдау көрсетудің тәртібі мен мөлшерін айқындау туралы мәселе де кеңінен талқыланды. Былтырдан бері жиі айтылып жүргеніндей әрі облыс әкімі Марат Ахметжанов халықпен есепті кездесулерінде бірнеше мәрте атап өткеніндей, облыс аумағындағы ауылдық елді мекендерге келген жас мамандарға 5 миллион теңгеден 8 миллион теңгеге дейін, ал, облыстық маңызы бар қалалар мен аудан орталықтарына барған дәрігерлерге 2,5 миллион теңгеден 5 миллион теңгеге дейін материалдық қолдау көрсету бойынша шешім шығарылған. Алайда, мәслихат депутаты, Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының директоры Нұрлан Жаровтың айтуынша, былтыр облысқа келген 135 жас маманға бұл материалдық көмек берілмеген, яғни, тиісті басқарма тарапынан бұл жұмыс орындалмаған.
– Қазіргідей кадр тапшылығы кезінде «қаржылық қолдау бойынша көмек көрсетеміз, жағдайларыңызды жасаймыз» деп, республиканың әр түкпірінен шақырып алған дәрігерлерді алдап соққандай болмауымыз керек. Олар осы материалдық қолдауға сеніп келді. Біз медициналық оқу орындарына вакансиялар ұсынғанда да, осы материалдық көмекті тайға таңба басқандай етіп көрсетіп қойдық. Сондықтан, бұл мәселені басқарма уақытында шешуі тиіс. Оның үстіне облыстық мәслихаттың шығарған шешімі бар, – дей келіп, Нұрлан Қайырұлы облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұл бағыттағы жұмысын сынға алды.
Аталмыш басқарманың басшысы Нариман Ермек айтылған сын-ескертпелерді қабылдап, шынымен, былтыр ведомство тарапынан бірқатар көзделген жұмыстар сәтсіз аяқталғанын мойындап, биылғы жылы осы 135 маманға тиісті материалдық көмекті төлеуге қаржы қарастырылатынына сөз берді.
Сессияда одан әрі «Қосшы қаласында 1500 орындық жалпы білім беретін мектеп салу» мемлекеттік инвестициялық жобасы бойынша мемлекеттік міндеттемелер қабылдау туралы мәселе және бірқатар мәслихат шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен түзетулер бойынша ұсыныстар қаралып, депутаттар тарапынан қолдау тапты.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

