БӘРЕКЕЛДІ!
Қазақ елінің былғары қолғап шеберлері Моңғолияның астанасы Ұланбатыр қаласында өткен World Boxing аясындағы 2026 жылғы Азия чемпионатында жалпыкомандалық бірінші орынды жеңіп алды.
Біздің құрама негізгі қарсыластары саналатын Индия және Өзбекстан құрамаларын артта қалдырып, 6 алтын, 2 күміс, 5 қоламен жеңіс тұғырына көтерілді. Жалпы, Азияның барлық дерлік мемлекеттері қатысқан байрақты бәсекеде 10 елдің ерлер және әйелдер құрамалары қоржындарына медаль салды.
Соның ішінде біздің әйелдер құрамасы да жүлделер саны жағынан екінші орында тұрақтады. Ал, жалпы биылғы Азия чемпионатында Қазақстанның мерейі үстем болып, бүгінгі таңда әлемде ең мықты бокс мектебі саналатын өзбек ағайындардан жалпыкомандалық есепте басым түсуі мамандар тарапынан үлкен бағасын алып жатқаны заңды.
Міне, осынау зор табысқа көкшетаулық былғары қолғап шебері Оразбек Асылқұловтың қосқан үлесі бір төбе. Ол 60 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, ақтық бәсекеге дейін филиппин, жапон және өзбек боксшыларын қапы қалдырды. Ал, финалда үндістандық Сачин Сачинмен қолғап түйістіріп, 3:2 есебімен Азия чемпионы атанды.
Бұл 2025 жылы IBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағына да ие болған жерлесіміздің одан бері де нағыз спорттық бабында екендігін көрсететін үлкен жетістік. Бокста әлемдік биікті бағындырып, енді Азия құрылығының да үздік былғары қолғап шебері атанып отырған Оразбекке алдағы уақытта Олимпиада шыңын да бағындыруына тілектестігімізді білдіреміз.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
сурет qazsport.kz сайтынан.
![]()

